Руханият

АҚСЕЛЕУ МҰРАЖАЙЫ

18 мамыр – халықаралық музей күні. Бұл күнді әлемнің барлық музейлері атап өтеді. Айтулы дата дүниежүзіндегі 150-ден астам елде ресми мереке ретінде тіркелген. Бізде де аталған мереке назардан тыс қалып көрген емес. Шындап келсек, қазақ даласы мұражайлар мекені десек те болады. Орталықты былай қойғанда, әр ауылда бір музейден кездеседі. Тіпті, орта білім беретін оқу орындарының да өз мұражайы бар. Сондай асыл қазынаға толы орданың бірі – Астанадағы №54 мектеп-лицейінде ашылған халқымыздың ардақты перзенті, жазушы, этнограф-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақселеу Сейдімбек мұражайы.

IMG_6430Асқаралы Ақселеу ағаны білмейтін қазақ жоқ. Тарих пен өнердің қай саласына қалам тартса да адалдығы мен азаматтығынан таймаған, қашанда халықтың жоқшысы болып, ғасырлар қойнауында қалған деректерді тірілтіп, жұрт кәдесіне жаратып, ұлттық мұра­мызды ардақтай білген асыл тұлға. Әрине, бүгінде «тұлға» деген сөзді көп қолданамыз. Анау да – мынау да тұлға. Ал шын мәніндегі осы сөз Ақселеу Сейдімбек секілді сиректерге ғана айтылса керек. Асыл азаматтың өмірден өткеніне де жеті жылға жуықтап қалды. Сонда да туған халқы оны ұмытпай, үнемі аузынан тастамайды. Зиялылар да «Дәл осы жерде Ақаң болса қалай сөйлер еді, қандай уәж айтар еді» деп айтып жатады. Расында, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан талантты тұлғаның орны кәдімгідей үңірейіп тұр.
Бізді мұражай алдындағы жазушының дәл өзіндей сұлу, мінсіз мүсіні қарсы алды. Ішімізден ағамыздың рухына тағзым етіп, табалдырықты аттадық. Құдды ғалым­ның жұмыс кабинетіне кіргендей әсерде болдық. Төрде жазушының жазу үстелі мен креслосы орналасқан. Қаламгер жұмыс істеп жаңа ғана сыртқа шығып кеткен секілді. Қаламсап пен қағазы да өз орнында қозғалмай тұр.
Аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, мұражай меңгерушісі Орынбасар Сейдешовтің айтуынша, ол кісі 2009 жылы қыркүйек айында дүниеден озғаннан кейін Астана қаласы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімі бойынша 23.11.2009 жылы
№72 бұйрығына сәйкес, №54 мектеп-лицейіне Ақселеу Сейдімбектің есімін беру туралы шешім шығарылған. Осы қаулы негізімен 2010 жылдың 11 қыркүйегінде білім ордасында Ақселеу Сейдімбек атындағы мемориалдық мұражай ресми түрде ашылған. Бүгінгі таңда осы мектепке ардақты аза­мат­тың есімін беру жөніндегі қалалық мәс­лихаттың шешімі шыққанмен, арнайы қаулы әлі жарық көрмеген.
Музейде ғалымның өзі тұтынған жеке дүниелері, қызметтік заттары қойылған. Жазушының өмірінен сыр шертетін фотосуреттер де – бір қара. Қаламгер әкесі соғысқа аттанып бара жатқанда желтоқсан айында дүниеге келіпті. Анасы күйеуіне құндақтаулы сәбиді алып келгенде Слан баласын бауырына басып: «Шашы қазақтың қасиетті шөбі секілді ақ селеу екен. Есімі де солай болсын» депті. Сол кеткеннен әкесі қанды майданнан оралмайды. Болашақ жазушы әкесінің ағасы Аманбектің бауырында ержетеді. Он жылдық мектепті бітіргеннен кейін ауылда үш жыл шопанның көмекшісі болады. Жалпы, Ақселеу Сейдімбек жасынан ел ішіндегі ескі әңгімеге құлағы түрік болып өседі. Көне аңыздарды майын тамызып айтатын қариялардың қол баласы атанады. Солардың әңгімелерін ұйып тыңдайды. Оқушы кезінен аудандық, облыстық басылымдарға мақала жазады. Оның көшірмелері де мұражайға берілген.
Сондай-ақ, ғалымның әке-шешесінің, ағасының, бауырларының фоталары да балалық шақтағы ағамыздың ғажайып бейнелерін береді. Әскер қатарында жүрген суреттері де көркем. Отбасылық фоталар да бір әлем. Ал ұлтымыздың көрнекті тұлғаларымен түскен сурет­тер­дің өзі өткен күннен сыр шертіп тұр­ған құнды жәдігерлер деуге болады.
Дарынды дарабоздың тағы бір қыры – шеберлігі. Кәдімгідей өз қолымен домбыра, қобыз таяқ, шақша жасаған. Оның бірқатары мұражайға берілген. Жазушы жасаған домбыраның дауысы да ерек. Сыңғырлап тұр. Ал, қолға ұстайтын таяқтың неше түрлісін көруге болады. Әсемдігі бірінен-бірі өтеді. Шақша да солай.
Бізді ғалымның әйгілі Әлкей Мар­ғұланмен, дарынды қаламгер Жомарт Әбдіхалықпен жазысқан хаттары қы­зықтырды. Әлкей атамыз 1972 жылы жас журналистке «Сені Ақселеу деп ақылды қазақ қойған болу керек. Сон­дықтан сенен түбі бірдеңе шығады» деп хат жазыпты. Ақселеу аға Қарағандыда «Лениншіл жас» (Қазіргі «Жас алаш») газетінің меншікті тілшісі болып жүргенде Әлкей Марғұланға, Ғабит Мүсіреповке Арқаның тарихы туралы қажетті деректерді тауып бе­ріп отырған. Жазушының бай кітап­ханасының біраз бөлігі музейден орын алған. Оның ішінде өзінің жарық көрген барлық кітаптары бар.
– Мұражайды толықтай жазушының балалары жабдықтады. Барлық жәдігер­лерді сол кісілер берді. Сондықтан, оларға үлкен алғысымды айтамыз. Біздің мектепте ардақты тұлғаның туған күніне орай түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Сыныптарға «Ақселеутану» факуль­тативті сабақ­тар өткізіледі. Оқушылар ғалым шы­ғармашылығы жайында баяндамалар дайындайды. Қысқасы, біздің балалар Ақселеу атасының асыл мұраларын қастер тұтады, – дейді Орынбасар Сейдешов.
Бір сөзбен түйіп айтқанда, тарихи дерек пен құнды жәдігерлер сыр шерткен музейден өмірі өнегеге толы ұлағатты тұлғаның бекзат болмысы мен парасатты танымын терең таныдық.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button