АҚСYЙЕК ОЙНАП, АЛТЫБАҚАН ТЕРБЕТТІ
Иә, елорданың төрiнде, жарты ғасырдан аса тарихы бар Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетiнiң ауласында, астаналық жастар ақсүйек ойнап, алтыбақан тептi. Жұлдыздармен сырласып, көңiл көкжиегiндегi нәзiк сезiмнiң қылын шертiстi. Шын махаббаттың тұнығын лайламауға серттесiп, бiр-бiрлерiн Қозы мен Баяндай қадiрлеуге уағдаласты. Олай болатын жөнi де бар…
15 сәуiр – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнi. Бейресми бұл мерекенi қазақ жастары бiрнеше жылдан берi ескерусiз қалдырмауда. Бiр-бiрiне деген шынайы махаббатын растап, ұлықтап, паш етiп, тарихта есiмдерiн өшпестей қалдырған қос ғашықтың күнiн елордалық жастар да шат-шадыман көңiл-күйде атап өттi. Ымырт түсе С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетiнiң алдында жиналған 2 мыңға жуық қыз-жiгiттер оқу орны ұйымдастырған мерекелiк кештi тамашалады.
Ағымдағы жылы 55 жылдық мерейтойын атап өтетiн университет алдына қос киiз үй тiгiлiп, алтыбақан құрылды. Ұлттық нақышта киiнген бозбала мен бойжеткендер бiр-бiрiне тәттi сырларын айтып, әсем ән әуенiмен тербеле биледi. Жазиралы дала төсiндегi жазғы жайлауды еске түсiрген бұл сәт қол ұстасқан ғашықтарға ғаламат күй сыйлаған. Олардың сыңғырлай шыққан күлкiсi, сыбырласа айтқан сырлары Сарыарқаның түнгi самалымен баршаға мәлiм бола бергендей…
Жарасымды жұптарды құттықтауға келген оқу орнының ректоры Ақылбек Күрiшбаев ақтарыла сөйлеп, ұлттық нақыштағы кешке ризашылығын бiлдiрдi. «Бiздiң университеттiң жастары, студенттерi қазақ елiне мұра болатын үлкен салт-дәстүрлердi жаңғыртып, насихаттау жолында жүр. Бұл – үлкен мағынасы бар, ұлт жастарына рух, патриоттық сезiм беретiн еңбек. Сендердi бiз мақтан етемiз. Бүгiн Қыз Жiбек пен Төлегендi, Қозы Көрпеш пен Баян сұлуды еске алып, махаббат күнiн атап өтемiз. Ғашықтар күнi құтты болсын»,- деп тiлегiн жеткiздi ол.
Одан әрi А.Күрiшбаев студенттердiң сұрауымен жалындаған жастық шағында жүрегiн жаулаған аруларды еске түсiрдi. «Маған махаббат сезiмi алғаш рет сегiзiншi сыныпта келдi. Ол кезде ауылда тұрамыз. Бiр күндерi ауылымызға Алматыдан, бiзге көршi болып мектептiң оқу iсi жөнiндегi меңгерушiсi көшiп келдi. Соның қызын ұнатып қалдым. Талай жылдар бойы оның сөмкесiн тасып, бағыма таласқан талай ұлмен төбелескенмiн»,-деп баяндап өттi. Ал екiншi махаббат оқу орны басшысына 20 жасында, үшiншi курста оқып жүрген кезiнде келген екен. «Бiр күнi экономика факультетiнiң қыздарына бардық. Ол кезде бүгiнгiдей «Қыз сыны» емес, «А ну-ка, девушки!» деген байқау болатын. Осы байқауда жеңiске жеткен әлгi факультетте оқитын аруды ұнатып қалдым. Ақырында, сол қызға үйлендiм. Үйдегi жеңгелерiңiзбен отауласқанымызға биыл бұйыртса, отыз жыл болады»,-деп ашық-жарқын әңгiмеледi ол.
Студенттiк шағында осы университетте танысып, шаңырақ көтерген, кешегi студент – бүгiнгi ұстаз, ерлi-зайыпты Әшiмовтар өз өмiр жолдарынан сыр шертiп, жастарға өнегелi әңгiмелерiн айтты. Танысып, табысқан сәттерiн, қол ұстасып бақ қыдырысқан бал шақтарын жеткiздi.
Кеш Ақан серi туралы театрландырылған көрiнiспен әрлене түстi. Бойды шымырлатқан «Балқадиша» әнi орындалып, елорда түнi ерекше күйге оранды. Артынан жастар ақсүйек ойнады. Ойын барысында сезiмдерiн бiлдiрiп, серттескен жастарға «Астана ақшамы» газетiнiң редакциясы атынан сый-сияпат берiлдi. Мереке соңы би кешiне ұласты.
Асхат РАЙҚҰЛ