Руханият

Аққыз бен Ақселеу

Шертпе күй шебері Аққыз (Мүгүлсім) Ахметқызының танылуына аса көрнекті ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек көп еңбек сіңірді. Күйшінің мұрасын насихаттап, 1977 жылы ол уақытта 80 жасқа келіп, алыс ауылда жатқан әжені Алматыға алдыртып, шығармашылық ортамен қауыштырды.

Аққыз әженің артында «Қайран елім», «Аққыз», «Жетім қыз», «Қосбасар», «Қоңыр күй» сынды бірнеше күй мен «Жалған-ай», «Қайран, бауырларым», «Аман бол, амал қанша», «Сағыныш», «Ханшайым» әндері қалды. Жарқын Шәкәрім, Ақселеу Сейдімбек, Жанғали Жүзбай сынды зерделі зерттеушілер, ұлт өнеріне жанашыр азаматтардың арқасында бұл шығармалар осы күнге жетіп, «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан «Мәңгілік сарын», «Қазақтың 1000 күйі», «Сарыжайлау» атты халық музыкасы антологияларына енді.

А.Сейдімбек «Аққыз» атты повесть де жазды. Күйші жайлы «Рухани дәстүр дегеніңіз мәуелі дарақ сияқты, тамырын тереңнен тартып, бұтағын кеңге жаяды. Осынау басы ашық ақиқатқа күйші Аққыздың өмірі мен өнері айғақ бола алады. …Күйші әженің сезімталдығына қайран қалғанбыз. Қайран қала отырып, бүгінгі, болашақ ұрпақтың да дәл осындай мән-мағына таба білуін армандап едік» деген сөз де қалдырды.

Этнограф пен күйші бірнеше мәрте кездесіп, әңгімелескен. Осыдан 41 жыл бұрын Алматыға алдыртқанда өзі бөлім меңгерушісі болып отырған «Социалистік Қазақстан» газетінің (қазіргі «Егемен Қазақстан») ұжымымен кездестірген. Жалпы, А.Сейдімбек осы басылымда жұмыс істегенде талай әнші-күйші, өзге де өнерпаздарды редакцияға шақырып, әндерді әуелетіп, күйлерін күмбірлетуге мүмкіндік жасаған. Өзі де өнерден құралақан емес еді. Аққыз Ахметқызы редакцияға келгенде де сондай бір мәнді отырыс болған. Сол кезде түсірілген суретте Аққыз әженің қасында шәкірті, ҚазКСР халық әртісі Мағауия Хамзин, газет редакторының орынбасары Сарбас Ақтаев және домбырамен күй шертіп отырған Ақселеу Сейдімбектің өзі бейнеленген. Бізге суретті ұсынған Аққыз әженің жиені Болат Тәкішевтің айтуынша, А.Сейдімбектің қолындағы Аққыздың домбырасы қазір Қарағанды қаласындағы «Болашақ» академиясы ғимаратындағы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтың жеке мұражайында сақтаулы тұр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button