Жаңалықтар

Ақпарат ағыны

Жаңа басшыны таныстырды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қыз­мет­ істері жөніндегі агенттігінің төрағасы А.Бай­­меновтың 2013 жылғы 19 наурыздағы бұй­­рығымен Астана қаласы бойынша бас­­қар­­ма бастығы – Тәртіптік кеңес төрағасы бо­­лып Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаев тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әли Көмекбаев Астана қаласы Тәртіптік кеңес мүшелеріне, Астана қаласы аудандарының әкімдеріне және басқарма ұжымына жаңа басшыны таныстырды.

Е.Бөлекпаев бұл қызметке тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқарма бастығы-Тәртіптік кеңес төрағасы қызметін атқарған.

Тазша баланың тамашасы

Қазақ Ұлттық өнер университетінің Жамбыл атындағы концерт залында «Армысың, әз Наурыз!» атты театрландырылған қойылым көрсетілді.  

Университет құрамындағы Ұлттық дәстүрлер театрының әртістері бұл күні халық фольклорындағы кейіпкерлерді, атап айтқанда, Қызыр Ата, Алдар көсе, Қожанасыр, Тазша бала, Шықбермес Шығайбай, Дәметкен, Бізбике бейнелерін сахналады. Астарлы қалжыңның атасы Алдардың рөлін әртіс Жанқалдыбек Төленбаев сомдаса, Қожанасырды Ақыш Омаров ойнады. Театр әртісі Жанар Шоқпанова Тазша бала кейпінде, қуақылана жүріп, көкейіндегісін айтты. Концерттік қойылымның режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы. Өлеңдерін жазған – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы. Суретшісі – Ардақ Торғабылов.

Қойылым соңында жиналған көпшілік Ұлттық дәстүрлер театрының әртістеріне қошемет көрсетіп, Наурыз көжеден дәм татты.

«Ертөстік пен Айдаһар» – 3D форматында

Бүгіннен бастап еліміздің барлық ки­но­театрларынан Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» кино­­студиясының туындысы, режиссерлер Жәкен Дәненов пен Рустам Тұралиев түсірген толықметражды «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмі көрсетіле бастайды. Отандық мультфильмнің үлкен бір ерекшелігі – 3D форматына лайықталып түсірілгендігі. 

Қазақ фольклор кейіпкерлерін 3D форматына салып, анимациялық туындыны дүниеге әкелген топ – еліміздің ең үздік компьютерлік графика мамандары мен аниматорлары. Фильмді түсіруде «motion capture» заманауи технологиясы (актерлердің қимыл-әрекетін анимацияға айналдыру) қолданылған. Фильмді жасауға үш жылдай уақыт кетіпті. Сонымен қатар, кейіпкерлерді қазақстандық актерлер дыбыстаған. Олардың қатарында: Лидия Қаден, Димаш Әкімов, Қадырбек Демесінов, Күнсұлу Шаяхметова, Ақкенже Әлімжан, Илья Шилкин, Лия Нэльская, Нина Жмеренецкая, Евгений Жуманов, Филипп Волошин және тағы да басқалар бар.

– «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмін үлкен экрандардан көруге шақырамын. Отандық мультипликацияны қолдаңыздар! Бар күшімізді салдық, көңілдеріңізден шығамыз деп ойлаймын,– дейді фильмнің режиссері Рустам Тұралиев.

Сондай-ақ болашақта мультфильмнің нышан белгісі бар күнделік, дәптер, альбом, түрлі-түсті қағаз, қарындаш, ермексаз, акварель, фломастер сияқты оқу-құрал өнімдері шығарылмақшы. Олардың алғашқы үлгілері жұртшылыққа көрсетілді.

«Көк түркілердің» концерті

«Астана-энергия» мекемесінің ұжымы Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Қаладан шалғай орналасқан ЖЭС-2 аумағында қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, наурыз көже пісірілді.

Күні-түні тынымсыз еңбек ететін ме­кеме ұжымы үшін бұл ерекше күн. Ұлы мейрам қарсаңында астаналық  «Көк түркілер» фольклорлық ан­сам­­б­­лі­­ жұмысшыларға арнап ме­ре­­келік бағ­­­дарламасын ұсынды. Өнерпаздар дәс­­­­түрлі халық әндерін әуелетіп, дом­­­­­бырамен күй шертті. Мекеме қыз­­мет­­керлеріне ақ дастарқан жайылып, наурыз нақыштары көрсетілді.

Сүбелі сөз

Талғат БАЙКЕНОВ, «Қобыз» концерт залының директоры:

– Астананы жылумен қамтамасыз етіп­ отырған мекемеде Наурыз тойы бас­­талды. Өндірістік мекемемен ты­ғыз әріптестік байланыс орнатып, «Көк­­ түркілер»  фольклорлық ансам­б­льмен осы­нау мерекелік кешті бірлесе ұйым­дас­­тырып жатырмыз. Қазақтың ұлы  тойын өз дәрежесінде атап өткен меке­ме басшыларына өнерпаздар атынан ал­ғыс айтамыз.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button