Басты ақпарат

Ақмоланың ақ фарфоры

Әсем безендірілген Ақмоланың ақ фарфоры әлі де көз алдымыз­дан кете қойған жоқ. 60 жылдық тарихы бар фарфор зауытының бұйымдары көрмелерде, аукциондарда, жәрмеңкелерде қойылып, Чехословакия, Франция, Германия, Польша, Ливия, Ливан, Қытай халықаралық жәрмеңкелерінде келушілердің назарын талай өзіне аудартқан. Әсемдігі көз қуантатын, әлі де тұтыныстан кетпеген, кейде антиквариат дүкендерінде кездесетін бұйымдары тек кеңес­тер Одағы емес, әлемге танымал болған Ақмола фарфор зауытының тарихы туралы архив деректері не дейді?Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде табылған керамикалық саз балшық­тың мол қорын пайдалану мақса­тында Ақмола қаласының сол­түстік батысында 30-35 ша­­қырым қашықтықта экспери­мен­талдық фарфор зауыты ашылады. Зауыт 1937 жылы Карлаг басқармасының Төңкеріс фарфор зауыты ретінде, 1939 жылдан Қазақ КСР ішкі істер халық комиссариатының Ақмола облысының оқшаулау орындарының бөлімі ретінде «ГУЛАГ» жүйе­сіндегі мекемелерді қамтамасыз ететін тұрмысқа қажетті фарфор бұйымдарын шығаруға арналып салынады. ­Зауытта екінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында тұрмыс­тық ыдыстар: табақтар, кеселер, стакандар мен қораптағы шайлар, саптыаяқ пен тұз, бұрыш сауыттары шығарыла бастайды. 1945 жылдан бастап негізгі бұйым­дарға қоса шәйнек­тер шығарылады. 1961 жылдан Целиноград облыстық атқару комитетінің жергілікті өнеркәсіп басқармасының Целиноград фарфор зауыты болып аталады. 1939 жылы зауытта 100 адам жұмыс істейді, жылына 500 мың зат шығарса, жаңа ғимараты іске қосылған 1970 жылдардың ортасында 600 адам жұмыс істейді, түбіне кішкене ғана қызыл масақ бейнеленіп, зауыттың фирмалық белгісі қойылған шәй ішетін сервиздер, аяқ-табақтардың 30-дан аса түрі шығарыла бастайды. Зауыттың жанынан мамандар дайындайтын, білімін жетілдіретін 6 айлық мектеп (ФЗО) ашылады.
Зауыт алғаш рет 1977 жылы «Восточный», «Ромашка» сервиздерін Алжирдегі көрмеге апарады, бұл сервиздер Мәскеу мен Алматыдағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмелеріне де қойылады.
1968 жылдың көктемінен 1972 жылдың соңына дейін ескі нысанның жанынан жаңа ғимарат бой көтереді. Құрылысқа 5 251 48 000 сом (рубль) қаржы жұмсалады. Цехтарға отандық жабдықтармен қатар Германия­дан техникалық жабдықтар сатып алынады. Кәсіпорында қоспа дайындау, қалыптық, туннель, кәдесый, бейнелеу цехтары жұмыс істей бастайды.
1939-68 жылдары барлық өнімдер пластикалық қалып­қа салу жолымен жасалса, 1969 жылдан бастап кәдесый бұйым­дарын жасау цехының іске қосылуына байланысты шликерден құю әдісі меңгеріледі. 1953-59 жылдары зауыт Қарағанды облысының Шет ауданынан әкелінген дала шпатын пайдаланса, 1966 жылы дала шпаты мен кварцты алмастыратын жергілікті гранит табылады. Өнімдерді дайындау үшін Украинадан – кварц құмы, коалин, Карелиядан – пегматит, Белогор облысынан – дала шпаты, Мәскеу облысынан ковров доломиті пайдаланылды.
1969 жылдан бастап ­Абайдың, Амангелді ­Имановтың, Жамбыл ­Жабаевтың, ғарышкерлер күніне орай Николаевтың, Н.Островскийдің мүсіндері, тыңды игеруге байланысты «Колос» жиынтығы, кофе, шәй сервиздері, ликер жиынтықтары, құмыралар, статуэткалар талғаммен әсем безендірілген түрлі кәдесыйлар шығарыла бастайды. Қазақстан Рес­публикасында мемлекеттік меншікке жүргізілген реформалау кезінде озық технологиясы және алдыңғы қатарлы өндіріс әдісі бар Целиноград фарфор зауыты 1990 жылдың 1 қарашасынан «Целинфарфор» жалгерлік кәсіп­орны болып қайта құрылады. 1992 жылдың 23 сәуірінде құрылтайшы келісімшарт негізінде «Целинфарфор» кәсіпорны «Цефар» акционерлік қоғамына айналады. 1997 жылы 4 желтоқсанда Ақмола облыстық атқару комитетінің шешімімен «Цефар» АҚ қарызын өтей алмай, жабылады. Ақмоланың іргесіндегі фарфор зауыты орналасқан Фарфоровый кенті кәсіп­орын жұмыс істеп тұрғанда гүлденген елді мекен болатын. Нарықтық экономика заманында тұрғындар біраз қиындықты бастан кешірді.

Ғазиза ИСАХАН,
Нұр-Сұлтан қаласы
мемлекеттік
архивінің ғылыми-­зерттеу
бөлімі басшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button