Руханият

«Ақшамның» тігіндісін ақтарғанда…

1990 жыл 13 қазанда «Ақмола ақиқаты», қазіргі «Астана ақшамы» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылымның бас редакторы болып Целиноград облыс­тық телевидениесінің жас тілшісі Кенже Жұмағұлов тағайындалды. Бастапқыда қол астында екі-ақ адаммен – ақынжанды азамат Еділ Демеуқұлов пен жас журналист Жұмагүл Сәтмұхамбетовамен газет шығарды. Басылым «Армысың, оқырман!» атты редакция алқасы атынан жазылған алғысөзбен ашылды. «Құрметті оқырман қауым! Қазақ баспасөзінде, Ақмола өңірінде тағы бір қазақша газет жарыққа шықты. Бұл облыс орталығы Целиноград қаласының ресми органы болмақ. Еліміздегі, сонымен қатар облыс орталығындағы жаңалықтарды, әлеуметтік-экономикалық жағдайды, қоғамда орын алатын өзекті мәселелерді жазып тұратын боламыз. Бұл іске Сіздер де, құрметті оқырман қауым белсенділікпен қатыссаңыздар нұр үстіне нұр болар еді…» делінген сол мақалада.
1991 жыл 15 қарашада Целиноград қаласында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклімен қазақ театры ашылды. Қойылымды театрдың бас режиссері Жақып Омаров сахналады. Кейіннен бұл өнер ошағына сахна саңлағы Қалибек Қуанышбаевтың аты берілді.
1992 жылы шілдеде Целиноград қаласына Ақмола деген байырғы атауы қайтарылды. Ақмола атауын қайтару мәселесі бойынша қоғамдық пікірді зерттеу комиссиясы жүргізген сауалнаманың қорытындысы қаланың бұрынғы атауын қайтаруды 870 адам қолдағанын, 7 адам қарсылық білдіргенін көрсетті. Бұл атау Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ресми түрде бекітілді.
1993 жылы Ақмола қаласындағы Коммунистер көшесі Талғат Бигелдинов атауына өзгерді. Қала іргесіндегі Майбалық ауылында туған екі мәрте Кеңес Одағының Батырына осылайша көзі тірісінде құрмет көрсетілді.
1995 жылы 3 ақпанда «Ақмола ақиқаты» газетінің редакторы Кенже Жұмағұлов ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына арналған « Абай – адамзаттың мәңгілік рухы» деген мақаласында қаладағы ұзындығы 300-400 метр құлағалы тұрған бес-алты жер үйі бар көшенің берілгендігін жазған.1997 жылы 24 қаңтарда ҚР Президентінің «Ақмола арнайы экономикалық аймағын құру» туралы Жарлығына сәйкес қала әкімі А.Бөлекбаевтің төрағалығымен Ақмола арнайы экономикалық аймағының әкімшілік кеңесі құрылды.

1997 жылғы 6 маусымда Ақмолаға ұлы көштің алғашқы легін Баспасөз және бұқаралық ақпарат жөніндегі ұлттық агенттігі бастап келді.

1997 жылы 8 қарашада ел астанасы мәртебесін алған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді.
1997 жылы 21 қарашада Ұлттық арнаның « Ақшам» ақпараттық хабары жаңа елордадан эфирге шықты.

1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмолада республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің қосыны ашылды.

1998 жылы 10 маусымда Астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Қонақтар арасында «Мұндай кереметті көрген емеспіз» деп таңдай қағып, бас шайқаған жапон журналистері, «Сіздер ерлік жасадыңыздар» деп баға берген Сигма институты жетекшісі Гюнтер Капелле болды. 1998 жылдың 19 маусымында өткен дүниежүзі қазақтарының басқосу конференциясы да тарихи оқиға ретінде газет бетінен орын алды. Шерхан Мұртаза 1998 жылдың 13 қазанда шыққан «Қажыгелдиннің қай сасқаны?» деген мақаласында: «Әкежан мырза әруақтардың сүйегі сырқырайды» дейді. «Орыстарға опасыздық жасадық, әруақтар кешірмейді» дейді, Сонда сырқырайтын Көшім ханның, Сырым Датұлының, Исатай мен Махамбеттің, Кенесары мен Наурызбайдың, Сыздық сұлтанның сүйектері ше? Ұлы әруақтардың сүйегі сырқыраса Әкежанның сол әруақтарға жала жапқаннан сырқырайды!» деп қатты айтады.

1999 жылы 26 ақпанда «Егемен Қазақстан» газеті елордаға көшіп келгені, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның астаналықтармен қауышу сәті берілген. «Қаныш аға – тұңғыш қазақша алгебраның авторы» (авт. Берен Өтебаев), «Қаныш ағадан қалған із» (авторы А. Тілеуов) атты мақалада да қайраткердің ұлағатты істері кеңірек айтылған. «Абсентті баптаған азамат» туралы мақалада қазақ сарбазы, әйгілі атбегі Кәрім Әсенов жайлы айтылады. Профессор Талас Омарбековтың «Мәскеуді бағындырған Тоқтамыс – ол кім еді?» деген мақаласы тарихты парақтап, қазақ тарихына қатысты ақтаңдақтарға ой көзін жібереді.2000 жылы 20 шілдеде Премьер-министр Қ.Тоқаев төрағалық еткен мәжілісте «Астана қаласын дамыту тұжырымдамасы» талқыланғаны, «Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы» Елбасы Жарлығы шыққаны, қала аумағы ұлғайғаны айтылады. 22 тамыздан бастап қаланың іргесіндегі елді мекендер «Күйгенжар», «Мичурин», «Пригородное», «Интернацио­нальный», «Учхоз», «Көктал» ауылдары бас шаһар құрамына енген.

2001 жылы 11 мамырда Кенесары хан ескерткіші ашылды.
2001 жылы 18 мамырда күллі түркі дүниесінің көк семсері Күлтегін ескерткіші Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне әкелінді.

2002 жылы 8 қаңтарда Мемлекеттік тіл-қазақ тілі мәселесі «Астана ақшамының» бетінен бір сәтке де түскен емес. Газет шолушысы Өріс Яшүкірқызының «Тәуелсіз телеарна қашан қазақша сөйлейді?» және газет авторы Ғалым Жүсіповтің «Қазақ тілі алдымен қазақтарға керек» деген мақалалары оқырман арасында қызу талқыланды.

2002 жылы 2 ақпанда ел тағдырына, ұлт болашағына қатысты тақырыпты үзбей қаузаған газет «Ойтоғыс» айдарымен оқырмандарға көптеген келелі кеңес, сүбелі сұхбаттар ұсынды. Соның бірі – «Халықты әрі тарт та, бері тартқа салатын кімдер?» деген тақырып. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Мырзатай Жолдасбековтің ғалымдармен өткізген «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеде ­А.Сейдімбеков, Р.Нұрғали, Қ.Салғараұлы, Т.Садықов сынды ғалымдар мемлекетшілдік, сол кездегі БАҚ-тардың жағдайы туралы әр қырынан сөз қозғап, қазақ тілінің мәселелеріне көбірек тоқталыпты.

2002 жылы 9 ақпанда «Халық әні неге жетімдік көреді?» деген тақырыппен берілген сұхбатта Қазақстанның халық әртісі ­Қайрат Байбосынов дәстүрілі әндер жайлы туралы толғанды.

2002 жылы 2 ақпанда өлкетанушы Клара Әмірқызының «Астананың айналасын білесіз бе?» деген тақырыппен берілген материалында бас қаламыздың төңірегіндегі жер аттары жөнінде тамаша деректер келтірілген.

2002 жылы 23 қарашада танымылы тарихшы Қойшығара Салғараұлының «Алаштың Ақселеуі» деген мақаласы жарық көрді. Әдебиетші-ғалымның өмірінен сыр шертетін мақалада оның ұлт руханиятына сіңірген еңбегі жан-жақты айтылған.

2003 жылы 9 қаңтарда өлкетанушы Ерлан Күзекбаевтің «Қазақтың капиталисі» деген мақаласы жарық көрді. Газеттің үш нөміріне қатарынан берілген бұл мақалада Арқа жерінде өткен атақты бай, көпес Баймұхамбет Қосшығұлов туралы тамаша деректер айтылған.

2003 жылы 21 қаңтарда ғалым Сейтқали Дүйсеновтің «Бұланты шайқасы» деген мақаласы жарық көрді. Мақалада «Ақтабан шұбырындыдан» кейін есін жиған қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына алғаш рет күйрете соққы бергені баяндалған.

2003 жылы 30 қаңтарда Халық қаһарманы, академик дәрігер ­Мұхтар Әлиевтің 70 жылдығына орай газет тілшісі Төлеубай Ілдебаевтің «Ұлттық хирургияның алыбы» мақаласы жарық көрді.
2003 жылғы 12 сәуірде ақын Нұрғожа Ораздың «Қазақ тілінің қадірін білеміз бе?» деген мақаласында ана тіліміз жайлы өзекті мәселелер айтылған.

2003 жылғы 13 желтоқсанда Тәуелсіздік күні қарсаңында жазушы Әбіш Кекілбайдың «Тарихты тануда табанды насихат керек» деген мақаласы жарық көрді.

2004 жылы 17 қаңтарда журналист Төлеубай Ілдебаевтің «Игерілген тың: аңыз бен ақиқат» деген мақаласы жарық көрді. Мақалада тың игерген жылдардағы жағдай егжей-тегжейлі баяндалады.

2004 жылғы 8 сәуірде Мерей Шәріпханұлының «Шығыс Түркістан ғұламасы» мақаласында ғұлама Ақыт Үлімжіұлы жайлы тың деректер жарияланды.

2004 жылғы 1 шілдеде тарихшы ұстаз Сейітқали Дүйсеновтің «Қазақстандағы ГУЛАГ» деген мақаласы кешегі кеңестік тоталитарлық жүйенің қылмыстары жайлы сөз жазылды.

2005 жылы 9 мамырда елордада Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына орай, республикамыздағы барлық аймақтарынан ардагерлер қатысқан Жеңіс парады өтті. Байырғы Ақмоланың өткеніне үңілсек, қалада 1944 жылы өнеркәсіптердің саны 16-ға жеткен екен. Соғыстың алғашқы жылында Ақмола облысына 30 мыңға жуық адам қоныс аударған. Соғыс жылдарында қалада 310, 387, 29-атқыштар және 106-атты әскер дивизиялары жасақталған. Содан 9873 ақмолалық майданға аттанған екен. Соғысқа аттанған 10 мыңға жуық ақмолалықтардың 7 мың 400-і майдан даласынан оралмаған..

2006 жыл 14 ақпанда «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» түркі әлемінің рухани-ғылыми дүниесіне айналды деп сүйіншіледі сол кездегі «Астана хабары». Бұл – сонау сақ, ғұн, үйсін замандарынан хабар беретін бітік тастар туралы толымды зерттеу. Ондағы беймәлім жазудың кілтін 1892 жылы дат ғалымы В.Томсен тапқан екен.

2006 жылы 21 наурызда «Қазақ қайтсе көбейеді?» атты мақаласында демограф Мақаш Тәтімов: «Қазақ – қазір жер бетіндегі өскелең халықтардың бірі. Қазақ халқы үшін демографиялық ой-сананы жаңа сапалық тұрғыда қалыптастырудың тарихи маңызы зор. Ол қазақ ұлысының геополитикалық және демосаяси санасының негізгі өзегі болуға тиіс» деп ой қорытады.

2007 жылғы 6 шілдеде редакциялық «Елорда салған ер қазақ» мақаласында «Бүгінгі Астана мен келешек Астана – бұл біздің стратегиялық ойларымыз бен ұмтылыс­тарымыздың ең басты жемісі. Астананы көшіру Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына мен сенімді болдым» деген Елбасының тұжырымы айтылады.

2007 жылғы 17 шілдеде «Бізде бесік жыры жоқ» атты мақалада Мемлекеттік сыйлықтың иегері ақын Несіпбек Айтұлы газетіміздің тілшісі Рәзиға Әшеевамен сұхбатында «Әдебиет –саясаттың, сол қоғамның, сол қаламгердің өзі өмір сүрген заманның көрінісі» деген пікірін айтады.

«Кашмирдегі қазақтар» топтамасы (2 тамыз 2007 ж.) АҚШ-та жарық көретін «Нәйшнл джиографик мэгэзин» журналының 1954 жылғы 61 санында «Қазақтар азаттыққа қалай аттанды?» атты мақаласы жарияланған. Қазақтар өмірінен берілген суреттерге шолу жасап, олардың кімдер екенін анықтаған Бекен Қайратұлы тарихи суреттерге тіл бітіреді.

Барша ғұмыр жолы халқымен тағдырлас, елімен еншілес өткен Шерхан Мұртаза туралы «Тұғыры биік тұлға» атты (29 қыркүйек 2007 ж.) мақалада «Шерағаңның шекпенінен шыққан» Ақселеу Сейдімбектің және белгілі жазушылар Әкім Тарази, Төлен Әбдік пікірлерін топтастырған.

«Фотосурет – өнер һәм мәдени байлық» (24 ақпан 2007 ж) атты мақаласында Дихан Қамзабекұлы алаштан қалған мұрамыз ескі фотолар тарихы және сонымен бірге қазақ фото өнерінің бастау­лары туралы сыр шертіп, мына сирек фотоларды оқырмандарға ұсынады.

2008 жыл.«Қазақстандық қаржыгерлер құбылаға бет бұра ма?». Назира Байырбек ислам банктерінің Қазақстанға келуі туралы баяндайды (5 маусым);
«Қазақшылық қайнарлары». Диқан Қамзабек «Мәдени мұра» бағдарламасы туралы ойымен бөліседі (14 маусым);
«Түмен күндік жазуымды жалпақ тасқа шекідім». Қаржаубай Сартқожаұлының түркі жазуының шығу тегі туралы мақаласы (24 маусым);
«Жұмбақ жазу сыры қалай ашылды?». Археолог, түркітанушы ғалым Нұрлан Кенжеахметтің түркінің төл теңгесі туралы сыр шертеді. (3 шілде);
«Өтебойдақтың «шипагерлік баянын» алғаш тапқан мен едім». Бекен Қайратұлы ұлттық мұраны жинаушы Долда Кенешұлымен сұхбаттасады. (12 шілде);
«Абайды үзбей 32 жыл оқыдым». Төкен Ибрагимовтың Абай туралы толғанысы (23 тамыз);
«Алаштың айбыны». Сейіт Кенжеахметов Әлихан Бөкейхан туралы мақаласы (18 қараша);
«Демографиялық дамуды не тежейді?». Гүлмира Шарханқызының зерттеу мақаласы (20 желтоқсан).

2009 жыл. «Қазақ тілін дамытуға қолданыстағы заңдардың өзі қауқарлы». Заңгер Абзал Құспановтың сұхбаты.(13 қаңтар);
«Саясат ағаш атқа теріс мінетіндердің ғана кәсібі емес». Ерлан Қариннің сұхбаты (10 ақпан);
«Теледидар қандай болса, ұлт сондай» Ақселеу Сейдімбектің сұхбаты (12 ақпан);
Бүгінгі қоғамдағы сын да, әдебиеттегі сын да аз». Төлен Әбдіктің сұхбаты (28 ақпан);
«Тәттімбеттің күйлеріне тәнті ұрпақты тәрбиелесек». Күйші Тұрысбек Түсіпбековтың толғанысы (25 сәуір);
«Алтын адам» – аманатының айғағындай». Алтын және бағалы металдар музейінің директоры Гүлша Тәңірбергенованың сұхбаты (2 маусым).

2010 жыл. Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық қызметіне кірісуіне орай ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндеу жолдады. (14 қаңтар);
Астанада тұңғыш рет инновациялық жобалардың форумы өтті (28 мамыр);
Елордада экшн-фильмдердің «Астана» атты І халықаралық кинофестивалі өтті. (27 маусым);
Астанада алғаш рет Бүкіл­әлемдік рухани мәдениетінің форумы өтті(18 қазан);
Ұлы Абайдың ескерткіші бой көтерді(19 маусым);

2011 жыл. 21 қаңтарда сағат 7.15-те «Мәскеу – Астана» бағытындағы №874 ұшақпен Алаш арысы Смағұл Сәдуақасовтың мәйітінің күлі елордаға жеткізілді. Жерлеу орны анықталғанша, Алаш ардақтысының күлі Сәдуа­қас қажы Ғылмани мешітіндегі арнайы бөлмеде сақталды.

2011 жыл. 16 желтоқсанда «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы ашылды. «Елбасының идеясынан туған нысанды Астана қаласының бас безендірушісі Сағындық Жанболатов пен сәулетші Қанат Қорғанов және Мұрат Мансұров басшылық ететін шығармашылық ұжым мүсіндепті. Кәдімгі классикалық жобада жасалған. Биіктігі – 20 метр. Бұл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл деген ұғымды білдіреді…» («Астана ақшамы», №146, 20 желтоқсан, 2011 жыл)

2012 жыл. 24 ақпан күні елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана-2012 – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты өтті. «Осынау шараны еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақ әуендері» қоғамы ұйымдастырды. Салтанатты рәсімде министр Дархан Мыңбай сөз сөйледі. Түркияның Мәдениет және туризм министрі, ТҮРКСОЙ-дың уақытша үйлестірушісі Эртуғрул Гюнай түркі мәдениетінің биылғы тізгін иесі қазақ халқына Түркия елінен жалынды сәлем жолдады» («Астана ақшамы», №24, 28 ақпан, 2012 жыл).

2013 жыл. «Астана Опера» театрының ашылуы – сол жылдың айтулы, айшықты оқиғаларының бірі. Жаңа өнер ордасының шымылдығы композитор Мұқан Төлебаевтың классикалық өнерге қосқан жауһары – «Біржан-Сара» ұлттық операсымен ашылды. Туындының қоюшы режиссері, Санкт-Петербург опера және балет театрының көркемдік жетекшісі – Юрий Александров, ал қоюшы суретшісі – Вячеслав Окунев. Біржан бейнесін Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, тенор Ахмед Агади, ал Сараны Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева сомдады («Астана ақшамы», №70, 22 маусым, 2013 жыл).

Қазақ халқының жартысына жуығы қырылған 1930-32 жылдардағы ашаршылық біршама зерттеліп жазылғанымен, 1921-22 жылдардағы ашаршылық жөнінде бірен-саран еңбектерде болмаса, ақиқат әлі айтыла қойған жоқ. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Құрманғали Дәркеновтің «ҚАЗАҚ ЕЛІ ҚАЗАҚСЫЗ ҚАЛА ЖАЗДАҒАН НЕМЕСЕ 1921-1922 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ЖӘНЕ «ТОРҒАЙ ІСІ» атты мақаласында осы жайды қозғайды.
«АУДАРМАДАҒЫ АУЫТҚУ­ШЫЛЫҚТАР ТІЛІМІЗДІҢ ДАМУЫНА КЕСІРІН ТИГІЗЕДІ». Жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова осы мақаласында: «Тіл комитеті кәсіби ілеспе аудармашылардың тізбесін жасап, ұйымдастырушылар ірі жиындарды аударуға тек сол тізбедегі мамандарды тартуы керек болар? Мүмкін басқа бір амал ойластырылар, әйтеуір, қазақ тілінде жалпыхалықтық мәні бар мәселе бойынша өткен жиындар баршаға түсінікті болуы керек деген ойдамыз» деп ілеспе аударма мәселесін көтереді.

2017 жылы 27 мамырда тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Құрманғали Дәркенов­тың оқырмандардың ықыласына бөленген «Қазақ елі қазақсыз қала жаздаған немесе 1921-1922 жылдардағы ашаршылық және «Торғай ісі» деген көлемді зерттеу мақаласы жарық көрді.

2017 жылы 28 қыркүйекте мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдінің «Қазақы қасиеттен айырылсақ, ұлттық болмыстан ажыраймыз» деген сұхбаты жарық көрді.

2018 жылы 27 қаңтарда көрнек­ті академик, антрополог Оразақ Смағұловтың « Еуразия кеңістігінде төрт мың жылдық тарихы бар жалғыз ұлт – қазақ» деген сұхбаты басылды.

2018 жыл. Маусымдағы «Алашқа қызмет еткен қос құрдас» атты Сұлтан Хан Аққұлының мақаласы тың деректерге толы болды. Онда «Қазақ елінің уставы» немесе болашақ заманауи Қазақ мемлекеті конституциясы жобасының авторлары, көрнекті ұлт зиялылары Әлихан Бөкейхан мен Барлыбек Сырттанұлының достығы мен саяси әріптестігі туралы жазылған.
Осы жылы қыркүйекте журналист Айгүл Уайсованың «Сайын даланың Сайыны» деген атаумен ақын, сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекпен сұхбаты әрі қарай кейіпкермен басылым арасындағы әріптестік байланысты жалғай түсті. Себебі бүгінге дейін Сайын Назарбектің ұлт руханиятына қосар үлесі мол авторлық мақалалары басылым бетінде үздіксіз жарияланып келеді.

2019 жыл. «Қоғам дамуын тежейтіндіктен арызқойлар мен ғайбатшыларға, домалақ арыз иелеріне тоқтам болып, бетін қайтаратын заң керек. Меніңше, тарихтың ащы сабағынан қорытынды шығаратын кез келді». Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ «Тарихтың ащы сабағы маңдайымызға тиген жоқ па?!» деген тақырыпта берген сұхбатта осылай дейді.
«Сәкеннен қалған сырлы ән бе?». Қытай қазақтары арасында жалпы жұртқа кең таралмаса да, әнсүйер қауымның аузында «Сәкеннің әні» деп айтылып жүрген «Сарыарқа жерім, Сарыарқа белім» әні туралы автор Қалиакбар Үсемхан ой толғайды (4 шілде).

2020 жылы 28 шілдеде мемлекет және қоғам қайраткері Қасым Тәукеновтің «Тегімізге жат әулекілік жарға апарып соқтырмасын» деген мақаласы шықты.

2020 жыл. Жыл ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың хакім туралы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор», Елбасының «Абай аманаты» атты мақалалары жарық көрді. Қаңтар айында елордада Абай жылы ресми түрде ашылды. Президент ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналғанын, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатынымызды, оған Абай мұрасының тигізер пайдасы зор екенін атап өтті. Ұлы ақынның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетініне ерекше тоқталып, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлемге кеңінен таныстыру қажеттігін айтты.

2020 жыл. Жазда елорданың әлеуметтік нысандары мен жеке тұрғын үйлерге табиғи газ келді. «Көгілдір отынның» игілігін алдымен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №29 орта мектеп, «Көктал-1» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарының бірқатар тұрғындары көре бастады. «Бұл шын мәнінде тарихи оқиға. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес әлеуметтік бастаманың басты жобаларының бірі – елорданы газдандыру. Елордаға өткен жылдан бері 1 мың шақырым магистралды газ құбыры тартылды… Биыл 8 мың жеке үйге газ тарату желілерін салуды жоспарлап отырмыз» деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов («Астана ақшамы», №79-80, 9 шілде, 2020 жыл).

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button