АҚШ-тың алтын ғасыры басталды ма?
2025 жылдың 20 қаңтарында Дональд Трамп АҚШ-тың 47-президенті ретінде ант қабылдап, өз қызметіне кірісті. Инаугурация рәсімі Вашингтондағы Капитолий ғимаратының ротондасында өтті. Рәсімге бұрынғы президенттер Джо Байден, Барак Обама және Джордж Буш, технология саласының жетекшілері Илон Маск, Марк Цукерберг және Джефф Безос, сондай-ақ TikTok-тың бас директоры Шоу Цзы Чю, OpenAI басшысы Сэм Альтман, Қытай Халық Республикасының вице-президенті Хань Чжэн қатысты.
Анттан кейінгі арыны қатты
Ант бергеннен кейін Трамп ротондада өзінің инаугурацияға арналған сөзін сөйледі. Оның сөзі алдағы төрт жылдағы саясатының негізгі бағыттарын айқындап, Америка Құрама Штаттарының ішкі және сыртқы саясатында елеулі өзгерістер болатынын көрсетті.
Кіріспесін «Американың құлдырауы аяқталып, жаңа алтын ғасыры басталды» деп бастаған ол бұрынғы президент Джо Байденді Әділет министрлігін саяси қару ретінде пайдаланғанын және заңсыз мигранттарды қолдап, америкалықтарды елемегенін сынға алды. Дегенмен ол бұл айыптауларға нақты дәлел көрсеткен жоқ.
Жаңа президент иммиграция мен экономикаға назар аударатын «бірқатар бұйрыққа» қол қоятынын және «елдің оңтүстік шекарасында ұлттық төтенше жағдай» жариялайтынын атап өтті.
«Біз «Мексикада қалу» саясатын қалпына келтіреміз. Мен басып алу және босату сияқты факторларды жоямын. Қылмыспен, лаңкестік ұйымдармен де күресеміз. 1798 жылғы шетелдік жаулар туралы заңға жүгіне отырып, біздің үкіметті АҚШ-қа, соның ішінде біздің қалаларымыз бен қала маңындағы елді мекендерге жойқын қылмыс әкелетін барлық шетелдік бандалар мен қылмыстық желілердің басшыларын жою үшін құқық қорғау органдарының толық күшін пайдаланамын» деді ол.
Трамп Американы тағы да әлемдегі ең көп мұнай мен газға ие индустриалды елге айналдыру үшін елде «энергетикалық төтенше жағдай» жариялайтынын атап өтті.
«Біз бағаны төмендетеміз, стратегиялық резервтерімізді қайтадан қуатқа толтырамыз және америкалық энергияны бүкіл әлемге экспорттаймыз. Қайтадан бай ел боламыз, бұған аяғымыздың астындағы «сұйық алтын» көмектеседі» деді жаңа президент. АҚШ басшысы америкалық азаматтарға салық салудың орнына өз азаматтарын байыту үшін шет елдерге салық салатынын айтты. «Бұдан былай Америка Құрама Штаттары үкіметінің ресми саясаты тек екі жыныс – еркек пен әйел болуы керек» дегенді де қосты.
Ол «Мексика шығанағының» атауын «Америка шығанағы» деп өзгертіп, АҚШ-ты тарифтер мен таланттар арқылы өте бай еткен 25-президент Уильям Мак-Кинлидің даңқын қайтаруды көздеп отырғанын жасырған жоқ. Трамп Панама каналының ақымақтықпен Панамаға берілгенін айта келіп, «Америка Құрама Штаттары жобаға бұрынғыдан да көп ақша жұмсады және Панама каналын салу кезінде 38000 адамның өмірін қиды. Панама келісімдерді бұзды және америкалық кемелерге, соның ішінде Америка Құрама Штаттарының Әскери-теңіз күштеріне деген көзқарасы әділетсіз» деп тағы қайталады. «Мен сендермен біргемін, сендер үшін күресемін. Мен сендер үшін жеңемін. Біздің алтын ғасырымыз енді ғана басталды» деп аяқтады АҚШ-тың жаңа президенті сөзін.
Жаңа жарлықтар жарылқай ма?
Ұлықтау рәсімінен бұрын инаугурацияның бірінші күнінде 100-ге жуық жарлыққа қол қоюға ниетті екенін айтқан Дональд Трамп жұмысына кірісе салып бірқатар жарлыққа қол қойды. Атап айтқанда, Трамп Ақ үйге орала салып, 2021 жылы 6 қаңтарда Капитолийге шабуыл жасағандарға рақымшылық жасап, 1600 адамды босататын заңға қол қойды.
Трамп 1 миллионнан астам мигранттың жұмыс істеу мақсатында АҚШ-қа кіруіне рұқсат беретін миграциялық қоcымшаның жұмысын тоқтатты. Мигранттарға оңтүстік шекарадағы 8 учаскеде кездесуге жазылуға мүмкіндік беретін қосымша енді жұмыс істемейді. CBP қосымшасы онлайн-лотерея жүйесі арқылы күніне шамамен 1450 кездесуді жоспарлайтын. Ол әсіресе Куба, Венесуэла, Гаити және Мексика азаматтары үшін өте қолайлы болған еді. Байден әкімшілігінің өкілдері бұл қосымшаны шекарада заңсыз өтуді болдырмай, заңды бағыттарды құрудағы басты жетістік деп бағалаған болатын. Сонымен қатар Трамп АҚШ аумағында өмірге келген сәбилерге автоматты түрде АҚШ азаматтығын беру шешімін тоқтату туралы жарлыққа қол қойып, АҚШ-қа барып туғысы келетіндерге үлкен тосқауыл жасады.
АҚШ-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Париж келісімінен шығарған Трамп Кубаны қайта «терроризмді демеуші ел» тізіміне қосты. Наркокартельдерді лаңкестік ұйымдар қатарына қосу туралы жарлыққа қол қойған ол Байден тұсындағы өлім жазасына енгізілген мораторийді алып тастады. Сондай-ақ оңтүстік шекарада мигранттар ағынын тоқтату үшін төтенше жағдай жариялау туралы жарлық күшіне енді. Дональд Трамп өз әкімшілігінің 1 ақпаннан бастап Мексика мен Канадаға 25 пайыз баж салығын енгізетінін мәлімдеді.
Осыдан бұрын Мексика шығанағы, Гренландия туралы тосын мәлімдеме жасап, жұртты таңғалдырған Трамп Мексика шығанағын Америка шығанағы деп өзгерту туралы жарлыққа да қол қойып үлгерді. 2024 жылдың сәуірінде Джо Байден TikTok-қа қатысты «платформа 2025 жылдың 19 қаңтарына дейін америкалық компанияның қарамағына өтуі керек» деген заңға қол қойып, әйтпесе оның елдегі жұмысына тыйым салынатынын ескерткен. Осы жарлыққа сәйкес, 19 қаңтардан TikTok-та қысқа видеоларды орналастыру және оны көрсету қызметі бұғатталған болатын. Алайда Трамп сайлауда жеңуіне TikTok қолданушыларының да зор қолдауы болғанын алға тартып, оның жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беретін уақытша шешім қабылдады. Құжат аясында Қытаймен келісіп, TikTok-тың кем дегенде 50 пайыз акциясын иемдену жоспары бар.
Украинаның күні не болмақ?
Тағы бір назар аударатын түйін, Трамп АҚШ-тың барлық шет мемлекеттерге көмегін 90 күнге тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. «Тексеріс жүргіземіз. АҚШ-тың кім-кімге болсын көмегі АҚШ мүддесіне сай келмейтін болса, біржолата тоқтатылады» деді ол. Бұл шешім Украинаны қолдаушылар арасында үлкен алаңдаушылық туғызды. Өйткені Украина соғыста қолданып жатқан қару-жарақтың 40 пайызын АҚШ көмекке бергенін ескерсек, көмекті 3 ай доғару қазір Ресей күштерімен қан-қасап шайқас жүргізіп жатқан Украинаға үлкен соққы болғалы тұр.
Трамп ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Ресей, Украина жайлы айтпағанмен, Ақ үйде жарлықтарға қол қою барысында бірқатар сұраққа жауап беріп, Украина соғысына қатысты пікір білдірді. Ол жуық арада Путинмен кездесетінін жасырмады. Оның айтуынша, Украина президенті В.Зеленский келіссөз өткізуге дайын. «В.Путин келісім жасауы тиіс. Менің ойымша, ол келісім жасаспай, Ресейді құлдыратып жатыр. Егер келісімге келмесе, Ресейді үлкен проблема күтіп тұр» деді Трамп. Трамп Украина мен Ресейдің әскер шығыны жайлы да айтты. «Біздің қолымызда нақты деректер бар. Украина тарапы 700 мыңға жуық сарбазын жоғалтты. Ресейдің әскери шығыны 1 млн сарбаздан асады. Ресейде сарбаз көп, демек жоғалтатын сарбаздары да көп болады деген сөз. Бірақ елді бұлай басқаруға болмайды, мүлде болмайды» деді.
Ал В.Путин қызметіне кіріскен Трампты алғашқылардың бірі болып құттықтап, «Трамп пен оның командасы Ресеймен тікелей қарым-қатынасты қайта қалпына келтіруге мақұл екенін көріп отырмыз. Бұл байланыс Байден командасы кезінде АҚШ тарапынан үзілген еді. Трамп пен оның командасы, сондай-ақ, үшінші дүниежүзілік соғысқа жол беруге қарсы. Біз де оны құптаймыз. Трамп Украинадағы соғысты келіссөз арқылы шешуге бел шеше кіріскелі отыр. Оған біз дайынбыз» деп мәлімдеме жасады.
Жаһанға жағымсыз ықпал жасайды
Д.Трамптың ДДҰ-дан және Париж келісімінен шығуы жаһанға жағымсыз ықпал жасауы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) – жаһандық қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды үйлестіруші орган. АҚШ бұл ұйымның ең ірі қаржы донорының бірі ретінде оның бюджетінің шамамен 15 пайызын қамтамасыз етіп келді. Сондықтан бұл шешім халықаралық денсаулық сақтау саласына кері әсерін тигізді. АҚШ-тың қаржылай қолдауының азаюы вакциналар әзірлеу, ауруларды бақылау және денсаулық сақтау жобаларын жүзеге асыруға қажетті ресурстардың тапшылығын туындатады.
Әлемдегі ең ірі парниктік газ шығарушы елдердің бірі ретінде АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша ынтымақтастықты әлсіретті. Кейбір елдер АҚШ-тың бұл шешіміне байланысты өз белсенділігін азайтуы мүмкін. Париж келісіміне сәйкес, келісімге қатысушы елдер ғаламдық температураның көтерілуін 2°C-тан аспайтын деңгейде ұстауға және оны 1,5°C-қа дейін шектеуге тырысуға міндеттелген. АҚШ-тың бұл келісімнен шығуы парниктік газдар шығарындыларын азайту қарқынының баяулауына алып келеді. Дегенмен Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен: «Париж келісімі – әлі де бүкіл адамзат үшін ең үлкен үміт. Сондықтан Еуропа бұл жолдан қайтпайды, табиғатты қорғағысы келетін және жаһандық жылынуды тоқтатуға ұмтылатын барлық елмен ынтымақтастықты жалғастырады» деп мәлімдеді.
АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы «Трамптың мұнай мен газ өндірісін «максималды деңгейге» дейін арттыруға бағытталған кешенді жоспар әзірлеуіне қатысты. Өйткені Трамптың бұл жоспары экологиялық стандарттарды әлсірету және қазба отындарын көп пайдалану жаһандық климаттың өзгеруімен күресуге кері әсерін тигізді. АҚШ мұнай мен газ өндірісін ұлғайту арқылы әлемдік энергетикалық нарықтағы рөлін күшейтеді. Бұл әсіресе энергияның бағасына айрықша әсер етуі мүмкін, себебі АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің бірі болғандықтан, оның өндірісінің өсуі мұнай мен газ бағасын төмендетеді. Бұл мұнай мен газға тәуелді мемлекеттер үшін экономикалық тұрғыдан кері әсер етеді. Екінші тұрғыдан алғанда, мұнай бағасын төмендету арқылы Ресейді соғысты тоқтатуға итермелеудің де бір қадамы болуы мүмкін.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ