Талайғы тарихТаным

Ақмола қалай Целиноград атанды?

Еліміз тарихындағы ең бір маңызды кезеңнің бірі – тың және тыңайған жерлерді игеру. 1954 жылы 27 наурызда КСРО Министрлер Кеңесі мен СОКП Орталық Комитетінің «Астық өндірісін арттыру мақсатында тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулысы шығысымен тың өлкесіне Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен еріктілер ағыла бастады.

[smartslider3 slider=819]

Жастар құлшыныс танытты

Ақмола облысына 5 наурызда алғашқы болып табан тіреген мәскеулік жігіттер мен қыздар еді. Кейін басқа аймақтардан да адамдар лек-легімен толастамай келіп жатты. Тарих тұңғиығына көз жіберіп, сол кездегі баспасөз беттеріне назар аударсақ, СОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы ­Никита Сергеевич Хрущевтің идеясын жүзеге асыруға құлшынған жастардың көңіл-күйін анық байқауға болады.

«Біз осы жерге қымбатты Никита Сергеевичтің тың бастамасымен келдік. Көңіл-күйіміз жақсы. Әзірше барақта тұрып жатырмыз. Енді жұмысқа білек сыбана кірісеміз. Біздің Орджоникидзе ауданындағы шаруашылығымыз көлдің жағасында орналасқан. Совхоз директорымыз Қырымнан келген Ф.Кухитин жолдас бізге 46 мың гектар жер бөлінгенін айтты» деп пікір білдіріпті сол кездегі «Тың өлкесі» газетінің наурыз айындағы бір нөмірінде жас механизатор И.Соколов.

Ал Солтүстік Қазақстанның кең-байтақ астықты алқабына Никита Хрущевтің табаны алғаш рет 1961 жылы наурыз айында тиді. Ол әуелі Вишневский ауданының «Ижевский» совхозына ат басын тіреп, еңбек адамдарымен кездес­кен. Одан кейін сол кездегі озық шаруашылық болып саналатын Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болған.

Жергілікті жердегі істің жай-жапсарымен танысқаннан кейін, Ақмолада Одақ басшысы Қазақстанның совхоздары мен колхоздарының озат жұмысшылармен партия-шаруашылық активі жиналысын өткізді. Оған Алтай өлкесі, Батыс Сібір, Қорған және Орынбор облыстарының басшылары шақырылыпты.

[smartslider3 slider=821]

Жүгері – тағамның төресі

Мемлекет басшысының келуіне барынша дайындалған сол кездегі партия, кеңес қызметкерлеріне жомарттың қолын жоқтық байлап, қолға алынған істің асығыстығы да кедергі келтірген сияқты. Өйткені алыстан келген қонақтардың көпшілігі қонақүй жетіспегендіктен, стансадағы өздері келген вагондарда түнеуге мәжбүр болыпты.

1960 жылы 26 желтоқсанда тың өлкесін құру туралы жарлық шығып, қаланы дамытудың бас жоспары жасалған. 1961 жылы наурыз айында Н.Хрущевтің өкімімен Целиноград болып қаланың атауы өзгерген. Бірақ соған қарамастан, тың өлкесінің орталығында Одақтың әр облысынан келген ауқымды қонақтарды қабылдап, сән-салтанатпен алқалы жиын өткізетін мүмкіндік жоқ еді.

Сондықтан мемлекет басшысы келген кезде ел аузында «бүкір көпір» аталып кеткен жердегі Ұлы Отан соғысынан бері теміржол желісінің жұмысшылары тамақтанатын кеңдеу асхананы ресми адамдардың жиын өткізуіне ыңғайлап, қайта жабдықтаған.

Осы жерде Н.Хрущев екі сағаттай сөз сөйлеп, тың және тыңайған жерлерді игерудің маңызы, оның елдің сыртқы саясатында атқаратын орасан зор рөлі жөнінде біраз ақыл-кеңес­терін айтыпты.

Бұл туралы «Тың өлкесі» газетінде Ә.Смағұлов есімді тілші «КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущев жолдастың сөзі қала халқының көңілінен шықты. Әсіресе, оның «Сіздердің жазира далаңыз­да тек астық қана емес, жүгері, бұршақ, басқа да бағалы дақылдарды егу керек» деген сөзі ұнады. Енді бұдан былай колхоздар мен совхоздардың ғылыми-сараптау мекемелерінің тәжірибесі кеңінен зерттелетін болады.

Сонымен қатар құрметті мейман целиноградтықтарға жаңа аудандарда тар табанды теміржол жүйесін салуға кеңес берді. Алдағы уақытта жұмыс механикаландырылып, жүздеген тонна астық тасуға қол жеткізілетіндігін айтты.Сондықтан тың өлкесі жұртшылығының алдында таяудағы бір-екі жылда 13 миллион гектар тың және тыңайған жерлерді игеру міндеті тұр» деп жазады.

«Осы өңірге алғаш рет келгенде Никита Сергеевич қызы Татьяна мен күйеу баласы, белгілі журналист Андрей Аджубейді ерте келген. «Қарақұмық ботқасы – менің қызымның сүйікті тағамы. Оны күнбағыс майына аралас­тырып жегенді ұнатады» деген сөзін көзкөргендер әлі күнге дейін айтады.

Сондағы партия басшысының негізгі айтпағы: «Тың игеруші жолдастар, жүгері – тағамның төресі. Сендер енді бұдан былай жүгері мен қарақұмық егетін боласыңдар. Сол арқылы біз еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетіп, Американы басып озамыз» деген ойға сайыпты.

[smartslider3 slider=820]

Көсемнің тартуы

Осы келген сапарында Никита Сергеевичтің қасында елдің құрылыс және құрылыс материалдары министрі И.Засядько бар еді. Целиноград қаласының көшесімен жүйткіп келе жатқан құрметті мейманның кортежі бір көшенің қиылысына кілт тоқтай қалады. Қасына ­И.Засядьконы шақырып алған Н.Хрущев: «Жаңа партия активі жиналысының қай жерде өткенін көрдің ғой. Мұндай алқалы жиындар енді Целиноградта жиі болып тұрады. Сондықтан ел сүйсінетін, көрсе көз тоятын сарай салу керек. Бізге ұнайтын керемет жоба Латвияда бар. Үлкен сахнасы, балконы, 2500 орындық залы, вестибюлі, басқа да қажетті бөлмелері бар сарай салыңдар» деп өкім беріпті.

Бұған дейін Тың игерушілер сарайы болған қазіргі «Астана» концерт залы сәулетті ғимаратының Хрущевтің қалаға алғаш келгенде астықты өлкенің диқандарына тартқан керемет сыйы екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

1964 жылы Целиноградқа екінші рет келгенде Никита Сергеевич облыстың совхоздарын аралап келіп, Қазақстанның партия, кеңес қызметкерлерімен, ауыл шаруашылығы өндірісінің озаттарымен кеңейтілген республикалық жиынды осы Тың игерушілер сарайында өткізген. Сөзінің ортасында қиялға ерік берген партия жетекшісі «Көрдіңдер ме, Тың игерушілер сарайының сәулетін. Сендердің көңіл-күйлеріңе қарап мен қуанып тұрмын. Енді маған мынадай ой келді: «Бұдан былай Тың игерушілер сарайын съездер өтетін Кремль сарайының «інісі» іспетті деуге болады» депті.

Кеңес Одағы басшысының осы сөзінің шынында да жаны бар еді. Латвиялық сәулетшілер П.Фогельс,                 О.Крауклис, Д.Даннебергтің жобасы бойынша 1963 жылдың 6 қарашасында пайдалануға берілген 2500 орындық Тың игерушілер сарайында Алла Пугачева, Филипп Киркоров, Иосиф Кобзон сияқты атақты өнер корифейлері концерт қойғанын айтпағанда, азаттықтың ақ таңы атып, ел астанасы Арқа төсіне қоныс аударған кезде ел өміріне қатысты небір тағдыршешті алқалы жиындар өткізілгенін, сөйтіп бас қаланың көрнекті орнының біріне айналғанын байырғы тың игерушілер мақтан тұтары сөзсіз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button