Тағзым

АҚСЕЛЕУ ОҚУЛАРЫ – ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒАНЫ ЕСКЕ АЛУ

Z09B1048

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған дәстүрлі Ақселеу оқулары өтті.

Қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғаның өлшеусіз еңбегін жан-жақты зерделеп, насихаттау мақсатында қолға алынған Ақселеу оқулары жыл сайын көрнекті тұлғаның туған күнінде, яғни 22 желтоқсан күні өтуі дәстүр болғалы қашан. Бұл шараны жыл сайын университеттің журналистика және саясаттану факультеті өткізеді. Кезінде Ақселеу Сланұлы осы факультеттің кафедра меңгерушісі болғаны белгілі. Сол кезеңдердегі баспасөз және баспа ісі кафедрасының ғана емес, күллі университеттің  қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіне Ақселеу Сейдімбектің үлесі ұшан-теңіз. Сондықтан факультет ұжымы Ақселеудей арда азаматты ерекше қадір тұтып, әспеттеуді өздеріне парыз санайды.

Туған халқының кем-кетігін түгендеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан азаматты ардақтаған рухани жиынды Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, доцент Қайрат Сақ ашып, Ақселеудей дара болмыс иесінің есімін ұрпақ жадында жаңғыртып отыру мақсатындағы шараның мән-маңызына тоқталды. «Ақселеу Сейдімбек – туған елінің игілігі үшін бар күш-жігерін жұмсаған ерекше дарын иесі. Қарымды қаламгердің шоқтығы биік туындыларын терең зерттеп, кеңінен насихаттау – бүгінгі ұрпаққа аманат. Университет Ахаңның жарқын бейнесін жадымызда мәңгі  сақтау үшін оның туған күні мен өмірден озған күніне орай түрлі шаралар өткізуді дәстүрге айналдырды. Соның бірі – бүгінгі Ақселеу оқулары» деді ол.

Ал жазушы-ғалымның үзеңгілес жолдасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қойшығара Салғараұлы замандасының ешкімге ұқсамайтын ерекше бітім-болмысы мен адамгершілік тұлғасы туралы сөз қозғай келе,  қоғам қайраткері Алаш зиялыларының әлемін зерттегеннен кейін шығармашылығын ұлттық мүддеге біржола бұрғанын жеткізді.

Жалпы Ақселеу Сейдімбектің көп ерекшелігінің бірі – шешендігі. Оның алдын көрген шәкірттері текті тұлғаның шешендігіне, телегей теңіз біліміне тәнті болып, әлі күнге дейін құрметпен еске алып отырады. Жиында сөз сөйлеген қаламгер Мырзагелді Кемел, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов көрнекті қайраткердің осы айрықша қасиетіне тоқталып, оның ауызекі әңгіменің ғажайып шебері болғанын еске алды.

Ал профессор Дихан Қамзабек өз сөзінде Ақселеу Сланұлының қандай күрделі кезеңдерде де ұлтының сөзін сөйлеген, ұлт мүддесіне қызмет еткен ардақты азамат болғанын айта келіп, оның ел руханиятын дамытуға қосқан еңбегін, артына қалдырған өлшеусіз мұраларын дәріптеу ешқашан толас­тамау керектігін жеткізді.

Ақселеу Сейдімбек ел ішіне кең тараған «Сарыарқа», «Дәурен-ай» сынды көптеген әндердің авторы екені белгілі. Шығармашылық жиында сол әндердің бірқатары әуелеп,  жұртшылықты Ақселеу әлеміне жетелей түсті.

Қазақ руханиятының қабырғалы өкілі Әбіш Кекілбай «Мен қазақ халқына Ақселеуді бергені үшін ризамын. Қазақ қандай болды десе, мынадай болды деп Ақселеуді көрсетер едім, қазақ ұлты келешекте қандай болуы керек десе, мынадай болады деп, тағы сол Ақселеуді көрсетер едім. Ақселеу Сейдімбекті бүгінде әрбір қазақ баласы ұмтылатын эталоны, әрбір қазақ баласы пір тұтатын идеалы деп түсінемін» дегені есімізде. Ендеше, осындай шаралар арқылы әр қазақтың жадында Ақселеудей арда азамат мәңгі сақталары сөзсіз.

Z09B1042

 

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button