Жаңалықтар

АҚТӨБЕ ОҚИҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Жұртшылықты дүр сілкіндірген Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға қатысты шаралар бақылауға алынып, елімізде террористік қауіптіліктің «сары» деңгейі  қырық күнге дейін жарияланды. Осы қаралы жағдайға байланысты бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні. 

5 маусым күні жергілікті уақыт бойынша түскі сағат 14.28-де Ақтөбе қаласындағы «Паллада» қару-жарақ дүкеніне белгісіз қылмыстық топ шабуыл жасап, дүкеннің сатушысы мен күзетшісін өлтірген. Оқиға орнына дереу жеткен «Жедел күзет» ЖШС күзет ұйымының екі қызметкерінің бірі оққа ұшып, қаза болса, екіншісі жарақат алған.
«Паллада» дүкеніне шабуыл жасағаннан кейін қылмыскерлер екі топқа бөлінген. 6 қылмыскерден құралған бірінші топ «Пантера» қару-жарақ дүкеніне баса-көктеп кіріп, бір адамды пышақтап өл­тіріп, екіншісін жарақаттаған. Мұнан кейін олар ҚР Ұлттық гвардиясының әскери бөлімін басып алмақшы болған. Ол үшін «MAN» маршруттық автобусын басып алып, ондағы жолаушылар мен жүргізушіні түсіріп жіберіп, қару-жараққа қарай беттеген. Алайда қарауыл күзетшісі оларға қару қолданып, бөлімнің аумағына әрі қарай енуіне жол бермеген.
Белсенді қарулы қақты­ғыс­тардың барысында 13 қыл­мыс­кердің көзі жойылды, 4 жа­рақат алған болатын. Ал 7 мау­сым­дағы мәлімет бойынша 7 қыл­мыскер іздестіріліп жатыр. Қылмыскерлерден ұрланған қару­­­дың көп бөлiгi тәркiленген. Қалған қылмыскерлердiң кiм екенi анық­талған, қазiр оларды құрық­­тау бойынша тиiстi шаралар қа­был­данып жатыр.
Ал Ақтөбе облысының Ішкі істер департаментінің таратқан мәліметі бойынша, қылмыскерлердің бесеуі – Ақтөбе, екеуі Қызылорда және Ақмола облыстарының тумалары.
Ал Ақтөбе қаласындағы оқиға бойынша әлі де қаруланған бірнеше лаңкеске іздеу жарияланған.
Қаралы оқиға салдарынан қаза тапқандардың ішінде полицейлер де, бейбіт тұрғындар да бар. Атап айтқанда, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетіп, қаза болған әскери қызметшілердің қатарында 6655 әскери бөлімінің жедел қызметінің сарбазы Сапар Дасбол Еркімбекұлы, 6655 әскери бөлімінің офицері Майлыбаев Даниэль Ақарысұлы, 6655 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша жұмыс істеген Қалиев Берік Ерланұлы және Байқанатов Нұрбек Сергеевич бар.
Бұдан өзге, бейбіт тұрғындар: «Паллада» дүкенінің сатушысы Андрей Максименко. Сондай-ақ, шабуыл жасалған сәтте дүкеннің маңынан өтіп бара жатқан Ақтөбе тұрғындары Мерхан Тәжібаев, Николай Онищенко, Михаил Матросов қылмыс­кер­лердің кез­дейсоқ құрбандарына айналды.
Ақтөбедегі террорлық актінің салдарынан қаза болғандардың туыс­тары мен жақындарына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан көңіл айтты. Олардың артында қалған отбасыларына қажетті барлық көмек көрсетіледі. Қаза болған ақтөбеліктердің отбасыларына 1 миллион теңгеден бөлінетін болды. Сондай-ақ жергілікті билік оларды жерлеу шығындарын өз мойындарына алады.
Бүгінде Ақтөбеде террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі енгізілді. Мұнда өңірлік жедел штабы құрылып, ішкі істер департаментінің жетекшілігімен лаңкестікке қарсы орталық жұмыс істеуде. Барлық құқық және арнаулы орындар тығыз байланыста жұмыс істеуде.
Ақтөбеде және жалпы елімізде жағдай тұрақты және бақылауға алынды.
Ел тұрғындарына үндеу жарияла­ған «Нұр Отан» партиясы төра­ға­сының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед елді дүрлік­тірген осынау қанды оқиғаны ұйымдас­тырушылар заңның барлық қатаң талаптары бойынша жазалануы тиістігін айтып, туған елі мен жерінің тағдырын ойлайтын барша жұртты бірлік пен береккеге шақырды.
Ия, Ақтөбедегі оқиға еліміздің бірлігін одан әрі нығайта түсуі қажет. Отанды қорғау жолында қаза тапқан ерлер есімі лайықты деңгейде ұлықталуы тиіс.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button