Ақмола елордаға айналғанда…

1997 жылдың 10 желтоқсаны – Отанымыздың жүрегіне, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Астана қаласының тарихындағы ерекше күннің бірі.
Дәл осы күні қаланың орталық алаңында салтанатты жиын өтіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгіннен бастап Ақмола Қазақстанның жаңа астанасы» деп жариялаған еді. Осылайша, елдің бас қаласын арқа төсіне көшіру туралы бастамасы ресми жағдайда жүзеге асты.
Осы күннен бастап қала тұрғындары үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін тарихтың жаңа беті ашылды. Сарыарқаның сары аязы шытынап тұрса да, қаланың орталық алаңына жиналған ел-жұрттың жүзінен қуаныштың лебін сезінгенбіз. Алаң ортасында орнатылған ақшаңқан мінбердің айналасына қала жұртшылығы ағылып келіп жатты… Сол кездегі «Ақмола ақиқаты» – қазіргі «Астана ақшамы» газетінің тапсырмасымен біз де ертелетіп алаңда болған едік.
Мемлекет басшысы, Парламент және Үкімет басшылары, жаңа елорданың басшылығы мінберге көтерілді. Арқаның аязы буып тұрғанымен, жандары марқайып тұрған жұрттың жүзінен ақжолтай қуаныш, асқақ айбын сезілген осы бір сәтте Республикалық ұланның оркестрі асқақ әуенді бастап жіберді. Ер тұлғалы жауынгерлер көк байрақты желбіретіп, Елтаңба мен Президент штандартын көтеріп шықты. Елдіктің осы үш символын ұстаған айбынды сарбаздар алаңның дәл ортасына жетіп тоқтаған сәтте Әнұранымыз жаңа елордамыздың аспанында асқақтап сала берді. Жүрек тұсына қолын қойып толқыған жұрт марқайып тұрды.
Осылайша, осы бір тарихи сәттен бастап тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы ресми түрде жария етілді. Сондықтан да бұл күн елорда тарихындағы ерекше күннің бірі болып есте қалады.