Басты ақпаратБілім

Ақселеу аманаты

«Асқар тау алыстаған сайын зорая түседі» деген тәмсіл бар. Ұлт мақтаныштарының арасындағы шоқтығы биік, қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым, әдебиеттанушы, философ, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбек артына мол мұра қалдырып кетті.

2009 жылы Астана қаласы әкімдігі мен мәслихаты елордадағы №54 мектеп-лицейіне Ақселеу Сейдімбектің есімін беру туралы бірлескен шешім шығарды. Бірақ, аты берілгенімен, белгісіз бір себептермен жалпы білім беретін мектеп ресми түрде 2021 жылдан бастап жазушының 80 жылдығына орай мектеп жазушының атымен атала бастады. Ал «Ақселеу Сейдімбек атындағы музей» 2010 жылдың 11 қыркүйегінен бастап ашылып, жұмыс жүргізуде.

Астанадағы Ақселеу атындағы музейде жазушы өзі қолданған мынадай құнды жәдігерлер бар: Ақселеу ағаның сырлы, әдемі неше түрлі таяқтары (11 түрлі);

Костюм-шалбары ілулі тұр;

Былғарыдан жасалған креслосы бар (университетте жұмыс істеп жүргенінде қолданған екен);

Қыздары Зере мен Салтанатқа арнайы өзі жасаған домбыралары ілулі тұр;

Өзі жасаған 2 шақша, шаңқобызы музей төрінде түр;

Қолымен өнерлеп жасаған торсық ыдыс та музейдің көрікті жәдігерлерінің бірі;

Өзі жасаған насыбай үккіш те осында.

Жазушының еңбектері жинақталған 6 томдық жинағы, майлы бояумен салынған жеке портреті музей төрінде тұр.

Тағы бір жәдігер – қазақтың қоңыр қобызы. Ақселеу Сланұлы – көзі тірісінде 5000-нан астам қазақтың күйі туралы аңыздарды жинақтап, шығу тарихын жазған қаламгер.

Музейді жәдігерлермен қамтамасыз еткен және жабдықтаған ғалымның ұл-қыз­дары.

6 томдық жинақта қазақ халқының этногенезі мен этномәдени байланыстарына қатысты елеулі дереккөздердің түрі – шежіре мағлұматтары, көшпелі өмір-салттағы дәстүрлі қазақ қоғамында мемлекет жасақтаудың төл сипаттары жаңаша парықталған. Қазақ халқының құрамындағы ру-тайпалардың құрылымы тұңғыш рет толық қалпында жүйеленіп көрсетілген. Зерттеу еңбекте қазақ этнология­сына қатысты көптеген тың да толымды пайымдаулар жасалған.

Мектеп музейіндегі стендте анасы Қатеп пен әкесі Сланның және әкесінің інісі Аманбектің фотолары бар.

– Әкесі Слан Ақселеу 1942 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келгесін ертеңіне сәбиге қарап тұрып «Баламның төбесіндегі шашы даладағы қасиетті селеу шөбіне ұқсас екен, аты Ақселеу болсын деп есімін қойған екен, – дейді музей меңгерушісі, ақселеутанушы Орынбасар Сейдешов.

Стендтегі суреттерді ол оқушыларға, келушілерге көрсетіп, тарихымен таныс­тырады.

Академик Әлкей Марғұланмен, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевпен, Иманғали ­Тасмағамбетовпен, тағы басқа да көптеген зиялы қауым өкілдерімен, ақын-жазушылармен, ғалымдармен бірге түскен фотолары сақталған.

– Ақселеу Сейдімбектің азамат ретіндегі болмысын айғақтайтын айқын қасиеттерінің ең бастысы, оның жалтақсыз ұлтжандылығы, – дейді Орынбасар Сейдешов өз сөзінде.

Шындығында да аттың жалында, түйенің қомында өскен, ұлы даладан нәр алған, көшпелі өмірдің көзін көрген Слан баласы дәулескер күйші болатын. Күй шығарып қана қоймай, оның тарихын зерттеген. Өйткені ол күйде қазақтың бүкіл тарихы жатқанын түсіне білді.

Сырбаз да сұңғыла тұлғасы, ұлтжандылығы мен адалдығы аңызға айналған Ақаң туралы көзкөргендердің айтуына сүйенсек, сол бір 70-жылдардың басына тымақ, аяғына саптама етік, үстіне тон киіп, етікке қамшы қыстырып алып Алматының көшесінде алшаң басып жүруінің өзі көп ойдан хабар береді.

Мектептегі мұражай осылайша Ақселеу әлемінен сыр шертіп, оның қазаққа қалдырып кеткен мол мұрасынан хабар беріп тұр. Мектепте А.Сланұлының туған күніне орай тақырыптық сап түзеулер, сынып сағаттары ашық есік күндері жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналған.

Шындығында да Ақаңның аманатын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, олардың білім көкжиегін кеңейтіп, керемет, шедевр дүниелерін, зерттеулерін жинақтаған  музей – мектептің ғана емес, бар қазақтың құнды жәдігері, баға жетпес байлығы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button