Жаңалықтар

АҚМОЛАНЫҢ ІШКІ ТҮРМЕСІ

Қараөткелдің қазіргі уақытта «ескі орталық» атала­тын бөлігін араласаңыз, қазіргі заманның шыны-пластик үйлері мен хрущевкалардың арасынан патша заманында қызыл кірпіштен, не бөренеден қиып салынған екі қабатты үйлерді көріп қаласыз. Олар бірнеше дәуірдің куәсі, себебі осы үйлердің салынғанына кемі жүз жыл. Кірпіштен өрнектеле қаланған, ағаштан түйінделген ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында салынған үйлер Николай патшаның губернаторларын да, сол заманның атақты көпестерін де, қазақтың зиялы қауымын да, ақ пен қызылдың қан-жоса соғысын да көрді. Кезінде үлкен бейнет­пен, құрылысшылардың маңдай терімен салынған сәулет өнерінің ескерткіштерінің көпшілігі Совет заманында әртүрлі себептермен қиратылды. Бүгінгі күні қаланың ескі орталығына бір жағынан сән, екінші жағынан тарихи мазмұн беріп тұрған аз-маз құрылыстар сол ғаламат эксперименттен аман қалғандары ғана. Қаланың жергілікті тұрғындарының ішінде ескі құрылыстарды білетіндер сиреп келеді, ал қиратылғандары қай жерде тұрғандарын анықтап айтып беретін адам қалмады десек те бо­лады. Біз ескі жазбаларға, өзімізге дейін осы жақта қызмет атқарған өлкетанушылардың деректеріне сүйене отырып Астана қаласының көркі болған, оның тарихы тура­лы сыр шертетін сәулет өнерінің туындылары туралы мәліметтерді беруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі әңгімеміз жергілікті тұрғындардың өздері онша біле қоймайтын жұмбақ құрылыс туралы болмақ.

Бұл жұмбақ ғимаратты білетіндер өте сирек, оның аты да адамды анадайдан үркітеді, ол жергілікті қазақтың аузында «ішкі түрме» деген атақпен белгілі ХХ ғасырдың басындағы сәулет өнерінің бірегей ескерткіші. Біз бұл жерде осы ғимаратты архитектуралық ескерткіш деп атағанымызбен, шын мәнінде ол ескі құрылыстардың тізімінде де жоқ.

Міне, менің қолымда осы жақында ғана, 2011 жылы жарияланған «Астананың тарихи-мәдени мұрасы: ескерткіштер жинағы» атты үлкен формат­ты, әдемі мұқабалы, түрлі-түсті суретті қымбат кітап. Осы кітаптың 94-97-беттерінде тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі берілген. Бұл тізім Бозоқ қалашығынан басталады да ХІХ-ХХ ғасырдың басында Қараөткелде салынған көпес үйлерінің бірнешеуін, Константин және Еле­на шіркеуін т.б. қамтиды. Жап-жақсы тізім, бірақ толық емес, өзгесін айтпағанда біз іздеген «ішкі түрме» жоқ, ал оның байырғы сәулет өнерінің туындысы екені анық. Себебі бұл ішкі түрме туралы бізге жеткен ауызша мәліметтерде ғимараттың екі қабатты екені, қызыл кірпіштен қаланғаны ай­тылады. Ішкі түрме Советтік тоталитарлық жүйенің қазақ аза­маттарын, боздақтарын аяусыз қырған, ауыр азап шектірген небір қылмыстарының куәсі. Ақмоланың ішкі түрмесінің қапас подвалын көрген адамдардың ішінде менің әкем де бар. Қазақ бірдемеге бола қатты ренжігенде «әкеңнің құны бар ма?» дейді, біздің Ақмоланың ішкі түрмесінде әкеміздің құны бар.

1931-1932 жылғы аштық кезінде жан сақтап Сібір ауып кеткен біздің әкейлер қайтар жолында елге келдік, есімізді жинаймыз деп Жолымбет руднигінде тоқтапты. Бірнеше жыл босқын болып жа­яу-жалпы шұбырған, орыстың ортасына барып, қайыр сұрап жанын әзер сақтап қалған, одан әрі күресіп, кішкене қоң жинап енді елге жетейік деп аттанған біздің ауылды НКВД осы Жо­лымбетте «құшақ жая» қарсы алған екен. Аштықтан, соғыстан аман қалған еркек кіндіктің бәрі ұсталып, аналарымыз ғана жас ба­лаларымен қалыпты. Біздің шешей әкейдің Ақмоланың ішкі түрмесінде болғанын айтушы еді.

Мен Ақмоланы біледі-ау де­ген көп адамдардан ішкі түрмені сұрастырып жүремін. Тіпті КГБ жүйесінде көп жылдар қызмет атқарған, «Целиноград жастарының көтерілісі», «Неміс авто­номиясы» сияқты осы өлкенің тарихына қатысты тақырыптарға қалам сілтеп жүрген Амантай Кәкен сияқты ақсақал жасына келіп қалған азаматтардан да сұрастырдым. Бірсыпыра хабары болғанымен, тап басып айтып бере алмайды. Енді бір жергілікті тұрғындар НКВД ішкі түрмесіне қатысты мистикалық мазмұндағы қорқыныш пен үрейге толы әңгімелерді айтады, бұл құрылыста қарға-құзғынды тарта­тын бірдеңе бар дейді, білетіндер бұл құрылыс екі рет өртенді дейді, арнайы ешкім де өртемеген, өзінен-өзі өртеніп отырған…

Осылайша жүргенде Ақмола қаласының ескі тарихын жақсы білетін белгілі өлкетанушы, көп заман мұражайда қызмет атқарған Сақан Асайынқызы Сәдуақасовамен таныстым. Сөзге келген жоқ, бірден мен көрсетіп берейін деп қазіргі Т.Бигельдинов көшесінде орналасқан үш қабатты үйге ертіп алып келді.

– Міне ішкі түрме деген осы, менің де туыстарымның ішінде де осы түрменің подвалын көріп шыққандар бар,-деді Сақан Асайынқызы.

– Біздің анамыз ішкі түрме екі қабатты үй деп еді, бұл қалай екен,-дегенімде:

– Рас, бұрын екі қабатты үй болатын, бірақ кейіннен бірнеше өртеніп барып жоғары қабаты салынды,-деді өлкетанушы.

Екеулеп осы үйдің темір шарбағына жақындадық. Шарбақтың есігінде қоңырау бар екен, соны бастық. Қазақтың шегір көз сары жігіті ғимараттың ішінен шықты:

– Сіздерге не керек, бұл әскери бөлім,-деді орыс тілінде.

– Бұл ғимаратты көрейік деп едік, ішіне кіруге рұқсат етіңіз,-деп өтіндік. Жалындық, осылай да, осы­лай бұрын бұл жерде НКВД-ның ішкі түрмесі болған екен, біз тарих­шылар едік, есігінен сығаласақ бо­лады деп қайта-қайта қоймаған соң шегір көз сары жігіт бізге тоқтай тұр деп ішке енді. Біраздан соң:

– Ішін көргілерің келсе тиісті орындардан арнайы рұқсат қағазын әкеліңіз,-деп шарбақтың есігін сарт еткізіп бірақ жапты. Меселіміз қайтып қақпаның сыр­тында қалдық. Сақан Асайынқызы менің біржолата көңілім қалып қоймасын деді ме, мына жердегі Кубриннің үйінде де түрме болған соны көрсетейін деп Кенесары көшесіне қарай жетеледі. Ол жерде Белорусь елшілігі орналасқан екен, оған да кіре алмадық.

Енді Ақмоланың ескі бөлігінде Совет заманынан қалған басқа түрмелерді аралағаннан басқа амал қалған жоқ. Құдайға шүкір түрме жағынан Ақмолада кемшілік болған жоқ екен, түрменің неше атасы осы қалада. Бүгінгі күні тек Ақмола бекінісінің алғашқы гаупвахта­сы ғана сақталмаған, қалғандары әртүрлі тіршіліктің салаларына қызмет етіп жатыр. Ішкі түрме қандай қызмет атқарып жатыр ол жағын өкінішке орай біле алмадық.

Енді келіп мүмкін ішкі түрме ту­ралы бір мәлімет шығып қалар деп Ақмолаға қатысты толып жатқан қағаздарды ақтардым. «Астананың тарихи-мәдени мұрасы» сияқты кітаптардан бұл тақырыпта түк те шықпағанын жоғарыда айттық. Көпес Силиннің үйі бар, Констан­тин және Елена шіркеуі бар, Қыздар гимназиясы бар, Қалалық басқарма үйі туралы мәліметтер аз да болса кездеседі, ал ішкі түрме туралы еш дерек жоқ. Тіпті осындай үй Қараөткелде ешқашан салынбаған, болмаған сияқты. Олай дейін десек үй сәл өзгергенмен көз алдымызда тұр, ол үйдің патша заманынан бері келе жатқан үй екенін Сақан Асайынқызы да айтады. Тек бұл үйдің қашан салынғаны, қандай қызмет атқарғаны, көпестікі ме, әлде қоғамдық ғимарат па белгісіз….

Ақыры менің іздеп тапқаным мынау болды.

1914 жылы бірінші жаһан соғысы басталғаны белгілі. Кәрі Еуро­па от құшағына оранды. Балқан түбегіндегі славяндарды қорғаймыз деген желеумен соғысқа Ресей империясы да кірісті. Германияға қарсы соғыс майданында белсенді әрекет еткен Ресей әскерлерінің шығыны аз болған жоқ, жара­лылары да көп еді. Осы себепті империяның ішкі отар өлкелерінде мүгедектер үйлері салына бастады. Міне, осы себептерден Ақмолада салынған мүгедектер үйі «Дом увечных воинов» деген атақ алған екен. Екі қабатты болып тастан салынған, қызыл кірпіштен өрілген бұл үй қазыналық ақшаның есебінен 1915-1917-жылдары бұрынғы Учи­лищная көшесінде салынды.

Ақ пен қызыл қырқысқан рево­люция кезінде бұл ғимарат біресе госпиталь, біресе халықтық театр болды.

Азамат соғысы аяқталып ел бейбіт тіршілікке кіріскеннен кейін Мүгедектер үйінің басқа да бөлмелері босап, онда қалалық кітапхана, тарихи-өлкетану мұражайы, лекторлық топ, театр және концерт ұйымдары бас қосты. Осылайша «Мүгедектер үйі» енді «Халық үйі», немесе «Народный дом» аталды. Бұл жерде мәдени жұмыстар қайнап, халық сеңдей соғылып жүретін болды. Жергілікті зиялы және өнер қауымының шақыруымен КСРО-ның орталық қалаларынан өнерпаздар да келіп, осы сахнада өнерлерін көрсетіп жүрді. Осындай күндердің бірінде 1930 жылдың 2 наурызында Бунчук деген режиссер бастап Украинадан келген театр труппасы «Дай сердцу волю – заведет в неволю», яғни «Жүрекке ерік берсең, құлдықтың қамытын киесің» деген спектакль беріп жатқанда Халық үйі өртенді. Не себептен өртенді, кім өртеді, әлі күнге белгісіз. Бір анығы – 1931 жылы Қазстройпуть аталатын мекеме тек кірпіш қабырғалары ғана қалған Халық үйін қатырып жөндеп шығарды және содан кейін бұл үйге советтік милиция кірді. Тоталитаризм күшіне кірген 1931 жылдан бастап, бірде ОГПУ, бірде НКВД, бірде КГБ атанып әуел баста Мүгедектер үйі, кейін Халық үйі атанған осы ғимарат жазалау­шы органдарға қызмет етіп келе жатқаны белгілі.

Мүгедектер үйі 1982 жылы тағы да өртенді. Көп кешікпей 1983 жылы бұл тас үй қайта жөнделіп, енді екі қабаттың үстіне үшінші қабаты көтерілді. Бұл тас үйдің не себептен қайта-қайта өртенетіні тағы да белгісіз. Қараөткелдің ескі тарихынан хабардар бірді-екілі қариялар өрттердің бәрін осы үйдің тоталитарлық кезеңдегі қызметімен байланыстырады, бұл жерге жазықсыз жандардың қаны төгілген, азап көрген адамдардың назасы өтіп кеткен деп түсіндіреді. Әкей өзінің ауыр тағдырын еске түсіріп айта қоймаушы еді, сол аға ұрпақтың шыдамдылығына әлі де таң қаламын, ал шешей болса «әкеңді Алматыға алып кетер­де вокзалда алыстан бір-ақ рет көрдім, түрі ақ шүберектей болып кетіпті» дейтін. Құдайға шүкір, әкеміз Карлагты, Иркутлагты түгел көріп елге аман-есен оралды, ауыр азап та ұмытылды ма екен, бірақ шешеміздің Ішкі түрменің шарбағының сыртында қазақтың уыздай келіншектерімен боздап жылап тұрушы едік деген сөзі есімде қалып қойыпты.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button