ӘлеуметЖаңалықтарПрезидент пәрмені

Ақордалы Астана

05-07-02

Елбасының елордаға деген сүйіспеншілігі ерекше. Астананың әр адымы мен даму қарқыны, тіпті, ұсақ-түйек жұмысына дейін Президенттің назарынан тыс қалған емес. «Астана – барша қазақстандықтың мақтанышы және жеке менің де мақтанышым әрі қуанышым. Біз Астананы мүлде жаңадан салдық. Оны көшіруге байланысты болған барлық проблемаларды жүрегімізден өткіздік. Бұл – арман еді. Енді ол – тамаша қала, Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Мемлекет басшысының өзі аялы алақанына салып, жан жылуы мен жанашырлық сезіміне бөлеп өсірген бас шаһар қас-қағым сәтте қарқынды дамып, ұлтымыздың ұясына, елдігіміздің шежіресіне айналды.

Елорда салған ер қазақ
Елбасы мен елорда ел назарында егіз ұғым іспетті қалыптасты. Әрине, қатардағы қарапайым қаладан бүтін бір мемлекеттің астанасын жасап шығару – ерлікпен пара-пар.
Ел астанасын ауыстыру идеясы қиын-қыстау кезеңде дүниеге келді. Бұл ешкімнің ойына келмеген тым батыл шешім еді. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі: «Астананы көшіру идеясына белді біржолата бекем буа тұрып, мен ортаға бәрін салатынымды, яғни, өзімнің саяси мансабымды, тіпті, мүмкін өмірімді бәйгеге тігетінімді, сөз жоқ, түсіндім. Әрине, мен өмірді қию мағынасында емес, философиялық тұрғыда – ел президенті ретінде қоғам алдындағы өзімнің өмірлік міндеттемелерімді орындау мағынасында айтып тұрмын» деп еске алады. Мұндай тәуекелділік екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дүниежүзінде астаналарды ауыстырған 140-тан астам дерек тіркелген екен. Бірақ олардың бәрі бірдей сәтті бола бермеген. Себебі, Астананы ауыстырудың машақаты көп. Ол үшін болашақ астанадан бастап, сол елдің барлық жағдайы, стратегиялық мақсат-мұраты, келешектегі даму бағдары, басқарылу тетігі, халықтың көзқарасы – бәрі-бәрі ескерілуі керек. Бұл дегеніңіз – әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да салмағы ауыр дүние. Ел басқарып отырған көптеген басшылардың оған батылы бара бермейтіні сондықтан. Мысалы, Индонезия өз астанасын ауыстырам дегелі бір ғасырдан астам уақыт өтті. Билік басындағылары әлі күнге дейін тартыншақтап келеді. Осы мәселеде Тайланд та бір шешімге келе алған жоқ. «Астананы ауыс­тыратын болдық» деп айдай әлемге жар салған Аргентина да үнсіз әлі. Ал қазақ елі астанасын ауыстыру туралы шешімді жүзеге асыруға бірден кірісті. «Тәуелсіз елміз, тәуелсіз мемлекеттің өз астанасы болуы керек» деген Елбасы өзінің ұсынысы ұзақ толғаныстан кейін туған тұжырым екенін дәлелдеп шықты. «Астананы көшіру Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына мен сенімді болдым» деді Президент кейін естеліктерінде.
Елдің болашақ астанасы ретінде Ақмола қаласының таңдалып алынуы тегін емес. Ер бабамыз Едігеден бастап, әз Тәуке мен айбынды Абылайға дейінгі хандарымыздың бәрі ерке Есіл бойында орда тіккендері тарихтан мәлім. Президенттің пайымдауынша, Ақмола – Қазақстанның географиялық орталығы. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Әрі Қазақстанның шетелге шығуға мейлінше төте жолы – трансеуроазия арналарына таяу орналасқан. Шаһарды әрі қарай өркендетуге де кедергілер жоқ. Стратегиялық мақсатты да ескерген Елбасы елорданы таңдау барысында қауіпсіздік мәселесі де маңызды орын алғанын айтады. Қысқасы, Ақмоладай қарапайым қала астана болуға лайық 32 өлшемнің бәріне сай болып шыққан.
Осылайша, Елбасының табандылығының арқасында Сарыарқаның төсінде адам айтса нанғысыз әсем шаһар Астана бой көтерді. «Біздің ұзақты күндер мен ұйқысыз түндердегі ойларымыз бен толғанысымыздың, кешкі қиналысымыз бен таң алдындағы арман-мұратымыздың мәні, мінеки, Астана болды» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Астана – күллі Алаш жұртының арманы һәм аманаты. Астана – бар қазақтың бақыт мекені. Еліміздің жаңа ғасырдағы жарқын шежіресі де осында жазылып жатыр. «Әлемде тамаша ғимараттары мен жаңа үйлері бар қалалар көп болғанына қарамастан, мен Астананың әр ғимаратын өз жүрегіммен, өз жаныммен сезінемін. Болашақта ұрпақтарымыз халқымыздың игілігі үшін осы жерден билік жүргізуі, қазақстандықтар өз елін, өз елордасын мақтан тұтуы үшін мен Отанымыздың елордасының шаңырағын осы жерден көтердім» деген Елбасының көркі көз тартар көркем қаланы салып бергені нағыз ерлік екені сөзсіз.

Атауы да әуезді бас қала
Елбасының елордаға деген ерек сезімі Астана деген атаудан да аңғарылады. Қай тілде де икемді айтылатын әуезді есімді Президенттің өзі қойғанын жұртшылық жақсы білсе керек. Алғаш Ақмола астана болады дегенде кейбір жымысқы ниетті басылымдар «жаңа астана салмақ түгілі, жаңа үй салудың өзі мұң болып отырған қиын-кезеңде қазақтардың мұнысы несі?» деп жарыса жазғандары есімізде. Кейін ойлағандары жүзеге аспаған соң бас шаһардың Ақмола атауына тиісіп, «белая могила» деп мысқылдады. Әлбетте, кержақ пікірлер Елбасына жетпей қалған жоқ. Президент төл перзентін жөн-жосықсыз «айыптаулардан» арашалап алды. «Бұл қала – Қазақстанның жаңа астанасы және менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім» дей келе, елорданың атауы қазақстандықтардың, осында мекендеген барша ұлт пен ұлыстың ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керектігін айтты. Басында елорданы Қараөткел деп атайық деген ұсыныстар түсті. Есіл, Сарыарқа атаулары да қарастырылды. Бірақ, Қазақ елінің жаңа елордасының атауы сол кездегі өзгерістерге, жалпы көңіл ауанына дөп келуі керек еді. «Астананың атауын ауыс­тыру ұдайы ойымнан шықпай, ат іздеумен болдым. Сөйтіп жүргенде, бір жолы түнгі сағат 2-де «Астана» деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – астана. Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да бұрмаланбай естіледі. Бұл атау­да батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана біздің жалпы көңіл ауанымызды және астананы көшіруден күтерімізді бейнелейтін өте ауқымды әрі қысқа ұран сияқты» дейді Елбасы. Сөйтіп, 1998 жылдың 6 мамырында «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласын Астана қаласы деп атау туралы» ҚР Президентінің Жарлығы шықты.
Міне, Астана атауы осылай дүниеге келген еді. Әр ата-ана баласының болашағына алаңдайтыны секілді, Елбасы да елорданың атауынан бастап көңіл бөліп, әр қаланған кірпішіне дейін өзі қадағалады. Тіпті, кейбір көрнекті ғимараттардың нобайларын да алдымен өзі қағазға түсірді. Президенттің бұл әдеті әлі де сол қалпында. Астананы Президенттің төл перзенті дейтініміз де – осы.

Халқымен асқақ Астана
Отанымыздың жүрегі Астана қай жағынан да өзгелерге өнеге болуы керек. Елорданың сән-салтанаты өз алдына, оның атына сай болуы адамдарға байланысты екенін Елбасы үнемі айтып келеді.
Астаналықтардың қарым-қатынасы, мәдениеті мен сана-сезімі, ішкі әлемі елордалық деңгейге сай болуы керек. Әрбір астаналық өзінің елорда келбеті үшін жеке жауапкершілігін сезінуге, бас қаланың тұрғыны деген атқа қай жағынан да лайық болуға тиіс. Президенттің айтуынша, Астана дегеніміз – алдымен адамдар. Бас қаланың көшелері де, көліктері де, жарығы да, жарнамасы да, қызмет көрсету саласы да, мектептері мен мекемелері де, емханалары мен ауруханалары да атына заты сай болғаны абзал. Елбасы елордаға ең жақсы дәрігерлер, мұғалімдер, басқа да маман иелері шоғырлануы керектігін айтып келеді.
Елордаға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқаннан кейін заманауи технологиялар, небір озық техникалық құрал-жабдықтар алдымен Астанаға әкелінеді. Басқаны былай қойғанда, қазіргі күні Астанада соңғы ашылған емханалар мен мектеп ғимараттарының өзі кісі қызығарлықтай. Жұмыс істегісі келген адамға мұнда керектінің бәрі табылады.
Астананың бас жоспары бойынша елорда көркем ғимарат, тамаша тұрғын үйлерімен ғана емес, тұрғындарға қолайлы тіршілік-тынысымен де ерекшеленуі керек-ті. Елбасының айтуынша, Астанада жасалып отырған жағдайдың бәрі елордалықтардың мейлінше жайлылықты сезінуіне ықпал етуге тиіс. Осы мақсатта атқарылған ауқымды шаруалардың арқасында бас шаһар ТМД және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың үздік қалаларды сараптайтын халықаралық байқауында «Өмір сүргің келетін қала» атанды. Бұл атақ қаламызға жайдан-жай беріле салған жоқ. Сарапшылар қалалардың экологиялық тазалығын, әсемдігін, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері мен әлеуметтік салаларда кешенді инновациялық технологиялардың енгізілуін, жастарды жұмысқа орналастырудағы тың бастамалардың болуын – бәрін ескере отырып, осындай қорытындыға келді.
Астананың шынымен де өмір сүргің келетін қала екенін соңғы жылдарда енгізілген өзгерістерден-ақ анық аңғаруға болады. Айталық, бүгінде елорданың көшелері мен жолаушылар көліктері бейнекамералармен жабдықталып жатыр. Бұл жоба қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, қарапайым халықтың қауіпсіздігін де сақтауға бағытталған. Ал қала көшелерінде орнатылған бір мыңнан астам бейнекамера мен «ақылды бағдаршамдар» көлік кептелісін азайтуға айтарлықтай әсер еткен. Келешекте әр мекеменің тұсына бейнекамера орнатып, жобаны әрі қарай дамыту жоспарда бар.
Астананың халық көп баратын әлеуметтік салаларында да тың жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, жалпы білім беретін ұйымдарда «Болашақтың мектебі» атты жоба бар. Оның ерекшелігі, ата-аналар балаларының мектепке қашан кіріп-шыққанын біліп отырады. Бүгінге дейін ата-аналар баласының балабақша кезегі қаншалықты жылжығанын электрондық жүйе арқылы бақылап келген еді. Енді мектепке дейінгі мекемелерге арналған жолдаманы ұзын-сонар кезекке тұрмай-ақ, электрондық нұсқада алатын күн де алыс емес.
Елорданың емханаларында да тың жобалар іске асырылуда. Жақын келешекте астаналықтар дәрігер қабылдауына он-лайн режимінде жазылып, амбулаторлық карталардың электрондық нұсқасына қол жеткізетін болады.
Елбасының өзі бақылап отырған Астана келешекте бұдан да жайлы, бұдан да қолайлы боларына ел сенеді.

Жетістікке жетелеген жылдар
Президент Нұрсұлтан Назарбаев үлкен істі бастап, халық оны қостап, Есілдің бойында ертегідей еңселі елорда бой көтерді. Астананың аз уақыттың ішінде қарқынды дамуы талайларды тамсандырды. Қаламыз еліміздің бас шаһары мәртебесін иеленгелі қол жеткізген табыстары толайым.
Биылғы ең үлкен жетістік – Астана өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетті. Енді елорда Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарымен қатар, республикалық бюджетке қаржы түсіретін донор қалаға айналды. Қалалық әкімдіктің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, 2015 жылы Астана мемлекеттік бюджетке 7,5 миллиард теңге аударады.
Елбасының тапсырмасы бойынша, қалада шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне де айрықша көңіл бөлінуде. Жалпы Астана экономикасының 60 пайызын кәсіпкерлік саласы құрайды. Бүгінде қалада 60 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі белсенді жұмыс істейді. Осы салада 233 мыңдай адам еңбек етуде. Былтырдың өзінде бизнес саласында 34 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Индустриалдық-инновациялық даму бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бір ғана Индустриялдық парк аумағында жалпы инвестиция көлемі 168 миллиард теңгеге жуықтайтын 50 жоба тіркелген. Қаланың негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі айтарлықтай артып, 644 миллиард теңгеге жетті.
Астананың елордалық келбеті қалыптасқалы мұнда келушілердің қатары да артқан. Былтыр елордаға 600 мыңға тарта турист келген екен. Небір айшықты ғимараттар мен рухани ордалардың көбеюі де алыс-жақыннан ағылған адамдардың қызығушылығын арттырғаны анық.
Иә, армандай асқақ Астананың алдында әлі талай міндеттер мен биік белестер тұр. Соның ішінде үлкені – ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі. Күллі әлем көз тігіп отырған жаһандық шараға елорда жан-жақты дайындықпен келуі керек. Еліміз бен елорданың жетістіктері әспеттелетін дүниежүзілік шараның игіліктері де көп болмақ. Ең бірінші, мемлекеттік маңызды жобаларға инвестиция тартуға мүмкіндік болады. Бас шаһардың барлық саласы жаңғырып, қайта түрленеді. Көрме қарсаңында көпсалалы «Абу Даби Плаза» кешені ашылып, жедел жүретін жүйрік трамвайлар жүйткитін болады. Елорданың жаңа вокзалы да осы кезеңде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Қысқасы, ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы еліміздің тағы бір тарихи парағы ашылғалы тұр. Елбасы бәсі биік бәсеке Астана мәртебесін одан әрі асқақтатуға мүмкіндік беретінін айтады.
«ЭКСПО-дай жауапкершілігі үлкен жаһандық шараны өткізуге Астананың таңдалуы бекерден-бекер емес. Елорда әлемдің деңгейдегі шараны лайықты деңгейде өткізе алатын орталық ретінде әлемге танылды. Ең бастысы, көрменің бас қаламызда өтуі – барша халықтың күш-жігерінің нақты жемісі» дейді Президент. Ол халықаралық көрме елорданы мүлде басқа қырынан танытатынын айтады. Кейін ЭКСПО өткеннен кейін оған арналып салынған нысандардың бірі қалмай пайдаланып, ел игілігіне берілетін болады.
Ендеше, биік мақсаттарға ұмтылған Астананың абыройы асқақтай берсін! Елдігіміз ерен, елордамыз еңселі болсын лайым!

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button