ЖаңалықтарҚала тіршілігі

АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН

K1eIr9ydcGDv335Eiw8UaQ33V7MzvR

Мен – Астана қаласының байырғы тұрғынымын. Осы қалада тұрып жатқаныма жарты ғасырдан асып жығылды.  Халқымыз «елу жылда ел жаңа» деп жатады ғой. Дәл айтылған сөз. Бұдан 18 жыл бұрын ғана Ақмола көшелері тар, шағын шаһар болатын. Сол кезде, әрине, осындай қала кейін елдің астанасына айналады деген ой ешкімнің өңі түгілі түсіне кірмегені анық. Еліміздің астанасы осында көшірілгенде, алғашқы көшті қарсы алушылардың қатарында болып, сол уақиғаны өз көзімізбен көрген едік.

Кейін ол өмірімдегі елеулі естеліктердің біріне айналатынын ойламаппын.
Бұл 1997 жылдың 10 желтоқсаны болатын. Осы күні Алматыдан салтанатты жағдайда мемлекеттік штандарттар әкелінді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы күннен бастап Ақмола еліміздің астанасы болатынын жариялады. Сол күні біздер үшін қалыпты аязды күндердің бірі болғанымен, Алматы сияқты ауа райы жылы қаладан келгендерге нағыз үскірік аяздай көрінгені білінді. Алайда, көп ұзамай-ақ, осы жақтың климатына сай, жаңа заман талабымен салынған әсем де, жылы ғимараттар, көркі көз тартатын тұрғын үйлер, жайлы қоныстар жылылығымен баурап, көпшілікті бауырына тартты. Соның арқасында көп ұзамай, көшіп келгендердің бәрі де бұл жақтың қысына да үйреніп кетті ғой.
Астанада қазіргі уақытта қандай сәулетті ғимараттар бар, соның бәрі біздің көз алдымызда бой көтерді. Бір кездері Елбасымыздың ел астанасын Ақмолаға көшіру жөніндегі бастамасына қарсылық білдіргендер де болып, олардың кейін сәулетті елордамыздың көркіне қалай бас игеніне де куә болдық. Өйткені, қазіргі Астана – әлемдегі бірегей қалалардың бірі. Менің өзіме елордамыздың бір жүйемен, ыңғайлы да кең, сәулетті салынған келбеті қатты ұнайды. Қазіргі уақытта Астананың ішінде қаншама саябақтар мен гүлзарлар бар. Бұл қала тұрғындары үшін кешкілік серуендеуіне, табиғат аясына жақын болуына өте қолайлы. Бас жоспарымызда Астанамыздың табиғатпен үндестігін сақтауға баса мән берілгені де үлкен ұтымдылық болғанын айта кету керек.
Былай қарасаңыз, 17 жыл тарих үшін онша көп уақыт емес. Тіпті, жаңа қаланың құрылу тарихы үшін де тым аз уақыт. Бірақ, соған қарамастан, әлемдік деңгейге тез көтерілген жас астанамызда қаншама маңызды шаралар өтті. Мен бұл жерде әлемдік деңгейдегі үлкен маңызды шараларды айтып отырмын. Бірнеше мәрте өткен әлемдік дәстүрлі діндер съездері, ОБСЕ саммиті, халықаралық экономикалық форумдар, Азиада – 2011 ойындары елордамыздың әлемге танымалдылығын арттыра түсті. Шетелден келген көптеген мәртебелі меймандардың қаламызға деген сүйіспеншілікке толы жылы лебіздері де біздің жүрегімізде сақталып қалды. Елордамызға берілген жоғары бағалар біздің де мәртебемізді биіктетті. Астана – ұлттың рухын көтерген, халық ретінде әлемдегі беделімізді арттырған қала.
Астанамыздың тағы бір үлкен жетістігі – әлемдегі ең айтулы «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу мәртебесіне ие болуы. Қазір көрмеге байланысты дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл шараны өткізу бір жағынан мәртебе болғанымен, екінші жағынан елдігімізге сын да болмақ. Осы көрмені ұйымдастыру арқылы біздің мемлекеттің қуаттылығы мен тұрақтылығы, Астанамыздың сәулеті мен дәулеті әлем қоғамдастығына жаңа қырынан таныла түседі. Өйткені, ЭКСПО көрмесін өткізу мәртебесіне көшбасшы елдер ғана ие болған. Олай болса, осы халықаралық шараны жақсы өтуіне астаналықтардың баршасы өзінше тілеуқор болуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, бұл – біздің бас қаламыз, еліміздің жүрегі болып соғып тұрған елордамыз.

Қабыкен ЗАКАРИЯНОВ,
«Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» бірлестігінің төрағасы, еңбек ардагері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button