Сұхбат

Ақұштап Бақтыгереева: БОЗ ДАЛАНЫҢ ЖУСАН ИIСIН САҚТАСАҚ…

акуштап апай
Ақұштап Бақтыгереева, ақын, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты

 

– Ақұштап апай, армысыз! Қазақ өлеңінде бір төбесіз. Ақұштап Бақтыгереева десе, оның дербес ақын екенін білетін жұрт елеңдейді…

Композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақановқа арнау өлеңде: «Иілгеніңмен сынбадың, аға, Біздің ән-жырды тыңдады дала. Әбубәкір деген айтқыштың тегі, Қош келіп айтып тұрғанын қара» көгіңізді қошеметтейсіз.

Бергі атаңыз Әбубәкір Кердері зар заман ақындарының алтын шоғырынан көрінді. Елдік пен ерлікті, ар-иман, адамшылықты жырлады. «Жігітке бақыт та оңай, дәулет те оңай, Болса егер қабырғалы халқы оның…», «Еділ-Жайық екі су, Ел қонарға тар болды».

– Бар бол, Айгүл сіңлім! Сұрағың қиялымды алысқа жетелеп әкетті. Бүгін саналы ұрпақты мазалайтын сауал ата-бабаларға да аз салмақ салмаған шығар. Келер ұрпаққа өткенін еске салар көпір бола алсақ, бізде не арман бар?!

Илья Жақановтың бабалары Еділ-Жайық бойынан үш ғасыр бұрын кеткен көрінеді. Әжесі нөсер жауыннан кейін «Шіркін, Еділ-Жайық сияқты айнала суға толды-ау» деп қуанады екен. Сол ағамыздың Еділ-Жайыққа ән арнауы да тегін емес. Илья ағай Жайыққа оралып келгенде алдынан шығып, өлең арнағанмын. Ал менің тегімде сөз өнері қонған Әбубәкір Кердерінің қаны болса ше? Ол кісі қара сөзбен сөйлей алмайтын болған. 44 жасында жәрмеңкеде таңданған екі татардың көзі тиіп өлген деседі. Әр шумағында үлкен философия жататын төкпе шешен, жырауды керітартпа деп оқытпай келген кезең ұрпақтың обалына қалғаны рас. Әйтпесе, Әбубәкір Кердері айтқан ойлы өлең бүгінгі еркіндік таңының ерлеріне де ауадай қажет дер едім.

Қазақ лирикасы туралы арқалы ақын Жарасқан Әбдірәшев пен жас сыншы Тұрсынжан Шапаевтың әңгіме-сұхбатында («Жұлдыз», №6, 1988) «Ақұштап Бақтыгереева секілді нәркес нәзіктігін қоспасыз асылзат қимастықпен сақтап қалғандары сирек» деп бағалайды, ер мінезіне еліктеген, табиғатынан асып, еркек шора жырлар жазуға көшкен әйел ақындар сарынын жақтыртпай.

Қызын ұлша өсіру дүниежүзінде тек қазаққа тән бір ерекше мінез сияқтанады маған. Қолтаңбаңыздан сондай бұла мінезді көремін. Бұл қазақ халқы ғасырлар бойы жоңғар шапқыншылығына ұшырағанының бір зардабы, бір шеті қазақтық, қазақ шыға бару, асыл еркіндіктің бұла сипаты. Қызын жаттай сыйлайтын, жаны елжіреп тұратын халықпыз, соның әсері. Әдемі, нәзік болғаныңызбен, Сіздің жырда жауынгерлік рух, қаһармандық күй бар.

Намыс пен кек түнеріп қабағында,

Мұң аралас жас тұнып жанарында,

Ел алдында арқадан жүгі түсіп,

Ақын тұрды тазарып ар алдында.

Жұбан ақын портреті. Өрлік пен елдікті жақтайсыз. Әке мен жылқыға жақындығыңызды  ұл орнына ұлындай көріп өсірген ерке қыз, сүйікті перзент екеніңізден ұқтым. Бұл ноғайлы, жыраулар көгінен жалғасқан тектік нышан. Өлеңдеріңізде өсиет, шешендік, мақал-мәтелге лайық тобықтай түйін тұруы мұны растайды. Көптеген өлең жолдары эпиграфқа, афоризмге сұранып тұрады. «Білетінім: Отанын, Халқын сүю, Болу қажет қашан да басты мода!», «Жаным деген жігітті жат көрмеңдер, Өзі сүю қыздардың соры ғана». Түйіп, кесіп айтасыз. Бұл – үлкен суреткерлік.

– Нәзіктік о бастағы ұраным еді. Ал өмір арпалысына үйретті. Анама жаздым: «Әуреге түспе, оңаша баға алмассың, Мұқалмай қалмас жүзі ақ алмастың. Сен мені тағдырымның үлесінен, Бәрібір оқшау сақтап қала алмассың» деп. Оның үстіне 70 жыл еркекпен теңсің деп, әйелді құрылысқа салды, трактор айдатты. Нәзік болу оңайға соқпай қалды бізге. Бәрібір әйел ұядағы өмірге сән беріп, мейірім шашады. Тайраңдаған ерсі қызда сән болмайды.

  Ақ Жайықты жырлауым әсіре жершілдігім емес. Ұққан адам өз кіндік қаны тамған жерін өліп-өшіп сүйсе, тұтас Қазақстанды, Ұлы Отанды сүю содан басталады ғой. Бұл күнде мүмкіндігі барлар шетелден үй алып, аз күндік жан тыныштығына бәрін ауыстырып жүргенде мен жұмақтай Алматыдан облысқа көштім. Есейген ортаны, мәдени ошақтар мен көзқарасы сәйкес адамдарды қиып кету оңай болмады. Сөйтіп оралған Оралда мені ғажап ұққан кім бар дейсің?! Бірақ ата-баба мекеніне балалық борышымды өтемесең, сенің тірлігіңнің құны түкке тұрмайды деп ұқтым. Біреулерге бұл жай сандырақ, күлкілі болуы мүмкін. Егер мен келіп айтпасам, жас қыздардың құлағында ұлт тәрбиесі жайында әңгіме қалмай бара жатыр ғой деп ойладым. Ал жас ұрпақ түгелдей мәңгүрт емес. Өз басым қазақ ұлтының есею сатысы, тағы да таяқ жеп тағдырына үңілетін ғасыры алда деп сенем.

 Менің табиғат берген талантымды күндейтін, кейде домалақ-арыз жазатын сорлыларымен қоса, желкілдеп өсіп келе жатқан, қолына қалам ұстап, қоғам итеріп тастаса да, туған даланың мұңын жазатын жастарын сүйем. Шеттен келген идеологияның сырын ұғып, күреске шығатындар көбейеді деп үміттенемін. Халық деген – ұлы күш қой, бейбіт өмір болса, сол халық есейе түседі. Өз бастауына да оралуға да тиіс, әйтпесе құрып кететінімізді әр саналы азамат ұғарға керек. Әттең, біреулер тек бір күнмен өмір сүреді. Солар ғой қауіпті. Сатқындар мен жағымпаздар ғой талай тірлігімізді бұзып тұрған. Табиғат экологиясы ұрпақ ғұмырына қауіп төндіретінін әр адам ұғынатын кез келді. Адамзат экологиясы бұзылса, тіршілікке қауіп төнетінін түсінетін сана мен сауат-дарын иесінің жібі босап тұрғаны рас. Шынында да, біздің медицина әлжуаз ауру баланы өмірге әкелмеу жағын ертерек ойласа, жақсы болар еді-ау. Ғылым дамыған кезде мүгедекті дүниеге келтіру қиянат. Бірақ, біздің ұлттың айтуынша, ол жеті атадан келе жатқан қарғыс, өмір бойына шектірген азап. Қазақ тәрбиесі өмір бойына қан тазалығын сақтауды насихаттаған еді. Олар алыс руларды үйлендірген. Негізі, біздің халық – дана халық.

– Ақұштап апай, тілге шешенсіз, ауызекі әңгімеде төгіле сөйлейсіз. Жыр әлеміңізде эпикалық суреттеу қанық. Біздің қазақ әдебиетінде эпостық рухы білініп тұрмаса, ұлттық әдебиетке жатпайды.

«Кейде мынау тағдырға ризамын Сезімталдау жаратқан ақын етіп» дейсіз. Жазмышына риза болмау мүсәпірлік. Күллі келбетінде ақынға тән кескін, кейіп болмаса, оның несі ақын?!

Ақ Жайық, отан, ел-жер, ұлт, адам мен табиғат, отбасылық құндылықтар, ана, қыз бала жаратылысы, мейірімділік, қоғам,  ақындық, махаббат тақырыбын жырға қостыңыз. Өз сарын, өз үнімен шалқу ақынды ерек қылады. Әр өлеңде жан сырыңыз бар.

Бөлсе егер ана тілден, анаңнан

Адам үшін қажет болмас жұмағың.

Қазіргі дәстүрлі қазақ қоғамын жалған дін жамылып кеп, ыдыратуға көшкен, бөгде идеологияны сырттан әкелгендерге айтылған сөз.

Өлең патшалығыңызда жасандылық, жігерсіздік, еліктеу жоқ. «Азамат! Жігіттің екінші есімі. Жұртшылық сынының қорытынды шешімі», «Азамат емессің, сендегі жақсылық жүрсе егер өз қара басыңнан ауыспай» – Ақұштап апай, осы өлеңді мектеп оқуына енгізу керек, әрбір ұл бала жаттап өсуі тиіс.

Өркениет дамыған сайын еркектік нышан азып барады. Еркектік намыс өлсе, өмірде еш мән жоқ. Әйел сиықтану, еркек болғысы келмеу, қызтеке қылық жарты әлемді ойсырата жаулап алғыдай. Ібіліс көкейінде ақырзаманды шыр айналдыру бар.  Олар насихат, жарнамадан алға шықты.

Нәзік әйелдің көзі, ананың жұмсақтығы азаматты танытатын жыр-ұранда ысырылып тұр, бұл бағзы батырлық мұратты осы заманға бейімдеп айту, жыраулық дәстүр. Ертеде спартандық шыңдалу, әлжуаз ұлды өлтіру дәстүрі грек-рим мерейін үстем қылды. Ұл бала тумысынан дертті, қораш  болса, өлімге үкім ету қазір санада жоқ, қатыгездік жоғалғаны имандылық, бірақ көпе-көрнеу ерге тән кесек мінезді қасақана құрту – кесірдің зоры. Ерді жорта құлдилатудың небір қитұрқы тәсілін санаға жалғыз көз тажалдай төнген теледидар мен небір арсыздықтың қоқысқордасына айналған интернет арқылы  таратуда. Европа азуды үдетті. Бір жынысты некені заңдастыруы сорақы. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады», «Құлақ естігенді көз көреді» деген қазаққа мұның шеті келді. Тәңірі қаһары келетін оқиғалар үдеп барады. Анасы баласын сатуды бастаған есуас қоғам қайда барады? Экологиялық апаттар мен адамзаттың іріп-шіру процесі қосарланғаны айдан анық.

«Ақ Жайық, сенсің әр кез сыйынарым»,  «Шырылдар қарлығашың – Ақұштабың» – жағасына өрімтал өскен ақ Жайықтың арнасы тартылған суын жоқтап, мұңын шағып жүрсіз? Экологиялық күйзелістердің ұшы көрінер ме? Боз жусан дала, қазақтың кеңістігі Бальзактың романындағы сиқырлы құлан жарғақтай тарылып бара жатқан жоқ па?

– Адам өз табиғатын аттап кете алмаса керек. «Жинамай асық қалтаға, Ерекше сенің өсті «ұлың». Бір күні менің арқама, Төгіліп кетті қос бұрым» дедім ұл күткен әкеме. Тәңір жаратқан, маңдайға жазған тағдырды мойындау керек қой. Ал ерлік рух, өзің айтқан, қанда бар қайсарлық шығар. Кіндік қаным тамған топырақ Махамбеттің жортқан жері болса, бесігімді Құрманғазы күйі тербетсе, сызылып отыра беруге де болмай қалатын сәттер аз ба өмірде? Ал Жұбан ақын өз көзін көрген өр тұлғалы азаматтар ішінде ерекше еді. Ұсақ сөзге жоқ, мәрт адам болатын.

Боз жусан даланың иісін сақтап қала алсақ, жарар еді-ау!.. Жайықтың тартылуы – ұлт ырысының кемуі екенін әлі біраз адам ұғынбай отыр. Менің ғұмырымның өзінде бекіресі құрып бара жатыр ғой. Ендеше, неге оның сақталу шарасына аз көңіл бөленеді?

Өткенде жазушы Табыл Құлыяс торғайлық ақын Ырысты Шотбаеваны еске алып,  ол «Сиыр сауып отырғанда мені өлең түрткілейді» деп айтып еді. 10 баласы болды.  Ырысты – 90 поэма жазған ақын. Орысша оқыған қазақ баласы ел болмайды екен. Анасының ақындық мұрасын іздеген біреуі жоқ» деп қынжылды.

«Болса да нәзік гүл өңім, Өсірдің еркек баладай. Қыз деуді, әке, білемін, Көңілің жүрді қаламай. Қалмадым елі қасыңнан, Мен болдым қызың, ұлың да. Үйір ғып қойдың жасымнан Қамшыға асау құлынға» – «Әкеме» атты өлеңнің лейтмотиві «Әке, қыз болсам да үмітіңді ақтармын, атыңды шығарармын» деген сертке ұқсайды. Әке аруағы риза шығар.

«Біздің халық ұл тілеген: Шаңырағын ұстайды деп атаның» деп ағытылатын өлеңде қазаққа бұл үшін өкпе айтасыз: «Ұл тілеген болса-дағы не түрлі, Құр қайтарып жүрсін мейлі кекілді. Байқап тұрсам, біздің халық ешқашан Ақын қызды тілемеген секілді», «Тағдыры қыздың мүлде өзге», «Кейде мынау тағдырға өкпеледім, Сезімталдау жаратқан ақын етіп».

«Кіммін мен», әйел ақын толғанысы: «Жыр жазар жылдар өтіпті жөргек жуумен, Қаламдас достан шет қалғандаймын бүгін мен», «Жыр мен баланың арасы Екі оттың ортасы секілді. Анамын бөбегін сағынған, Ақынмын жыр болып ағылған, Көңілмін екіге бөлінген Жүрекпін екіге жарылған».  Бесік тербеу, ана болу бақытын жиі жырладыңыз. Ана сүтімен сіңген қасиет.

– Ұлттық дүниетаным қызық, дүниеге сәби келсе, «Ұл тапты» деп қуанады. Бата берсе, «ұл тап» дейді. Қыз баласы көп болса, бір ұл сұрап зар илейді. Соңғы жылдары сауаттанған жастар жоспарлап ұл баланың санын арттырғанын мектептерден байқауға болады. Бірақ, жақсы оқитын, қоғамдық жұмысқа араласатын қыздар басым. Қазір журналистиканың өзін қыз балалар «жаулап алды». Ұстаздық пен медицинаны қойып, әскери қызметке қыздар араласып кетті.

Кәрі қыз көбейіп, бала саны кеміп кетсе – ұлт экологиясының бұзылуы осы емес пе? Негізі, қай ғасырда да, ер-азамат өз келбетін жоғалтпағаны ғанибет қой. Сол арманнан «Азамат атану – бір рет серт беру, өмірде пасықтық, күңкілді жек көру» деп қиялдаймын. Қазір бизнесі бар естияр әйелдің қолына кіріп, күн көрген жас жігітті көрсем, жиіркенем. Ал баласын тастап, не сатып жүрген қазақ қызының денесіне таңба басып жіберсе деп те ойлаймын. Құс та балапан өсіріп, ит те күшігін емізіп жүрген табиғи заңды бұзған қазақ қызын жауапқа тартқан дұрыс шығар. Намысты қыздарға қалам ұстататын ұлы сөз, ол – Намыс. Табиғат берген талантты ақшаға сатып алып, кітап шығарам деп әуре болып жүргендер – ақымақтар. Бәрінің бағасын беретін – Уақыт және Халық.

– «Қазақ әдебиеті» газетіне алғаш өлеңіңіз шыққанда Сәбең, Сәбит Мұқанов елден ерек атыңызға ерекше мән беріп, «Жібек жолында сауда керуені таситын бедерлі жылтыр жібек матаны ақұштап дейді» деп этимологиялық түсіндіріп беруі тартымды.

Асқан лирик ақын Төлеген Айбергеновтің «Оралдан ұшқан көк қаршыға» атты лирикалық өлеңі Сізге арналған. Оған жауап жыр арнадыңыз, әнші Гауһар Қаспақова ерен драматизммен орындайтын әнге ұласқан: «Мен сені ойлайтынмын Таусылмас жыр-ән ғой деп, Төменге қонбайтұғын Тәкаппар қыран ғой деп ».

«Қарлығаштай кезіп жүріп жер-көкті, Ертелі-кеш жудың талай жөргекті. Әйелдігің аз болғандай, Бір кездер Оянады болмай қалған еркектік!» Қадыр Мырза Әлидің Ақұштап қарындасына арнауы. Сағынғали Сейітов Ақұштап бейнесін өлеңнің аққуына теңеді. 

Жеңгеңіз Халима бала кезден «Көркем қыз» деп атаған Ақұштап апай, құдай берген әдемілікке ризашылық жүрегіңізде неден білінеді?

– Әжем баласы болдым. Шешем Ақзила жеңгем сияқты еді. Әжем Қатира «Жалғызымды жаудан қайтарған жалғыз қыз бұл» дейді мені. Анам 28-де. Әжем айтты дейді: «Мен түс көрдім, енді тумайды». Келіннің көңіліне келгенмен, әжемнің айтқаны келді. Қырқымнан шыққанда әжем менің қарын шашымды алғызбаған. Құйқасына ұстара тигізбеймін, өте жұқа. Осы қарын шаштан өсіріп бұрым өремін. Алмаңдар қарын шашын депті. Бүкіл ел бала қырқынан шыққанда қарын шашын алады. «Е, немене, әулие болады дейсің бе, елден ерек. Қатира немере қызының қарын шашын алғызбады. Барып, әйтеуір, шайын ішіп келдік» деп көрші әйелдер күліпті.

Өлерінде әжем айтты: «Ешкімді қарғама. Қарын шашыңды алғызбап едім, айтқаның қата кетпейді».

Сабырхан Асанов «Сен қайтесің өлең жазып, өлең жазған қыздарға күн бермейді. Бәрі қызығады» дегені бар. Еркектердің үстемдігіне отбасы берекесі үшін әйел көну керек.

Төлеген Айбергенов. 1967 жыл, мен 22 жастамын. Қаскелең, күз, филологиядан практика өтіп жатқан кез. Көп студент. Бәріміз мектепте араласып тұрамыз. Сабақ бітті, үш қыз жалдаған пәтерге кетіп барамыз. Бір ағаштың түбінде қойтасқа шығып алған бір жігіт, жіп-жіңішке, бұйра қара шашы таралмаған, өзі қап-қара, тасқа шығып өлең оқып тұр. КазПИ-дің студент жігіттері: «Қыздар, келіңдер мұнда, қарақалпақтан келген ақын жігітпен танысасыңдар!» деп айқайлады. Ондай тәрбие жоқ бізде. Мойнымызды бұрдық та, кетіп қалдық. «Анау сары қыз, өлең жазады, Оралдың қызы» дейді біреуі. Содан Төлеген намыстанып, «Оралдан ұшқан көк қаршыға» өлеңін жазды: «Сен маған душар болдың, Батқанда бақтар сырға. Мен саған сусар болдым, Қатқанда қақтар шыңға. Деміме мынау алқынған, Сен енді тоқтарсың ба, Оралып ұшқан алдымнан, Оралдан ұшқан көк қаршыға!»

 

Сұхбаттасқан: Айгүл Кемелбаева,

жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button