БілімСұхбат

Ақылбек КҮРІШБАЕВ: Мен ғылымға кездейсоқ келген адам емеспiн

Ақылбек Күрiшбаев,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетiнiң ректоры, профессор, Астана қалалық мәслихатының депутаты:
«Мен ғылымға кездейсоқ келген адам емеспiн»

Аймақтардан Астанаға ағылғандарға қаламызда 14 оқу орнына түсу мүмкiндiгi бар. Соның бiрi – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетi. Ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын оқу ордасына басшылық етуге осы саланың жiлiгiн шағып, майын iшкен ғалым Ақылбек Күрiшбаев келгелi бiраз уақыт болды. Бiз бүгiн оны әңгiмеге тартып, елiмiздегi ауыл шаруашылығының ахуалын аз-кем ой сарабына салуды жөн көрдiк.

Ауыл шаруашылығы мамандығына бiлiм гранттары аз бөлiнiп жүр

– 1983 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бiтiрген екенсiз. Араға 30 жылдай уақыт салып, өзiңiз осы тектес ауыл шаруа­шылығы саласы мамандарын әзiрлейтiн оқу орнына ректор болып отырсыз. Арада өткен отыз жыл елiмiзге қандай мамандар қажет, маманды қалай дайындаған дұрыс деген секiлдi сұрақтарға жауап тауып бердi ме?
– Соңғы 30 жылда елiмiздiң агроөнеркәсiп кешенi өркендеудi де, құлдырау кезеңiн де басынан өткердi. Сол сияқты ауыл шаруа­шылығы саласы мамандары да соңғы кезде өз кәсiбiн жайлы жұмыстарға айырбастап кеттi. Бiр сөзбен айтқанда, елiмiздiң ауыл шаруа­шылығы алдымен инвестициядан қағылып, одан кейiн мамандарынан айырылып, құлдырап кеттi. Мемлекеттiң араласуымен мұның барлығы қазiр реттелiп, шешiлiп келе жатыр.
Жалпы, ауыл шаруашылығы өндiрiстiк құрылымдарына қанша маман жетпейтiнi жөнiнде ешқандай мемлекеттiк орган жүйелi сараптама жасаған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлiгiнде жұмыс iстеп жүрген кезiмде осы мәселеге мониторинг жүргiзiп, салаға жоғары бiлiмдi 6,5 мың маман жетпейтiнiне көзiмiз жеткен. Оның iшiнде 2 мың мал дәрiгерi, 1 мың агроном тапшы екен. Мұның негiзгi себебi – бiлiм гранттарының ауыл шаруашылығы мамандықтарына аз бөлiнгендiгiнде. Мысалы, жыл сайын мемлекеттiк гранттардың 5 жарым пайызы ғана ауыл шаруашылығы саласына бөлiнiп келген. Бұл, халқының 47 пайызы ауылдық жерлерде тұратын республика үшiн өте аз. Әсiресе, ауылдық жерлерге немесе ауыл шаруашылығы кәсiпорындарына кәсiптiк орта оқу орындарын бiтiрген мамандар жетiспейдi. Бiз, механизатор, сауыншыларға дейiн арнайы кәсiптiк бiлiм беруiмiз керек.
– Бiлiм гранты ауыл шаруашылығы маман­дарына аз бөлiнедi деп отырсыз. Мұның себебi неде?
– Бұл сұрақтың жауабын Бiлiм министр­лiгiнен сұраған дұрыс шығар…
– Ал, қазiргi қолда бар мүмкiндiк арқылы осы салаға өзiңiз қандай үлес қосқалы отырсыз?
– Әрине, сапалы бiлiм тек қана ғылым арқылы келедi. Дамыған елдердiң тәжiрибесiне сүйенiп, алдымызға зерттеу университетi мәртебесiн алуға мақсат қойып отырмыз. Ол үшiн университеттiң жанынан iрi ғылыми орталықтар ашып, оқу-тәжiрибелiк бөлiмдердi жандандыруымыз керек. Мұның барлығы бұрын барлық оқу орындарында болған. Тоқырау кезiнде олардың барлығы тозып кеттi. Сондықтан, заман талабына сай, сондай оқу-тәжiрибелiк орындарды ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, студенттердiң ғылыми институттардың зертханаларында, егiс алқап­тарында тәжiрибеден өтуiне жағдай жасаған жөн. Мұндай жұмысты бiз Шортанды орман шаруа­шылығы, Александр Бараев атындағы астық шаруашылығы және Қазақ ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институ­тымен жүргiзетiн боламыз. Ең басты мақсат – ғылым арқылы бiлiмдi дамытып, сапалы маман дайындау. Мұның барлығы өндiрiстiң өр­кендеуiнiң негiзi болатынын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында адам капиталын дамытуға бағытталған басымдықта нақты көрсетiп бердi. Бiз сол мiндеттердi жүзеге асыруға кiрiсiп кеттiк.
Осы мәселенi шешудiң тағы бiр тетiгi ретiнде – ЖОО агроөнеркәсiп кешенiне қажеттi мамандарды даярлап берсе, ал шаруашылықтар оларды жұмысқа орналастыруды өз мiндетте­мелерiне алса деген ұсынысымыз бар. Қазiрдiң өзiнде осындай ортақ шешiмге қолдау бiлдiрiп, келiсiм жасап жатқан шаруашылықтар бар. Осы арқылы бiз мемлекеттiк-жекеменшiк әрiп­тестiктi дамытамыз.

Мен мемлекеттiк қызметке ғылымдағы жетiстiктерiмнiң арқасында барғам

– Жүздеген ғылыми мақала, 4 монография жазыпсыз. Ғылым докторы, профессорсыз. Бұл бiздiң билiкте жүрген басқа докторлардiкi секiлдi «докторлық» па? Әлде… сiздiң қызметiңiз ғылыммен шындап айналысуға мүмкiндiк тудырды ма?
– Сұрақ түсiнiктi. Мен ғылымға кездейсоқ келген адам емеспiн. Институтты үздiк бiтiрiп, өз мамандығыма сәйкес, Қазақ егiншiлiк шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында агроном болып қызмет еттiм. Бұл менiң мамандығым, әрi менiң ғылым саласына беттеген мақсатымның бастауы болды. Мен ғылым саласында қызмет ететiнiмдi саналы түрде түсiнiп, ғылыми-зерттеу институтында жүрген кезiмде аспирантураға түстiм. Сөйтiп, ғылымға түбегейлi бет бұрып, бiлiмiмдi жетiл­дiрдiм және ғылыми зерттеулерiмдi жүргiздiм. Бар ынта-жiгерiмдi ғылым жолына арнадым. Сондықтан болса керек, оның барлығы нә­тижесiз қалған жоқ. Кандидаттықты да, докторлықты да ғылымның ортасында жүрiп қорғадым.  Ғылым өзiне баурап алғандықтан болса керек, мен мемлекеттiк қызметке келудi жоспарлаған емеспiн. Нақты айтатын болсам, мемлекеттiк қызметке ғылымдағы жетiстiкте­рiмнiң арқасында келдiм.
– Екi мәрте Ауыл шаруашылығы министрiнiң орынбасары болып тағайындалып, кейiн 3 жыл министр болдыңыз. Атқарушы билiк құрамында өткiзген осы жылдар Сiзге не бердi?
– Ел экономикасының маңызды саласының бiрi саналатын ауыл шаруашылығы – өзiндiк ерекшелiгi бар күрделi сала. Ал, сондай саланың ең жоғарғы органы болып табылатын Ауыл шаруашылығы министрлiгi маңызды құрылым екенi сөзсiз. Осы министрлiкке 2002 жылы қызметке келдiм. Ахметжан Есiмов, Серiк  Үмбетов секiлдi тұлғалардың тәр­биесiн көрiп, тәлiм алып, тәжiрибе жинақтадым. Министр­лiкте қызмет еткен жылдарымда бiлiмiм мен тәжiрибемдi саланың құқықтық негiзiн қалыптастыруға арнап, ғылымның өндiрiспен сабақтастыру мәселелерiн шешуге атсалыстым. Өзiмнiң кәсiби шыңдалуыма да үлкен мүмкiндiк болды. Ғылым мен мемлекеттiк қызметтiң арасындағы ерекшелiктердi екшей отырып, елдiң мүддесi үшiн маңызды бастамаларды атқаруға үлес қостым. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы салада атқарған еңбектерiмнiң нәтижесiн бағалап, 2008 жылы министр етiп тағайындады. Содан үш жыл осы қызметтi атқарып, саланың өркендеуi жолында бар ынтаммен қызмет еттiм.
Ел экономикасы нарықтық қатынастарға көшiп жатқан кезде, ауыл шаруашылығын бұрынғы iзiмен дамыта алмайтынымызды мойындау керек. Кейбiр кiсiлер соны көксейдi. Мысалы, министрлiк егiндi егiп, оны оруға неге қатыспайды деген сияқты мәселелер көтередi. Жалпы ауыл шаруашылығы саласының жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға бейiмделуi әлi күнге дейiн жалғасып келе жатыр. Осы мәселеге түсiнiстiкпен қарау керек.
Ал, министрлiк саланың құқықтық негiзiн жасап, даму жоспарын дайындауы тиiс. Мен Ауыл шаруашылығы министрлiгiне келген кезде саланың нақты бағыты айқындалмаған, жүйесi жоқ болатын. Ахметжан Есiмовтiң басшылығымен министрлiктiң барлық қыз­меткерлерi алдымен саланың құқықтық негiзiн қалыптастыруға кiрiстiк. Соның арқа­сында жалпы агроөнеркәсiп кешенi нарықтық қатынастарға бейiмделе бастады. Мен ол кезде ғылым департаментiнiң директоры, ми­нистрдiң орынбасары сияқты қызметтер атқардым. Өзiмнiң қарым-қабiлетiмдi салып, саланың дамуына үлес қостым деп есептеймiн. Министр болып тағайындалғаннан кейiн де сол бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, ауыл шаруашы­лығы саласының құқықтық негiздерi мен нақты бағыттарын өркендетуге үлес қостым.
Бiрнеше Кодекстер қабылданып, жүзден астам заң мен жанама заң актiлерi өзгертiлдi. Мұның барлығы шаруалардың нарық талаптарына сәйкес жұмыс iстеуiне жол ашты. Ең бастысы, мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңiл бөлiнiп, арнайы бағдарлама қабылданды. Асыл тұқымды мал басын көбейту мақсатында «Асыл түлiк» асыл тұқым шаруа­шылығын ашып, қолда бар малдың тұқымын сақтап-көбейтуге мүмкiндiк алдық. Осы шаруа­шылықта миллиондаған мөлшерде асыл тұқым­ды малдың ұрықтары сақталып отыр.
Ветеринария саласын құлдыратып алғанымыз жасырын емес. Сондықтан, ветеринарияның мәселелерiн шешiп, бiр жолға салуды мақсат етiп, осы бағытта жүйелi жұмыс жасадық. Жеке-меншiкке өтiп кеткен мал дәрiгерлiк қызметтiң мемлекеттiк монополияда болуы керектiгiн дәлелдеп шықтық. Ең алдымен малдан тарайтын аурулардың алдын алу және ветеринарлардың беделiн көтеру керек болды. Осы мәселеге жан-жақты сараптау жасап, мал шаруашылығын дамы­тудың алғышарты есебiнде жұмысты вете­ринарияны қолға алудан бастадық. Ветери­нарлық станциялардың мемлекеттiк монопо­лияға өтуi жағдайды қадағалауға мүмкiндiк бердi.
Нақты агроном ретiнде тұқым шаруашы­лығы, өсiмдiк қорғау, механизация саласында көп iлгерiлеу болғанын нық сенiммен айта алам. Заң талаптары реттелiп, арнайы мекемелер құрылды. Соның арқасында соңғы жылдары тұқымның сапасын көтеру, шегiрткемен күрес бағытындағы жұмыстардың нәтиже бере бас­тағанын көремiз. Жаңа техникамен қамтамасыз ету мәселесi шешiлiп, егiн егу мен ору және мал азығын дайындау сияқты техниканың күшiмен атқарылатын негiзгi шаруалар жаңа техниканың арқасында жеңiлдедi. Сонымен қатар, жаңа технологияны пайдалану көлемi соңғы жылдары еселеп көбейдi. Мысалы, егiс алқабының 70 пайызы минималды технологияға көшкенiн осы саладағы үлкен жетiстiк ретiнде айтуға толық негiз бар. Өйткенi бiз мұндай көр­сеткiшке ғылыми негiзделген, заң­дық талап­тарды бекiтiп және ынталандыру меха­низм­дерiнiң арқасында қол жеткiздiк. Бұл – ауыл шаруашылығы саласының екi қанатындай бол­ған мал шаруашылығы мен егiн шаруашы­лығына қатысты келтiрген нақты екi мысал ғана. Ал, ауыл шаруашылығы ғылымын жүйелi да­муына ықпал еткен «ҚазАгроИнновация» АҚ-ның құрылуы десек, артық айтқандық емес.
– Айтпақшы, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы сiздiң кезiңiзде басталды ғой?
– Бұл бағдарламаның орны бөлек. Мемлекет тарапынан ауылға баратын әлеуметтiк сала мамандарына көмек көрсету үшiн Елбасының тапсырмасы бойынша 2008 жылы арнайы заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, олардың көшi-қон шығындарын мемлекет төлеп, баспана алу үшiн пайызсыз несие бередi. Осындай мемле­кет­тiк саясаттың арқасында соңғы 3 жылда 16 мыңнан астам жас маман ауылдық жерлерге барып, қоныстанып, қызметтерiне кiрiстi. Бұл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда 3 есеге көп. Бiз кезiнде сол тiзiмге ветеринарларды кiргiзу ке­ректiгiн айтып, оның өзектiлiгiн дәлелдеп, заңға өзгерiс енгiздiк. Соның арқасында ауыл­дық жерлерге барған ветеринарларға да «Дип­ломмен  – ауылға!» бағдарламасы бойынша қолдау жасауға мүмкiндiк алдық. Осы сияқты талай дүниенi тiзбектеуге болады. Саланың дамуына қажеттi атқарылған шаруа аз емес, атқаратын iс те жетедi.
Маман ретiнде де, министр ретiнде де, ең бастысы, азамат ретiнде барлық қабiлетiмдi осы ауыл шаруашылығының дамуына арнадым деп толық айта аламын.

Қалыптасқан шаруашылық жүйесiн ғылыми негiзде дамытуға ұмтылуымыз керек

– Расында да, бiзде ел тұрғындарының 47%-дан астамының қызметi мен тiршiлiк көзi ауылдық жер болып табылады. Осы жермен жұмыс iстейтiн қауымның тыныс-тiршiлiгiне билiк қажетiнше жағдай жасап отыр ма?
– Олай айта алмаймын.
– Неге?
– Елiмiзде 155 мыңнан астам фермерлiк-шаруа қожалықтары бар. Оңтүстiк Қазақстан облысында небәрi 1-2 гектарегiстiк жерi бар шаруашылықтар көп. Осындай аз жерге егiн егу шаруаларға тиiмдi емес. Мұндай жолмен еңбек өнiмдiлiгiн дамыту мүмкiн емес. Сон­дықтан шаруашылықтарды iрiлендiру керек. Бұл кеңес үкiметi тұсындағыдай коллек­тиви­зация емес. Әлемде дамыған мемлекеттердiң тәжiрибесiне сүйенсек, мемлекет осы бағытты дамыта бергенi дұрыс.
Қазiр ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып, шыққан шығындарының бiраз бөлiгi субсидия ретiнде қайтарылып отыр. Бұл да бiр қаржылық қолдау механизмiнiң бiр тетiгi. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласын барлық мемлекеттер қаржылай қолдап, жеңiлдiктер жасап отыраты­ны жасырын емес. Мысалы, Белоруссияда – 16 пайыз, дамыған елдерде 50 пайызға дейiн субси­дия бөлiнетiн болса, бiзде небәрi – 5 пайыздың көлемiнде. Бұл – шаруашылықтарға қаржылай жасалатын көмектiң бiр жолы.
Ал, ең маңыздысы ауылшаруашылық өндiрiсiне бағытталған несие жүйесiн жетiлдiру керек. Мысалы, елiмiздегi екiншi деңгейлi банктер арқылы берiлiп жатқан барлық несие­нiң 3-4 пайызы ғана ауыл шаруашылығына бө­лiн­ген. Осыдан-ақ екiншi дәрежелi банктердiң көзқарасын аңғаруға болады. Сондықтан, бiраз уақыттан берi көтерiлiп келе жатқан – «Агро­банк» құру бастамасы өте маңызды. Сонымен қатар, ауылшаруашылық өнiм өндiрушiлерiнiң тәуекелiне кепiлдiк беру қорының жұмысын жетiлдiру арқылы да ықпал етуге мүмкiндiк бар. Қазiр Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң осы бағытта жалғастырып жатқан жұмыстары дұрыс. Көршi Ресейде «Россельхозбанк» құрыл­ғаны белгiлi. Соның көмегiмен шаруашылық­тардың өнiм өндiру көлемiнiң артқаны бiрден көрiне бастады. Мысалы, мамандар несие алып жұмыс iстеп жатқан сүт өндiру саласының ерек­ше қарқынмен дамуына осы банктiң тiкелей әсе­рi болғанын айтты. Екi жылда өндiрiлген сүттiң көлемi 4 есеге артқан. Сондықтан бiзде де ар­найы ауыл шаруашылығын қаржыланды­руға бағытталған банк құрылатын болса, ол өндi­рiстiң өнiмдiлiгiне ықпал ететiнiне күмән жоқ.
– Аграрлық өндiрiстiң тұрақтылығы – елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiнiң негiзi. Астық және ауыл шаруашылығының басқа да өнiмдерi – әлемдiк нарықта экспорттық өктемдiк жасауда әлеуеттi өнiмдердiң және валюталық түсiм көз­дерiнiң бiрi. Ол рас. Әсiресе, қаржы дағдарысы кезiнде осы салаға басым көңiл бөлiну қажет секiлдi. Өз тарапыңыздан қандай идея қосып, қандай бастама көтерер едiңiз?
– Елiмiздiң негiзгi шаруашылығы бидай өсiруге бейiмделген. Сондықтан, негiзсiз пiкiр­лердi жаңалық ретiнде қабылдамай, қалыптасқан шаруашылық жүйесiн ғылыми негiзде дамытуға ұмтылуымыз керек. Оны айтып отырған себебiм, бидай алқабын қысқарту керек деп жүр­гендер бар. Ең алдымен топырақтың құнарлы­лығы мен ерекшелiгiн түсiну керек.
Егiс алқаптары құрылымын тек қана әртарап­­тандыруды жетiлдiру арқылы егiн бiтiк шыққан жылдары астық өндiру мен оған сұраныс арасындағы тепе-теңдiктi сақтау қиын. Бiрiн­шiден, ауыспалы егiс (дақыл түрлерiн ауысты­рып отыру, кезектестiру) топырақтың құрамы мен климаттық жағдайға байланысты екенiн ескеру керек. Құрғақ топырақты аймақтарда (Тор­ғай өңiрi, Ақмола облысының оңтүстiк ау­дан­дары, Қарағанды облысы) дәндi дақылда­рының жалпы егiс алқабындағы үлесi 60-70 пайызға дейiн қысқаруы мүмкiн, ал солтүстiк аймақтарда 50 пайызға дейiн азаяды. Себебi құрғақшылық жылдарға ең бейiм келетiн бидай, арпа және сұлы сияқты дақылдар егiн шаруа­шылығындағы қауiптi (тәуекелдi) азайта алады. Өкiнiшке қарай, бiзде майлы және бұршақ дақылдарының құрғақшылыққа төзiмдi сұрып­тары жетiспейдi. Оған қоса, балама дақылдарға ауысу үшiн жаңа инфрақұрылымдар құру қажет және ол белгiлi бiр уақытты талап етедi. Сон­дықтан, жылдан жылға жақсарып келе жатқан егiс дақылдарын өңдеу технологияла­рының арқасында көп мөлшерде астық жинау мүмкiн­дiгi ұлғайып келедi.
Бiздегi қалыптасқан астық экспорттау жүйесiн жетiлдiрумен қатар, инфрақұрылымды кеңейту, астықты қайта өңдеу және тасымал­дауды дамыту қажет. Мұны бiз iрi астық экспорттаушылардан, яғни бәсекелестерiмiзден үйренсек болады. Мысалы, Канада мемлекетiн алатын болсақ, ол жердiң климаты бiздiң солтүстiктегi астықты аймақтарымыздың кли­матына өте ұқсас. Бұл елдiң астық экспорты канадалық бидай кеңесiнiң қадағалауымен 50 жылдан берi монополиялық жүйеде жүзеге асырылып келедi.
Алысқа бармай-ақ, бiздiң көршiмiз, Кеден одағы бойынша әрiптесiмiз – Ресейде енгiзiлген жаңа жүйенi алайық. Осыдан екi жыл бұрын бiрiккен астық экспорттаушы компаниясын құрды. Әлемдiк астық нарығындағы үнемi күшейiп отыратын бәсекелестiк жағдайында iрi астық державалары өздерiнiң экспорттық саясатын бұрын да, қазiр де қайта қарап, заман талабына сай әрекет етiп келедi. Ал, бiз әлi ойланып жүрмiз. Бiр жыл бұрын Премьер-Министрдiң тапсырмасы бойынша елiмiзде бiрыңғай экспорттық компания құру туралы (ред. – министр кезiнде) ұсыныс дайындадық. Ол әлi күнге дейiн жүзеге асқан жоқ.
Нақты айтқанда, егiс алқаптарын әртарап­тандыру бидайдың артық өнiмдiлiгi мәселесiн шешпейдi, онымен бiрге экспорт саясатын дамыту қажет.

Ұлтжанды ұрпақ өсiп келе жатқанына қуанам

– «Қолымда билiк бар кезде бекер былай iстемеппiн», «мына жұмыстарды ескермей қалыппын» деп, өкiнетiн кездерiңiз болмай ма?
– «Өткен iске өкiнбе» демеушi ме едi дана халқымыз. Бiрақ мен атқарған қызметiмде жоспарлы түрде, саланың негiзгi тетiктерiн дамыту мақсатын ұстандым. Бiз соларды жүзеге асыруға күш салдық. Министрлiктiң қызметкерi ретiнде де, басшысы ретiнде де нақты шаруа­лармен айналыстық. Мүмкiндiкке қарай ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң қызметкер­лерiнiң қабiлетiмен ғана шешiлетiн мәселенiң барлығын атқардық. Ал, асыл тұқымды мал жүйесiн құра отырып, мал шаруашылығын дамыту секiлдi кейбiр мәселелер бойынша қолдау таппай, шамам келмегенi рас.
– Хош. Сонымен билiктен кеткенiңiзге, осылай журналистермен емiн-еркiн әңгiмелесуге мүмкiндiк алғаныңызға, еркiндiк алғаныңызға қуанасыз ба, әлде өкiнесiз бе?
– Менде өкiнiш жоқ. Ал, журналистермен әңгiмелесуге бұрын да мүмкiндiгiм болған, қазiр де еркiн араласамын.
– Қазақ үшiн жалпы не iстедiм, не iстей алам деп ойлайсыз?
– Мен мемлекетiме жасағанымды халқыма жасадым деп түсiнемiн. Сондықтан, кез келген iсiмдi қазақ халқының мүддесi мен мемлекеттiң даму жолындағы парызым, Елбасымыздың артқан сенiмiн ақтауға бағыттаған мiндетiм деп түсiндiм. Келешекте де осы мақсат-мүддемнен айнымайтыныма сенiмдiмiн.
–  Қазағыңызды қаншалықты жақсы көресiз?
– Анасын жақсы көрмейтiн бала болмайтыны сияқты, ұлтын сүймейтiн азамат болмайтын шығар. Жоғары оқу орнының ректоры ретiнде студенттермен жиi пiкiрлесiп отырамын. Сонда өскелең ұрпақтың iшiнде тұлғасы бөлек, ұлт­жанды ұрпақтың өсiп келе жатқанын көрiп қуа­нам. Бұлар – елдiң келешегi. Өзiмнiң қазiргi бiр мiндетiм осы жастарға жол сiлтеу деп түсi­немiн. Алаштың көңiлiндей дархан, қазба бай­лыққа толы даласы байтақ, теңiздей шалқар данасы бар халқымды шын ықыласыммен жақсы көремiн. Халқымның басынан бағы тай­ма­сын, елiмiздiң несiбесi ортаймасын деп тiлеймiн.

Әңгiмелескен Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button