Басты ақпарат

Ақпаратсыз дүние – бос

Ертең – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні

Жақсы адамдармен әңгімелессең, жан-дүниең тазарады

Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан» газетінің вице-президент-бас редакторы:

Жазған дүниең елді елең еткізіп, жұртшылықтың кәдесіне асып жатса, журналистің жұлдызы жанғаны. Біздің мамандықтың өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі көп. Журналистер қауымы жылт еткен жаңалықтар мен қызықты оқиғалардың ортасында жүреді. Тағдыры қызық танымал тұлғалармен тілдеседі. Елдің құрметіне бөленген ерек азаматтармен терезесі тең отырып әңгімелеседі. Аты алысқа кеткен небір саңлақтар журналистерге сыр ашып, ой-пікірімен бөліседі. Мұндай игіліктер басқа ешқандай мамандық иелерінің еншісіне бұйырмаған. Біздің кәсіптің жақсылығы да, қасиеті де осында. Өз басым журналистиканың арқасында тағдыры қилы талай жанмен сұхбаттасып, талай ел азаматтарының алдын көрдім. Олардың ірілігі мен кісілігінен өнеге алған кездерім аз болған жоқ. Бұл жүздесулердің әрқайсысы – менің жұлдызды сәттерім. Жадымда жылы естелік болып сақталып қалған сол сәттердің бірі аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен кездесуім еді.
Еліміз тәуелсіздігін енді алған елең-алаң шақта өзім бес жыл бойы табан аудармай жұмыс істеген «Қазақстан коммунисі» журналынан «Лениншіл жас» газетіне бөлім меңгеруші болып ауысып келдім. Сірескен ресми басылымда қызмет істеп, обком, партком хатшыларының атынан материал дайындап, әбден қажыған мен сол кезде «Жас Алаш» атын иеленіп үлгерген газетте шығармашылық еркіндігін қайтадан сезіне бастадым. Редакторымыз Уәлихан Қалижанов ағамызбен бірге басылым беттерінде жарық көретін материалдар тізімін, жоспарын жасауға құлшына кірістім. Алда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 80 жылдығы келе жатқан болатын. Неге екенін білмеймін, қазақ халқына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мерейтойын өткізуге ел асыға қоймады. Мүмкін, елде болып жатқан түрлі өзгерістер себепші болды ма, әйтеуір, бұл жөнінде әңгіме қозғала қойған жоқ. Ал «Жас Алаш» газеті тәуекелге бел буып, Димаш аға туралы көлемді материал жариялауды жөн көрді. Көрнекті тұлғамен сұхбат алуды өз мойныма алдым. Ұзақ жылдар бойы СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған мемлекет қайраткерімен сұхбаттасу – үлкен мәртебе. Алдын ала сұрақтар әзірлеп, ақсақалдың үйіне телефон шалдым. Қазіргі шенеуніктер телефон нөмірлері ерекше болуын да шен көреді ғой. Ал ол кісінікі қарапайым ғана сандар екен. Менде әлі күнге сақтаулы. Мұның өзі ол кісінің кішіпейілділігін аңғартса керек. Тұтқаны өзі көтерген Дінмұхамед Ахметұлы бәлденіп жатпай, сұхбат беруге бірден келісімін берді. Белгіленген уақытта бардым. Ол кісіні жақыннан көргенім осы. Еңсегей бойлы, түр-келбеті келіскен сымбатты кісі. Мәдениеттілігіне, кішіпейілділігіне, адаммен қарым-қатынасына ерекше тәнті болдым. Өмірде көрген-түйгені мол, парасатты жан екені әр сөзінен аңғарылып тұрды. Бір әңгіменің шетін шығарса, оны міндетті түрде нақты мысалдармен түйіндеп отырады. Димаш ағаның осы қасиеті маған үлкен сабақ болды. Журналистік жазбаларыма да көмегі көп тиді. Жақсы адаммен әңгімелессең, жаның жадырап шығады. Сұхбаттың жақсы шығуы кейде кейіпкеріңе де байланысты. Димекеңмен кездесуден ерекше әсерленіп қайттым.

Елге сыйлы ағамызды аттап өтпейін деп, материалды газетке жібермес бұрын өзіне бір қаратып алғаным бар. Сол кезде өңі нұрланып, риза болғаны әлі көз алдымда. Менің де төбем көкке жеткендей болды. Жұлдызды сәтімнің бірі еді бұл. Қайтар кезде: «Ал, інішек, шаруаңды айт! Бұйымтайың бар ма?» деп сұрады. Сол сәтте сонау 70-жылдары пәтерден пәтер жалдап, қиналып жүрген кезім қас-қағым сәтте көз алдымнан зулап өте шықты. «Осы сөз сол кезде айтылғанда ғой» деген пендешілік ой санамда жылт ете қалып, сәл жымиғандай болдым. Мұнымды Димаш аға басқаша түсініп қалды ғой деймін. Дереу есімді жиып: «Аға, сізде неге шаруам­ болмасын?! Шаруам бар, әрине. Мына кітабыңызға қолтаңба жазып берсеңіз. Димаш ағамен кездесіп, сұхбат алғанмын деп мақтанып жүрейін» деп өзіммен бірге ала келген «Советтік Қазақстан» деген 1980 жылы жарық көрген кітабын ұсындым. Ақсақал балаша қуанып, көңілденіп сала берді. «Балам, Жанболатқа! Қонаев. 9.І.1992 жыл» деп жасыл фломастер қаламмен тайға таңба басқандай анық жазып берді.

Көп ұзамай, яғни, 11 қаңтар, 1992 жылы сұхбат «Жас Алаш» газетінде жарық көрді. Мақтанды демеңіздер, сол кезде Дінмұхамед Қонаевтың 80 жылдығына арналған көлемді материал осы болды ғой деймін. Жұртшылықтың пікірі де жаман болған жоқ.

Міне, осындай жақсы-жайсаң жандармен сұхбаттасу – ішкі дүниеңді тазартып, жан сарайыңды ашады. Жақсы адамдарға жақын жүру – жақсылыққа жақын жүргенің. Журналистің жұлдызды сәті көп болуы үшін өмірлік тәжірибесі мол, парасатты, шоқтығы биік тұлғалармен әңгімелесіп, рухани біліміңді байытып тұрған артық болмас-ау.

Адамдар арасынан іздеймін

Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің бас редакторы:

Өзім бір кездері еңбек еткен «Астана ақшамы» газеті журналист өміріндегі жұлдызды сәт туралы айтып беруді өтінгенде, ойланып қалдым. Менің өмірімдегі жұлдызды сәт деп қандай оқиғаны айтуға болады? Алты жыл Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде істеген уақытымды ма? Әлде алты жыл «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек еткен кезімді ме? «Жас Алашта» өткен алты жыл уақытты айтам ба? Одан кейінгі «Ақ жол Қазақстан», «Егемен Қазақстан», «Астана хабары», «Айқын» басылымдарындағы азды-көпті еңбегімді сөз етем бе?!.

Жалпы жұлдызды сәт деген не өзі? Пенденің көкке көтерілгені ме? Ондай құдіретке қол жеткізе қоймаппын… Мақтанышты бір мезет пе? Пәлендей тындырған тірлігім жоқ, несіне мақтанам? Түрлі сыйлықтар мен мәртебелі марапаттар ма? Оларды еткен еңбектің бір өтеуі ғана деп қабылдаған едім. Енді не?

2004 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданына барған едім. Сонда май құю бекетінде 16 жасар бір жігіт мені танып, сәлем берді. Сол бозбаланың бір ауыз сөзі менің есімнен кеткен емес.

– Аға, әділдікті жерден іздемеңіз. Жердегі әділдікке жауапты – көктегі кісі. Адамдар жоқ нәрсеге босқа шаршайды. Шамасы келмейтін жүкті көтеруге ұмтылады. Әділдікті орнықтыратын Алла ғана. Басқа пенденің оған шамасы келмейді, – деп еді.

Жақында ғана Бауыржан Омаров екеуміз Нарынқол жақты, Шалкөде мен Қарқараны шарлап қайттық. Кегендегі май құю бекетінде, түнгі 12-де оператор қыз мені танып, амандасты.

– Аға, сіз Нұртөре Жүсіпсіз ғой. «Жас алашта» бас редактор болдыңыз. Сіздің атыңызды Қазақстанда талай балаға қойып жатыр. Аман жүріңіз!
Қарапайым журналист үшін бұдан асқан жұлдызды сәт бола ма? Мен барлық уақытта жақсылық пен ізгілік атаулыны адамдар арасынан іздеймін. Жұлдызды сәтті де!

 Елбасының тікелей эфирдегі алғашқы жүздесуін жүргіздім

Серік ЖАНБОЛАТ, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы:

Жұлдызды сәт дегенді бүгінгі күннің өлшеміне салсақ, «елге танымал болу» деп қана біледі. Тележурналистің халыққа танымал болуы – заңдылық. Өйткені, бұрыштағы «көк жәшікке» телміріп, журналистерді туысындай көрмейтін кім бар? Бірақ, елге танымал болғанмен жұлдызың оңынан туа бере ме?

Сонау 90-шы жылдардың басында біз бір топ жас журналистер «АР» жастар студиясын құрдық. АР – «Алаш рухы» деген сөз. «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген сөз. Жастықтың жігерімен ағыл-тегіл жұмыс істедік. Елге танымал болғандығымыз сондай, бізді көрермендер қараңғы түнде танып қоятын. Мұны жұлдызды сәт деуге бола ма?

Ұзынағаштағы Көкбастауда мың­даған қонақтардың алдында Жамбыл бабамыздың 150 жылдық мерейтойын жүргізуді бізге сеніп тапсырды. Абыроймен атқардық. Баспасөз жақсы баға берді. Елбасының рес-публика жұртшылығымен тікелей эфирдегі алғаш жүздесуін жүргізу де біздің еншімізге бұйырыпты. Онда да мақтау алдық. Бүгін бүкіл республикаға танымал «Айқын» газетінің беташар санын таңғы сағат бесте типографиядан алып шығып, көшеде қолымызға ұстап тұрып: «Қазақтың тағы бір үлкен газеті бар!» деп айқай салғанбыз. Бүгін бүкіл ел тәнті болып отырған «Алаш айнасының» алғашқы макеттерін жерге жайып тастап, етпеттеп сызып жатқан суреттерді көргенде, бойыңды ыстық от шарпып өткендей болады. Журналистің өмірінде мұндай ыстық сәттер көп қой. Соның қай-қайсын да жұлдызды сәт ретінде бағалауға болар.

Бірақ, мен жұлдызды сәтіме өз жұмысыма өзім шын мәнінде риза болған сәттерді ғана жатқызамын. Ондай сәттер бар. Мәселен, 90-шы жылдардың басында марксизм-ленинизм теориясымен берік қаруланған басым «қазақ жұмысшы табының бет-бейнесі қандай?» деген сұраққа жауап іздеп, Алматының көшесіне шықтым. Кеңес әскеріне жұмыс істеген Киров зауыты ол кезде дүрілдеп тұр. Директор «бізде қазақтар көп, өзіңіз көріңіз» деп біздің түсіру тобын зауыттың ауласына жіберді. Байқаймын, ақ халатпен жұмыс істейтін цехтарда қазақ баласы тіпті аз екен. Ал жұмысы ауыр, ауасы лас, шаң-тозаң цехтар толы қазақ баласы. Темір жону цехындағы ауада ұшып жүрген темір қиыршықтарынан бес метр жер көрінбейді. Мұндай адам төзгісіз жерде қалай жұмыс істеп жүргеніне таңым бар! Қасымдағы операторым ендеп кіруден бас тартты. Менде басқа амал қалмаған соң жердегі темір қиыршығы аралас майлы топырақты уыстап алдым да камераға қарап тұрып бетіме жаға салдым. «Қазақ жұмысшы табының бет-бейнесі осындай» дедім микрофонға. Сол бетімде зауыт директорының кабинетіне қайта кіріп бардым. Ол бет-ауызы кір-қожалақ журналисті көргенде шошып кетті. Бірақ мен интервьюді бастап жібергенде шегінетін жолы қалмады. Басындағыдай мақтану жоқ, барлық сұрағыма шын жауап берді. Өйткені, менің сұрағым да, дәлелім де бетімде жазылып тұрған болатын. Әрине, одан кейін бетімдегі майлы топырақты жуып кетіру оңай болған жоқ. Темірдің жоңқалары бетіме қадалып қалған. Оларды бір-бірлеп шымшуырмен жұлуға тура келді. Біраз азаптандым. Бірақ сол жұмысымнан ләззат алғаным рас. Дәл осыны жұлдызды сәтім дер едім. Немесе Солтүстік Кавказда соғыс жүріп жатқанда бір топ журналист аралап көргенбіз. «Бір жақты қала алмаймыз» деп майдан шебінен жаяу өтіп кеттік. Артиллериялық атыстың астында қалдық. Тұмсығымызға наган тіреп кепілге де алып кетті. Әупіріммен жанымыз қалды. Елге оралған соң «Атпаңдар, біз журналистпіз!» деген фильм жасадым. Ал «Атпаңдар, біз журналистпіз!» деген екінші фильм Тәжікстанда азамат соғысы жүріп жатқанда дүниеге келді. Ауғанстанмен шекарада қазақ батальоны тұрды. Сол жерде қазақ жауынгерлерінің арасында отырып, курстас досым Әміржан екеуміз халық әні «Бір баланы» екі дауыста айтқан едік. Кейін эфирде жүріп жатқан фильмнің осы тұсында жауынгерлердің көздеріндегі сағынышты көріп қатты толқығаным есімде. Ал Тәжікстанда қарулы жасақтың ортасында жүргенде бұлай толқымап едім. Сондағы айтпағым, кім өзінің жасаған жұмысын ризашылықпен еске алады, өзіне өзінің көңілі толады, жұлдызды сәт – сол. Сондықтан күндіз-түні «бес қаруын» асынып, шындық деп шырылдап жүретін кез келген журналист ағайынның жұлдызды сәті көп болады. Мерейлі сәті көп болсыншы!

МЕН ІЗДЕГЕН КЕЙІПКЕР

Ғабит МҮСІРЕП, «Нұр Астана» газетінің директоры-бас редакторы:

Журналистиканың ауылына енді араласа бастаған кезім. Алғаш рет іссапармен шалғайдағы ауданға бардым. Редакцияның берген тапсырмасы өз алдына. Оған қоса, оқырманды таңқалдыратын керемет дүние жазғың келеді. Ауғанстандағы соғыс тақырыбының түкірігі жерге түспей тұрған кезі-тін. Керемет кейіпкерді осы төңіректен іздеу керек. Аудандық газеттегі әріптестеріммен әңгімелестім. Сол соғысқа қатысып, екі бірдей аяғынан айырылған бір жігіттің барын айтты. Міне, тақырып!

…Мен іздеген батырдың еңселі ақ үйі. Кірдім. Төргі бөлмеден қос аяғын сылтып басып жас жігіт шықты. «Іздеген Қалқоразыңыз менмін. Төрлетіңіз!» деді. Жайғасқаннан кейін біртіндеп әңгіме ауанын келген шаруа-ма қарай бұрдым. «Мен ешқандай ерлік көрсеткен жоқпын. Тек Отан алдындағы борышымды орындадым. Тіпті, дұшмандармен бетпе-бет келіп соғысқан да емеспін» дейді. Үнсіз қалдым. Қалай соғыспаған? Соғыспаса, қайдағы батырлық? Сонда екі аяғынан қалай айырылып жүр?.. Менің жүзімдегі сауалдың ізін оқығандай Қалқораз: «Қос аяғым түнгі күзетке бара жатып, дұшмандардың минасына түсіп, жараланды» дейді.

Дастарқаннан ауыз тиіп отырғаным болмаса, тамағымнан ештеңе өтер емес. Өрекпіген көңілді басу үшін айналама көз тастай бас-тадым. Қабырғаға ілінген түкті кілемнің бетінде екі адамның үлкейтілген суреті тұр: жігіт пен қыз. Қалқораздың әскерде түскен суреті тәрізді. Ал жанындағысы кім сонда? «А, ол суреттің өзіндік тарихы бар, – деді Қалқораз менің суретке қадала қарағанымды аңғарып. – Жанымдағы осы үйдегі құрдасың – Ұлбосын». Осы сөзді айтқанда оның жанарында ризашылық толқыны ойнады да, әңгімесін енді жалғады: «…Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін Ұлбосын екеуміз кәсіптік-техникалық училищеде бірге оқыдық. Достығымыз сол кезден басталған еді. Кейін Ұлбосын Ташкенттегі байланыс техникумына түсті, мен әскер қатарына аттандым. Екеуміздің арамыздағы сезімнің оянуына осы ауған соғысы әсер етті деп ойлаймын. Ажалдан Ұлбосынның суреті ғана аман алып қалатындай, төс қалтамда сақтап жүрдім…».

Қалқораз аз-кем үнсіз қалды. Өткен кезеңді есіне қинала түсіретін сияқты. «Жоғарыда жараланғанымды айттым. Сөйтіп, Ташкенттегі әскери госпитальдан бір-ақ шықтым. Қос аяқты тізеден төмен қарай кестіруге тура келді. Сондайда төсекке таңылып жатып, неше түрлі ой келеді. «Жарымжан адамның кімге керегі бар? Ұлбосын енді мені қайтсін?..». Осындай ойлардың арпалысуымен Ұлбосынға хабар беруді қош көрмедім…

Ұйқы жоқ, таңертеңнен терезеге телмірумен жатамын… Сондай күндердің бірінде есік ашылып, Ұлбосын кіріп келе жатыр. Өңім бе, түсім бе?.. Жоқ, еден сықырлады. Міне, кереуетке жақындап келіп, құшақтады… Біразға дейін жанары жасаурап отырды. «Ұлбосын, – дедім, дауысым жарықтана шығып, – бес жыл бойы бір-бірімізді ренжіткен күніміз жоқ. Тағдырдың маған берген тартуы шығар. Мен саған масыл болғым келмейді. Бақытыңды таба бергін…». Өзім терезеге қарап жатырмын, жүзімдегі толқуды көрсетпейін деп. «Жо-жоқ, айтпа, ондайды! – деп, Ұлбосын жылап жіберді. – Тағдырың талқыға түскенде тастап кетеді деп ойласаң, қателесесің! Мен сені тастап ешқайда кетпеймін!».

Ал, менің ішкі дүнием қан жылап жатыр еді. Ұлбосынның сөзінен кейін өмірден түңілген сәттеріммен мәңгіге қоштасқандаймын. Сонымен, Ташкенттен қол ұстасып келдік ауылға. Ауғанстандағы жүрек тұсымда жүретін Ұлбосынның суреті мен әскердегі өз суретімді қосып, портрет жасатқанбыз».

Төрде ілулі тұрған суретті көрсетіп, Қалқораз күліп қояды. Мен «герой» ретінде оқырманға таныстырмақ болған кейіпкердің бірі – осы. Кейін газет бетінде қос ғашықтың өмірінен сыр шертетін «Бір құдірет барына сенемін» атты мақала жарық көрді.

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ҮШІН ТАЛАЙ ШАЙҚАСТАРДА ЖЕҢДІК

Ертай Айғалиұлы, Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінің бас редакторы:

Шын Армантауға бет түзеуге алтыншы сыныпта жазған кішкентай жанайқай мақалам әсер етті. Әрине, өзімше өлең жазып, шатпақтайтыным да бар еді. «Қазақстан пионеріне» де жазғаным шығып тұратын. Біз жаңа құрылған совхозға көшіп келдік. Екі-үш шақырым жердегі скважинадан күн сайын бірнеше рет иін ағашпен су тасимыз. Иығымыз жауыр-жауыр. Бір күні ойладым. «Осы скважинадан неге үй-үйге су тартпайды. Қой, мұны мен жазайын» деп, облыстық газетке «Ауызсудың азабы-ай!» деп хат жазып жібердім. Көп ұзамай ол мақалам шықты. Бүкіл ауыл шулады. Совхоз директоры көкеме ұрсыпты. Сөйткенше болмай, облыстан комиссия келген. Факті дұрыс. Соның арқасында көп ұзамай техникалар жіберіліп, үй-үйге су тартылды. Міне, мен қаламның айбарын, күшін сонда көрдім. Халық маған мектеп оқушысы демей, содан соң мұңдарын айтып жиі келетін болды.

Менің ұғымымда журналист кабинет­шіл болмау керек. «Қасқыр мен жур­налис­ті аяғы асырайды» деген сол кез­­де қанатты сөз бар еді. Мен жай тілші не­­месе бас редактор болғанда да жер ара­­лауды, елмен кездесуді журналистің басты мақсаты деп алдыма қойдым.

Екі мәрте автошеру ұйымдастырдық. Бұл екі сапарымызда да қоғам қайраткері Мұхаммед-Шәріп Кенжебай командир, мен комиссар болдым. Бірінші автошеруді 2001 жылы тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы құрметіне ұйымдастырдық. «ХХІ ғасырдағы Қазақстан шекарасы» атты автошеруге жиырмадан аса адам қатысты. Автошеру құрамында сан түрлі мамандық иелері болды. «Отан», «Ауыл» партияларының, жастар ұйымдарының мүшелері, геолог, этнограф, әскери адамдар, журналистер, әншілер осы экспедицияға қатысуға тілек білдірді. Мақсатымыз әлі де болса аяғына нық тұрып кете қоймаған шекарадағы көкейтесті мәселелерді, оның өнбойындағы ауылдардың, елді мекендердің жай-жағдайын да қаузап, оларды билікке жеткізу еді. Әрине, оларға, шекарашыларға концерт қойып, рух беру де жоспарымызда бар болатын. Қаражатымыз өте аз болды. Ескі «Пазик» автобусымен шығуға тура келді. Жолай ол автобусымыз талай-талай сыр берді. Аштан қалған кездеріміз де болды. Бір ғажабы, біздің шеруімізді қарапайым ел және шекарашылар қуана, құшағын жая қарсы алып, қолдарынан келгенше демеп отырды. Апта сайын «Ана тілі» газетінде көрген-білгеніміз, көкейтесті мәселелер жайлы үзбей жарияладық. Сөйтіп, бір ай, жеті күн ішінде 17 мың шақырым жол жүріп, Алматыға қайта оралдық. Бізді көрген ел автошерушілердің ерлігін бағалап «Жанкештілер» деген атақ берді.

Екінші автошеруімізді «Мәдени мұра – достық кепілі» деп атадық. Басты тақырыбымыз осы болғанмен, елімізді айнала қоршап жатқан бес мемлекеттегі бауырларымыздың жағдайларын өз көзімізбен көріп, оларға рух беруді мақсат тұттық. Бұл жолғы автошеруіміздің қар­жы­лық демеушілік жағы өткен ав­­то­­­­шеруімізден тәуірірек екенін айт­­пасқа болмайды. «Отан» партиясы қаржылық жағынан, үкімет бағыт-бағдарымызды бақылап, жолымызды ашты. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығынан рухани жағынан қолдау көрсетілді. «Қазақстан» телеарнасының, қазақ радиосының арнайы тобы қосылды. Ресейдің 8 губерниясын араладық. Орыстанған бауырларымызды көріп, жүрегіміз ауырды. Миллионға жуық қазаққа бірде-бір қазақ мектебінің болмауы жөнінде Парламент депутаты Мұхтар Шаханов бастаған депутаттарға дабыл қағып жеткіздік. Өзбекстандағы Әйтеке, Төле би, Жалаңтөс баһадүр бабаларымыздың жатқан жерлерінде болып, құлап, жоқ болуға айналған қабірлерінің мүшкіл жағдайларын айттық. Әсіресе, Әйтеке би ба­­ба­­мыз­­дың моласының үсті күл-қо­қы­с­та­­н­­уы бізді қатты ашындырды. Шү­­кір, біздің дабылымыздан кейін мем­­ле­­кетіміз үлкен кесене тұрғызуға қам­­қор­­лық жасады. Бұл халықаралық авто­­шеруіміз де бір ай, бес күнге созылып, жиырма мың шақырымдай жер жүріп, ерліктің зор үлгісін көрсетті. Өкініштісі, автошерушілердің бұл еңбектері, ерліктері мемлекет тарапынан ескерілмеді.

Сұлтанмахмұт «Қазақты ағаш етіп отқа жаққыларың келмесе, оның әнін сақтаңдар!» деп сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары дабыл қағыпты. Ұлы ақынның осы жанайқайына үңіліп қарасаңыз, зор мән бар екеніне көзіңіз жетеді. Мысалға мен Өзбекстаннан 5-6 жасымда оралдым. Өзбек елінде күні-түні барлық жердің әшуласы аңырап тұрады. Бұл ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады екен. «Ана тілі» газетіндегі «Қазақтың үнін кім өшірді?» деген материалым ел ішінде зор резонанс тудырды. Кейіпкерімнің дәлелдеуінше, біздің қазақ музыкасынан РЕ-ЛЯ–РЕ-ні, яғни, қоңыр үнді отызыншы жылдары алып тастаған дейді. «Қарадомалақтарды шоқындырған кім?» деген тоқсаныншы жылдары жазылған мақаланың әсерінен халық алаңға шықты. Шоқындырған директор мен осыған жол берген оқу бөліміндегілердің бірсыпырасы қуылды. Бұл сол тоқсаныншы жылдары қазақ рухының теңіздей толқып жатқандығын көрсетті. Екі мыңыншы жылдары секталар жайлы одан да өткір материалдар жаздым, бірақ халқымыз селт етпеді. Осыған қарап, ұлтымыздың рухы бірте-бірте өліп бара ма деп қорқамын.

Қонаев ашқан Жұбанов атындағы саз мектебінен редакцияға бір топ ата-аналар келді. Тағы да оқу процесінің орыстанғаны жайлы дабыл қақты. Мектеп директоры бір түйір қазақша білмейді. Секталарға есігін айқара ашып қойған. Алты ай қатарынан мектеп жайлы материалдарды үзбедік десек те болады. Бұған ақырында үкімет, министрлік, парламент араласты. «Ана тілі» газетіне «Караван», КТК сынды азулы газет пен телеарна жабылды. Жыл соңында жеңіп шықтық. Мектеп директоры жұмыстан шығарылды. КТК мойындап, «Жылдың ең қайсар журналисі» деген атақ берді. «Бинго» компаниясын қазақ тілін қорлағаны үшін бір топ азаматтар сотқа бердік. Екі-үш ай бойы үздіксіз шайқастық. «Ана тілі – рэкетир газет» деп орыс газеттерінде, телеарналарында мәлімдеген компания президенті бізді лауазымды орындағы адамдар арқылы тұқыртқысы келді. Қайтпадық. Ақыры жеңдік. Компания кешірім сұрап, «Бинго» билетіндегі қателіктерін жөндеді.

Ұлттық мүдде, ел мұң-мұқтажы үшін талай азуын айға білеген дәулермен шайқастық. Олар бізді де сотқа берді. Көп мәңгүрттер мен көзқамандар тілдің, қазақтың, қарашаның киесі барын білмейді. Білсе ғой, шіркін! Жалпы мен кабинетшіл, ұлттық мүддені, ел мұң-мұқтажын қорғамайтын әріптестерімді журналистер деп есептемеймін!

Тілдей құжат – тілшілік куәлігім

Айжан КӨШКЕНОВА, журналист:

Журналист ретінде мен ең ұзағырақ болған шет мемлекет – Грузия. Жарты жылдың ішінде алақандай елдің әр бұрышын аралап қана қоймай, танымал тұлғаларымен жүздесудің де сәті түскен.

2008 жылы қаңтар айының ортасында Тбилисиге келе сала Михаил Саакашвилидің екінші президенттік ұлықтау рәсіміне қатыстым. Журналистің оған рұқсат алуы осыншалықты оңай әрі тез деп ойлаған жоқпын. Бірінші күні грузин президент әкімшілігінің сайтында өтініш қағазын толтырсам, ертесінде бейджігім қолға тиді. Ал ашық алаңда, қалың бұқараның ортасында өткен ұлықтау рәсімінде президент пен оның отбасы мүшелері тұрған төрге қарай полиция жасағы жарыла жол ашты. Құқық қорғаушыларға көрсетілген тілдей құжат – тілшілік куәлігім болатын…

Бұл елде кез келген шенеуніктен сұхбат алу жеңіл еді. Кейбір министрлердің ұялы телефон нөмірлерін журналистика мектебінде оқитын студенттер де бере алады.
ТМД елдері журналистерінің көпшілігі КСРО-ның бұрынғы Сыртқы істер министрі, Грузияның экс-президенті, әлемдік оқиғаларға әсер еткен тарихи тұлға – Эдуард Шеварнадзеден сұхбат алғысы келетін. Әріптестерімнің арасында алғашқы болып «Шевидің» телефонын қолға түсірдім. Мемлекеттің қамқорлығындағы үй-жайда, көп кітаптың ортасында тыныш тіршілік кешкен сексендегі зейнеткер Шеварнадзе сол жолы кабинетінің есігін өзі ашып, жылы жүзбен қарсы алған. 2008 жылы наурызда «Айқын», «Литер» газеттерінде шыққан мақала – Шеварнадзенің қазақстандық тілшілерге берген алғашқы сұхбаты болатын. Одан кейін грузин саясаткері басқа қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарымен талай жүздескен, кейбір әріптестерім оның жеке сәлемін де жеткізді.

Әйгілі әнші Вахтанг Кикабидземен Выскоцкийге арналған кеште таныстым. Оның орындауындағы «Дос туралы ән» аудиожазбасы менде әлі сақтаулы. Әнші келесі күні үйіне шақырды. Үлкен қап-қара джиптің ішінен қара костюм, қара жейде, қара көзәйнегі бар ақ шашты артист түскен кезде қасымдағы грузин фотографы екеуміз аңтарылып қалғанымыз рас. Ол сұхбат кезінде әзіл-қалжыңды көп айтты, қазақтар мен грузиндердің айырмашылықтары мен ұқсастықтарын да тілге тиек етті. Сол жолы ол өзінің мерейтойлық концертін Кремльде өткізу туралы жоспарымен бөліскен. Ал бірнеше ай өткенде, тамыз қақтығысынан кейін концерттен де, Ресей президентінің орденінен де бас тартқанын телефон арқылы өзі айтып берді.

Бішкекте Қырғызстанның бұрынғы президенті Роза Отынбаевмен де жасаған сұхбатым есімде. Ол кезде кеудесінде кішкентай жауқазын түйреуішін тағып жүретін… Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік хатшысы болған Хиллари Клинтонның брифингіне қатысуға да мүмкіндік болды. Ол сол жолы америкалық журналистердің қойған қыршаңқы сауалына жауап берместен, шұғыл теріс айналған. Палермода ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сол кездегі президенті Петрос Эфтимиумен сұхбат даярладым…

Әлемнің өзің қалаған еліне барып, кез келген саясаткерімен сұхбаттасу – кездейсоқ сәттілік, жұлдызды сәттен гөрі күнделікті табанды журналистік жұмыстың бөлшегі, нәтижесі болса керек.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button