ӘлеуметИмантаразы

Ақиқат дінді ғана насихаттайық

Рамазан айы басталғанда осы Астанадағы өзім жақсы аға тұтатын азамат, көп жыл орта мектепте ұстаздық еткен ҚР Халыққа білім беру ісінің озық қызметкері Тілеубек Ысқақовпен жолығып қалдым. Амандық-саулық сұрасқан соң әңгімеміз ұлтымыздың діни әдет-ғұрыпты ұстану жағына ойысты. Биыл жетпістің жотасына мінген, көпті көріп, көпті білген азаматтың бір нәрсеге күйіп-пісіп тұрғанын байқадым. Оның мінезі танысқан уақытымнан маған белгілі. Қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға, әдеби-мәдени өмірдегі жаңалықтарға сергек қарайтын адам. «Аға, не болды?» деп сұраған едім, іштегі күйінішін жасырмай, ақтарып салды. Содан ағамның әңгімесіне құлақ түрдім. 

664481274

«Мұхаммед пайғамбарымыздан кейін дін тізгіні артында қалған төрт халифасының қолында болады» дегенді бір жерден оқығаным бар. «Төрт халифам өткеннен кейін дін бұзылады» деген де екен Мұхаммед (с.ғ.с.). Қазір сондай жағдай болып тұр-ау.
Өткен ғасырдың басында Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының:
Бұл күндегі діндердің бәрі нашар,
Ешбірі түзу емес көңіл ашар.
Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді,
Тексерсең ойың түгіл, жаның сасар, – деп қинала жырлап өткені де бар» деп бастады әңгімесін зерделі азамат. Одан кейін осыған қатысты басынан өткен жағдайды баян етті.
«Марқұм болған бір ағамыздың құдайы асында отырмыз. Ас тізгінін «бас-басына би болған өңкей қиқымдардың» қолына берілгенін көріп, абдырап қалдым. Өз басым бұл пірәдәрларды білетін едім. Діни білімдері жоққа тән, өз бетімен үзіп-жұлып бірдеңелерді оқыған-мыстар. Өздері «ауыздағы сөз берместердің» өзі. Жаттап алғандарын оқыған болады. Бір қызығы, асқа батаны да осылар берді. Көрші дастарқанда сексеннің мол ішінде, ел-аймағына сыйлы болған, кезінде облыс, аудан көлемінде қызметте болған ел ағалары отырған. Ақсақалдар жабырқау күйде үнсіз-түнсіз отыра берді. Не істесін, «Бата берейік» деп сұрап алмайды ғой. Ал өзім аң-таң болып отыра бердім. Білімсіздердің білместігі екенін де түсініп отырмын.
Құран – ғылымның түп атасы. Әлемнің азуын айға білеген небір айтулы ғалымдары осыны мойындап отыр. Кезінде неміс халқының ұлы ақыны Гете: «Адамзат өмір – бақи Мұхаммед пайғамбарға борышкер» деп жазып та кеткен. Бала кезімізде «жер астына түсіп, дін оқуын жеті жыл оқыпты» дегенді де естуші едік.
Біле білген адамға медресе оқуының өзі төрт сатыдан тұратыны белгілі. Ең жоғарғы сатысы – «Ғалия». Кезінде Уфаның осы «Ғалия» медресесінде қазақтың нелер бір тұлғалары оқымап па еді? Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев сынды марғасқаларды атасақ та жеткілікті болар. Ендеше, дінге «ұста» боламын дегендер оны қолжаулыққа айналдырмай, аяқты аңдып басулары керек» деген ағам тағы бір әңгіменің шетін шығарды.
«Жаназа намазында тұрмыз. Жаңағы­дай молдасымақтың біреуі тасбиық тартудың орнына саусақтарын бүгіп, санамалап тұрды. Мейлі күл, мейлі жыла. Ең сорақысы, мәйітті жер бесікке тапсырғаннан кейін болды. Дұғаны оқып болған соң «Тағы кім оқиды?» деп жиналғандарға оқты көзін қадаумен болды. Айналадан үн шықпаған соң: «Әй, не деген ұяттарың жоқ адамсыңдар. Неужели, бір дұға білмейсіңдер!» деп көпшілікке дүрсе қоя берсін. Осыдан кейін жастарды басқа діндерге кетіп жатыр деп байбалам саламыз.
Құдайы аста да, жаназа намазында да жаңағыдай көріністерге қарның ашады. Әсіресе, құдайы аста бірінен бірі оза шауып, жарыса құран оқитындар көбейіп кетті. Жасыратын несі бар: көкейлерін тескені оралған орамалдың ішіндегісі…
Бұларға не дейсің, әңгіме бастасаң, дау туады, әрі әруаққа обал. Тіліңді тістемеске амал жоқ.
Пайғамбарымыз айтыпты дейді, бір жазбаны оқып отырсам: «Ақырдың алдында менің дінім 73-ке бөлінеді, оның біреуі ғана ақиқат». Сол ақиқатты ғана насихаттайтын молдалар көбейсе екен» деп аяқтады Тілеубек аға әңгімесін. Біз де осы тілекке үнсіз қосылдық.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button