Ақиық ақынға арналды
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/mwkagali-780x470.jpg)
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Қазағым-ай» атты музыкалық-поэзиялық кеш өткізді.
Концерттік бағдарламада көрермендер «Қазақконцерт» әртістері мен шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалай алды. Кеш шымылдығы ақынның таспаға жазылып алынып, өз дауысымен оқыған «Пай-пай өмір» өлеңімен ашылды. Ақынның өлеңдеріне жазылған Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұхамеджанов, Дәнеш Рақышев, Болат Есмұханов, Әбиірбек Тінәлі сынды танымал композиторлардың әндері шырқалды. Атап айтқанда, «Айтатын саған сырым бұл», «Отан», «Есіңе мені алғайсың», «Сәби болғым келеді», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Күрең күз», «Саған қарай барады ұшып», «Жарығым-ай» және т.б. халыққа таныс әндер орындалып, лирикалық өлеңдері оқылды. Кеш соңы ақынның «Қазағым-ай» өлеңіне жазылған танымал композитор Тұрсынғазы Рақымовтың әнімен жабылды.
Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Азамат Жылтыркөзов, Нұрболат Арзамасұлы, Гүлсім Мырзабекова, Мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Ерболат Шалдыбеков, Айзада Қапонова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмадиев, Асқар Мұқият, Азат Мәлік, Аяулым Қамажан, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Алтыншаш Мұқатаева, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Біржан Айтахмет, Сұлтан Ахмет, Ербол Тәжібаев, Айдос Саниязбек, Амин ИбраҺим, Анна Уварова және «Бірлік» би ансамблі өнер көрсетті.