
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы еліміз бойынша кеңінен аталып өтуде. Аға ұрпақтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды және әрдайым ел есінде. Ең бастысы ол жастар үшін үлгі-өнеге болуға тиіс. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, отставкадағы полковник Манас Мағұлов Астана қаласында оқитын студент жастармен кездесулерінде үнемі осыны айтудан жалыққан емес. Өйткені өзінің әкесі Бадыхан Волхов, Ленинград майдандарында соғысып, Берлинге дейін жеткен саяси жетекші болатын.
Манас Бадыханұлы да мектепті бітіргеннен кейін әке жолын қуып, классиктің сөзін сәл өзгертіп айтсақ, «сарбаз жанының инженері» – саяси қызметкер атанды. Новосибирск жоғары әскери-саяси жалпы әскери училищесін және Мәскеудегі әскери-саяси академиясын «үздік» деген бағамен бітіріп, ротадан дивизияға дейінгі барлық әскери кәсіби лауазымнан табысты өтті. Қызметін әскердің барлық түрінде – мотоатқыш, инженер, танк, құрылыс және әуе-десанты қатарында Қазақстанда, Ресейде, Польшада, Түрікменстанда, Тәжікстанда және Қырғызстанда атқарды.
Қазақстан егемендік алғаннан кейін ол ішкі әскерлерде саяси, штабтық және командалық лауазымдарда қызметке жіберілді. Жалпы алғанда, полковник М.Мағұлов ішкі әскерлерде шамамен 10 жыл қызмет етті, оның 6 жылы командалық лауазымдарда – Ақтөбеде полк командирі және Ақмола (кейін Астана) қалаларында бригада командирі болды. Біз қызметтің осы кезеңдеріне толығырақ тоқталғымыз келеді.
Командалық кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты ол Ақтөбе қаласындағы күзет полкінің командирі болып тағайындалды. Полк сол тұста артта қалғандардың қатарынан еді. Әскери бөлімді өз бетімен тастап кеткендердің саны 100 адамнан асатын. Айта кету керек, 1995 жылдың қаңтарында Ақтөбеге келген кезінде қыс қатты болды, ал полкте көптеген ғимарат – монша, тыл штабы, гауптвахта, солдат асханасының бір бөлігі жылытылмаған болатын. Бір айдың ішінде барлық жерге жылу жүргізілді, содан кейін солдат клубы, қарауыл үйі, медсанчасть, офицерлер асханасы және басқа да ғимараттар жөнделді. Адамдардың көңіл күйі көтерілді, қызметке деген қызығушылық пайда болды, өз бетімен бөлімді тастап кеткендердің саны бес есеге азайды.
Жаңа командирдің осындай ынта-жігерін көрген қала әкімдігі мен облыстық ІІД басшылығы да полкке бет бұра бастады. Көптеген мәселе өзара келісім бойынша еш қиындықсыз шешіліп жатты. Алайда Манас Мағұлов мұнда ұзақ тұрақтаған жоқ, 1995 жылдың мамырында мерзімінен бұрын полковник шені берілген соң, Ақмола қаласына генерал лауазымына – ішкі әскерлердің дербес бригадасына қолбасшылыққа жіберіледі. Жаңа жердегі жұмыс ауқымы өте кең еді, енді оның міндетіне көптеген колонияны күзету, 3 облыс аумағында құқықтық тәртіпті сақтау кірді.
Полковник Мағұловтың Ақмола ішкі әскерлер бригадасын басқарған кезі, расында, оңай болған жоқ. Бұл 90-жылдардағы өте күрделі кезең еді, ол уақытта әскерлерде орталықтандырылған жабдықтау жүйесі болмады, киім-кешек, жанармай, техникаға қосалқы бөлшектер жетіспеді, тіпті сарбаздарды тамақтандыру мәселесі де үлкен қиындықпен шешілді. Қандай да бір мәселені шешу үшін әртүрлі басшылардың қабылдау бөлмесінде қанша уақыт отыруға мәжбүр болғанын өзінен басқа ешкім білмейді. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, жоспарлы іс-шаралар белгіленген уақытта өтті, жауынгерлік дайындық ешқашан бұзылған емес.
Манас Бадыханұлы бригаданы басқарған уақытта тәжік-ауған шекарасына екі рет арнайы рота жіберілді және екі жағдайда да әскери қызметшілер басшылықтың жоғары бағасын алып, үйіне шығынсыз оралды.
Қазақстан Республикасының жоғары және орталық органдарының Алматыдан Ақмолаға қоныс аударуы кезіндегі бригаданың жеке құрамының рөлін ерекше атап өткен жөн. Ол кезде Ақмолада ішкі әскерлер бригадасынан басқа әскери бөлімдер болған жоқ. Сондықтан бригаданың жеке құрамы министрліктер мен ведомстволарды жаңа қалаға қоныстандыру ісіне көптеп тартылды. Бұл ретте қызмет ету жүктемесін ешкім азайтқан жоқ. Сөйте тұра барлық міндет орындалды, тіпті қызметтік көрсеткіштер жақсарды. Қайта қоныстану аяқталғаннан кейін полковник Мағұлов алғашқылардың қатарында «Астана» медалімен марапатталды.
Кейін ішкі әскерлер бригадасы таратылып, М.Мағұлов ІІМ Ішкі әскерлері штабының бас инспекторы болып ауыстырылды. Сосын ол жаңа күштік құрылым – Республикалық ұланның ұйымдастыру-талдау бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Ал 2001 жылдың тамызында елдің оңтүстік шебін нығайту мақсатында жаңа әскери округтің құрылуына байланысты «Оңтүстік» әскери округі әскерлері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
2003 жылдың көктемінде, әскери қызметте күнтізбелік есеппен 30 жылдан астам және жеңілдік есебімен 36 жыл қызмет еткеннен кейін полковник М.Мағұлов құрметті демалысқа шықты. Алайда ол зейнеткермін деп қол қусырып отырмады, керісінше, ҚР Қарулы Күштерінің сапасын жақсарту, Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыру процесіне белсенді түрде араласты. Манас Бадыханұлы қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік мобилизациялық резерв жүйесінде 11 жылдан астам уақыт жемісті жұмыс істеп, өзінің бай тәжірибесімен бөлісті. Қазақстан мен ТМД елдері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты жақсарту бойынша мақсатты жұмыс атқарды. Нәтижесінде 2013 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметтің үздігі» атағына ие болды.
Запастағы полковник М.Мағұлов 2021 жылдың ортасынан бастап ҚР Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істей бастады және ғылыми қызметпен жемісті айналысты. Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылу, қалыптасу және даму тарихы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде екі ассистентпен бірге тас дәуірінен қазіргі заманғы қару түрлеріне дейінгі артефактілер, экспонаттар жинақталған «Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан аумағындағы қару» залын жабдықтап шықты.
Манас Бадыханұлы Қазақстан мен ТМД елдерінің ардагерлік ұйымдарының жұмысына белсенді қатысып келеді. Халықаралық ғылыми симпозиумдарда, конференцияларда және дөңгелек үстелдерде үнемі баяндама жасап, тың ойларын ортаға салудан жалыққан емес.
Запастағы полковник М.Мағұловтың ел игілігі үшін жасаған еңбегі мен белсенді өмірлік ұстанымы зор құрметке лайық. 70 жылдық мерейтойы қарсаңында оған зор денсаулық, ұзақ өмір және жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!
Қайыр ДІНБАЯНОВ,
ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, полковник