Ақмоланың қадірлі ақсақалы еді

Өмір – өлшем. Ғұмыр – шежіре. Өмір! Бұл – тіршілік атты мынау жарық дүниеде талай тағдырдың, жұмырбасты әрбір пенденің маңдайына жазылған уақыт өлшемі. Ғұмыр! Бұл – сол өлшемнің таразыға тартылар шежіресі. Таразыға тартылар осы шежіренің өзгеге ұқсамас ғибраты, салмағы мен сипаты болатыны да – заңдылық.
Ал бүгінде туғанына жүз жыл толып, соңында ғибратты ғұмыр шежіресін қалдырған даңқты майдангер, белгілі қаламгер, астаналық жазушы марқұм Әскен Нәбиұлының өзгеге ұқсамас өмір соқпағының сипаты қандай?! Адам өмірінің өлшемін «адал еңбегіңмен баспана тұрғыз, ұрпақ өсір және ағаш ек» деген ежелден қалыптасқан қарапайым әрі мағынасы терең үш тағанмен тұжырымдайтын болсақ, Әскен аға бұл адами пәлсәпалық үш тұғырдың да шыңына шыққан тұлға!
Арқа топырағында, ежелгі Ақмола өңірінде Нәбиевтер әулетінің өрелі өнегесін білмейтіндер кемде-кем. Өздерінің көзі тірісінде жетпіс жылға тарта бірге отасып, тағдыр талайымының ащысын да, тұщысын да қатар татып, өмірдің ажырамас қос арнасындай ғұмыр кешкен Әскен ағамыз бен Фарида анамыздың ұлағаты – ұрпаққа өнеге. Олар мәуелі бәйтеректей он бір бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ақар-шақар Нәбиевтер әулетінің болашаққа бағыт алған сарқылмас бұлағының қайнарын ашып кетті.
Бұрынғы Ақмола қаласы тұрғындарының арасында кеңінен тарап, табиғатпен қабысқан еңбекқорлықтың символына айналған «Әсекеңнің дачасы-ай!» деген тәрбиелік тәлімді сөз тіркесі болған. Бұл Әсекеңнің туған жерге деген зор сүйіспеншілігінен қалыптасқан бойындағы ерекше бағбаншылық қасиетіне берілген жерлестерінің бағасы еді. Жасы егде тартқанына қарамастан Әсекең «Майдангер» саяжай қоғамындағы он сотық бақшасын өзі баптап, өзі күткенін көзіміз көрді. Әскен ағамыздың бақшасында өспейтін ағаш, өнбейтін жеміс болған жоқ десек, артық айтқандық болмас.
Әсекең өзінің мағыналы ғұмырында «үлкенге құрмет, кішіге ізет» атты адамгершілік қарапайымдылықты ту қылып өтті. Көп пенденің бойынан табыла бермейтін бұл қасиет Әсекеңнің кіндік қаны тамған Қына ауылының киелі топырағынан дарыса керек. Әскен Нәбиев сонау бір ақ қашып, қызыл қуып, қасиетті қазақ даласын астан-кестен қылған ХХ ғасырдың басында, яғни 1923 жылдың желтоқсан айында Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Қына ауылында дүниеге келіпті. Қазақ даласын тусыратып кеткен сонау 30-жылдардың ойранынан, ақсирақ аштығынан адами ізгілігін жоғалтпай шыққан бозбала Степняк қаласындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, өмірдегі өз соқпағын таңдауға енді ниет қылғанда, Батыстан соғыс өрті тұтанып, қылшылдаған қыршындар майданға аттанды. Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихында адам қырғынының алапат оқиғасы болып қалған Сталинград шайқасында жан алып, жан беріскен Әскен ағамыздың жауынгерлік ерлік жолын шағын мақаланың аясына сыйғыза алмаспыз.
Ауыр жарақат алып, жеңіспен елге оралған майдангер ағамыз бірден бейбіт еңбекке араласты. 1947 жылы ол Арқа өңірі баспасөзінің қара шаңырағына айналған – облыстық бүгінгі «Арқа ажары» газетіне қызметке орналасты. Міне, осы кезеңнен Әсекеңнің, қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған майдангер-жазушы Әскен Нәбиевтің салиқалы өмірінің соңына дейін ұласқан шығармашылық еңбек жолы бастау алды. Сонау жетпісінші жылдардың соңында облыстық газетке келген жас буын біздің алғашқы тырнақалды шығармаларымызға сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесінде қызмет атқаратын Нұрғожа Оразов, Әскен Нәбиев ағаларымыз сәт сапар тілеп, беташар пікірлерін жазған болатын.
Әсекең Сәбит Мұқанов пен екі Ғабеңнің – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің – қазақ әдебиетінің заңғар классиктерінің көзі тірісінде Жазушылар одағына қабылданып, содан кейінгі жылдарда қаламгерлік ауыр жүкті нардай көтеріп, көркем әдебиеттің қасиетті туын биік ұстаған жазушы. Қарымды қаламынан 30-ға жуық кітап тудырған Әскен Нәбиевтің «Перзент», «Гүлзи», «Шолпан», «Ауыр апталар», «Бейтаныс бойжеткен», «Қанат қаққанда», «Бел-белестер» және басқа көркем туындылары өз оқырмандарын тауып, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды.
Жазушы өзінің әрбір әңгімесі мен хикаяттарында қазақтың қара сөзінің мәйегін төгілте отырып, бірқалыпты бүлкілмен шырғалаң оқиғалар шындығын қаз-қалпында баяндап береді. Ол өзінің осы бір шұрайлы тілді қарапайым туындыларымен-ақ, өз заманының, әр кезеңде өмір сүрген ортасының шынайы шежіресін жасап берді. Жазушы шығармашылығының екінші бір қыры әрі тереңге тамыр тартқан темірқазығы майдан тақырыбы болды. От пен оқтың ортасында жүріп, сұрапыл соғыстың барлық азабын басынан кешкен майдангер үшін бұл тақырып етене жақын және соғыстан қайтпай қалған замандастары алдындағы азаматтық парызы іспетті. Сондықтан майдангер-қаламгер Әскен Нәбиев бұл тақырыпты тебірене де тереңдете жазып, боздақтар алдындағы парызын өтеді.
Әскен Нәбиев шығармаларында соғыс тақырыбымен қатар, тылдағы қарапайым адамдардың жанқиярлық еңбегі кең орын алған. Қаламгердің әңгімелері мен хикаяттарында өмірдің ащы шындығы өте тамаша суреттеледі. Автордың позициясы – кейіпкерлері арқылы қиын-қыстау сәттердегі адамның әрқилы мінездерін, шырғалаң оқиғалар арқылы уақыттың салмағын анық көрсету. Мәселен, жазушының «Гүлзи» повесіне ел тіршілігі қылыштың жүзіне қойылған сұрапыл соғыс жылдарындағы шалғайдағы шағын ауылдың тағдыры, Гүлзи атты өрімдей қыздың өмірі өзек болған. Қаламгер шеберлігінің арқасында сындарлы кезеңде сомдалған Гүлзи образы адамды еріксіз баурап, нәзік жанның атпал азаматтар көтерер ауыртпалықты арқалаған ерлігіне тәнті етеді.
Өзінің ұзақ та мағыналы ғұмырының алпыстан астам жылын бүгінгі Астана қаласында өткізген майдангер жазушы туған қаласының мәдениеті мен әдебиетінің, жас ұрпақты адамгершілік рухта тәрбиелеу жұмысының жандануына өлшеусіз үлес қосты. Әсекең қолына домбыра алып, күмбірлете күй тартқанда, ақмолалықтар сілтідей тынып, «сегіз қырлы, бір сырлы» жазушы ағаларының өнерін сүйсіне тамашалайтын. Ағамыз қазақтың көптеген сазды ән мен күйлеріне қоса, соғыс жылдарында үйренген «Катюша», «Темная ночь» сияқты майдан әндерін де домбыраға салып, нақышына келтіре орындаушы еді…
Қаламгер бақыты оқырман талғамынан шыққан кесек-кесек кітаптарын дүниеге әкеліп, шығармашылық еңбектің ләззатын көру болса, қарапайым адам бақыты ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, сол ұрпағынан өрбіген немере-шөберелердің қызығын қызықтап, еліне елеулі, халқына қалаулы адам атану болса керек. Арқаның ардақты азаматы, қазақтың танымал жазушысы Әскен Нәбиев осы екі бақыттың да баянын көріп, өзінің туған қаласы – Астананың қадір тұтар елағасы, аяулы абыз ақсақалы ретінде есте қалды. Қарапайымдылығына қылау түсірмей өткен жерлес жазушымыздың туғанына жүз жыл толуына орай еңселі елордамыздың сәулетті көшелерінің біріне Әскен Нәбиевтің аты берілді. Бұл ұрпақ сабақтастығының, майдангер-қаламгерге деген астаналықтардың лайықты ілтипаты болса керек. Лайым, ұзағынан болсын!
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі