Басты ақпарат

АҚШ сәулетшілері жеңімпаз атанды

 

Сейсенбі күні «ЭКСПО-2017» көрме кешенінің үздік эскиз-идеясына арналған Халықаралық архитектуралық конкурстың қорытындысы шықты. Нәтижесінде «Adrian Smath+ Gordon Gill Architecture» компаниясы әзірлеген сәулет жобасы үздік танылып, жеңімпаз атанды.

Адриан Смит бастаған АҚШ сәулетшілер тобы ЭКСПО-Сити орталығын заманауи киіз үйге ұқсатып жасаған. Отандық сарапшылар аталмыш жобаны «дәстүрлі қазақ архитектурасының жаһандық өркениетке ұласқан заманауи келбетін береді» дейді. Эскиз авторлары дәстүрлі киіз үйдің кішірек тұрқын үлкен заманауи киіз үйге ұластырып берген. Өздерінің айтуынша, павильон шеңберінде бірнеше амфитеатрлар, абаттандырылған саябақтар, гүлзарлар болады. Жалпы, аталмыш жобаның ең басты тұжырымдамасы – ЭКСПО-Сити болашақ қалалардың үлгісі болумен қатар, энергия қуатын дамытатын және тарататын орталыққа айналмақ.

Әлемдегі ең үлкен EXPO халық­аралық көрмесін өткізу қай елдің бол­сын мерейін асқақтатады. Сон­дық­тан көрме кешенінің символы бо­луға лайық тиімді жоба таңдалуы керек.
Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте аталмыш жоба мақұл­данған болатын. Топ жарған АҚШ сәулетшілерінің архитектуралық эскизі үздіктердің көшін бастады.
Белгілі болғандай, ЭКСПО қала­шы­ғының аумағы – 173,4 гектарды құрайды. Оның ішінде 25 гектар көр­ме кешеніне тиесілі. Қалашық Есіл ауданындағы Қабанбай батыр, Хусеин бен Талал, Орынбор және Рысқұлов көшелері мен даңғылдары аума­ғында орналасады. Кешеннің басты символы – бірнеше қабатты сфера түрінде жасалған Қазақстан павильоны. Ол көрме қалашығының дәл ортасында орналаспақ. ЭКСПО қалашығының айналасында халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар болады.
Конкурс жөніндегі техникалық кеңестің төрағасы Джереми Риф­киннің айтуынша, жеңімпаз жоба қай жағынан да барлық талап­тарға сай келеді. «Adrian Smith+Gordon Gill Architecture» жоба­сы тұрақты даму және архи­тек­­­ту­ралық-көркемдік көрініс тұрғы­­­сы­нан да, сонымен қатар «Э­КСПО-2017» көрмесін өткізген­нен кейін одан әрі қолдану тұр­ғысынан да тиім­ді. Жос­пар­лан­­ған ғи­ма­раттар эко­ло­­гиялық, эко­но­ми­ка­лық және әлеу­меттік тұрақ­ты дизайн қағи­дал­а­рын ескерген» дейді ол.
Сонымен сәулет байқауы жеңім­паздарының жобасы бойын­ша ЭКСПО көрмесінің келу­ші­лері тұтынатын қуаттың көбісі жаңар­тылмалы энергия көздерінен алынады. Сондықтан ғимараттарда күн және жел энергиясын қолда­натын қондырғылар орнату ұсы­нылған. Көрме аймағында «Энергия әлемі», «Тіршілік үшін энергия», «Қолжетімді энергия», «Ме­нің болашақ энергиям» тақы­рыбындағы негізгі павильондар болады. Павильондардың әрқайсысы шамамен 4 000 шаршы метр. Ал, халықаралық павильондар үлесіне бұдан екі еседей үлкен аумақ бе­рілмек. Оған жүзден астам ел қа­тысып, өз жетістіктерін ұсынады.
Дәл бүгін көрменің басталуына 1364 күн қалды. Көп ұзамай экологиялық таза, қауіпсіз және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың өзектілігін көр­сететін жеңімпаз жобаның құры­лысы басталмақ. Еліміз ұсынған тақы­рып баламалы энергия көз­дерін пайдалануда жаңа өнерта­быстар мен технологияны кеңінен ұсынуға мүмкіндік береді. Астана осы саладағы ең үздік әлемдік өнертабыстар мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button