Қала мен Сала

«Ақылды қала»артықшылығы

«Ақылды қалалардың» жаһандық рейтингінде Астана көш басында болмағанымен, 2.48 балл жинап, алтыншы орынға жайғасыпты. Бұл көрсеткіш бойынша ең цифрлық мемлекет саналатын Сингапурдың өзі 4,4 балл алса, әлемдегі ең жайлы әрі әдемі қала – Дубай  3,6 балды иемденіпті. Ал ежелгі көршіміз Мәскеу де 3,6 балды қанағат тұтқан. Осыған қарап, Арқа төсіндегі әлем назарын аудара бастаған әдемі астанамыздың келешегі кемел екеніне сенім молая түседі.

Тың бағдар, қауіпсіз қала

Биыл жазда Астана Бас жоспарының жаңа жобасын қоғамдық тыңдау барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болашақтың инновациялық даму үлгісіне  сәйкес шаһарды «Ақылды қала» жобасы аясында бұдан әрі де кеңінен өрістеу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырған еді.

«Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдері жүйе­лі қолданылуда. Біз бұл озық тәжірибені үйренуіміз керек. Мен Біріккен Араб Әмірліктеріне барған сапарымда G42 компаниясының басшыларымен арнайы кездестім. Бұл компания жасанды интеллектінің дамуы жағынан дүниежүзінде көш бастап келеді. Міне, «ақылды қала» жобасы төңірегінде олар бізбен өздерінің қол жеткізген жетістіктерімен бөлісуге әзір» деді Қазақстан Президенті.

Осыған орай кейінгі кезде елорда әкімдігі еліміздің цифр­лық даму министрлігімен бірлесе отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, қазір IT-бизнес өкілдері мен осы саладағы кәсіби мамандар жұмысқа кеңінен тартылып, тың бағдарламалар аясында Астана  Digital Nomads аймағы орталығы болуға лайықты қала деп танылды.

Бұған дейін де  Астана қаласының әкімдігі «Smart Astana» тұғырнамасы негізінде екі ірі жоба – «Қауіпсіз қала – Астана қаласының тіршілік қызметін кешенді қамтамасыз ету» мен «Интеллектуалды көлік жүйесі» жобаларын  өмірге сәтті енгізген еді. Соның айқын айғағы ретінде қазір бас шаһар тұрғындары оның игілігін көруде.

«Smart Astana-ны» енгізгендегі түпкі мақсат – елорда тұрғындарына жайлы да жағымды жағдай жасау, олардың тұрмыс дәрежесін бұдан да жақсартып, әл-ауқаттарын арттыру. Шаһардың инфрақұрылымын жаңартып, қоғамдық қауіпсіздік іс-шараларын жетілдіру еді. Айтқандай, осы аталған жоба қазір еуропалық «ақылды» қалаларды дамыту үлгісіне негізделіп, ақылды экономика, ақылды басқару, ақылды өмір сүру деңгейі, ақылды жұмылу, ақылды адамдар және ақылды қоршаған орта тұғырнамасы бағытында жүзеге асырылуда.

Қазір цифрлық инновация­ларды енгізу мен оны одан әрі дамыту, әсіресе ішкі істер саласында пәрменді қолдауға ие. Жедел басқару орталығының базасында полициямен байланыстың баламалы құралы – «Азаматтардың өтінішін қабылдау» және «SOS: дабыл батырмасы» жобалары іске қосылды. Осылайша «полиция 102» мобильді қосымшасын пайдалана отырып, азаматтар полицияға тікелей бейнеқоңырау шала алады, фотосуреттер мен бейнематериалдар қоса берілген мәтіндік хабарламаны да жібере алады.

«SOS: дабыл батырмасы» жобасы бойынша қаланың адам көп жүретін жерлеріне онлайн режимінде басқан кезде жедел басқару орталығының қызметкерімен тікелей байланысуға мүмкіндік беретін 19 арнайы құрылғы орнатылды.

Қылмыстың алдын алу және жедел әрекет ету мақсатында қоғамдық орындарға «Кілем» бейнебақылауын («Ковровое» видеонаблюдение) дамыту жалғасуда. Тағы бір маңызды жобаның бірі – «Үздіксіз бейнебақылау» жүйесі. Күні бүгін қаланың жедел басқару орталығында 30 мыңнан астам бақылау камерасы орнатылды. Соның ішінде 13 мыңы – «Сергек» камералары.

Цифрландыру  жемісі

Қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Берік Ахметовтің айтуынша, кейінгі кезде тек құқық қорғау саласы ғана емес, бас қаланың барлық аудандары мен тұрғын алаптарын да  сапалы телефон байланысы және жедел интернет желісімен қамтамасыз ету  нақты қолға алынған көрінеді.

Ал «интеллектуалды көлік жүйесі» жобасы бойынша қол жеткен жетістікті біз күнделікті өмірден айқын аңғарып отыр­мыз.

Елордадағы цифрландыру жүйесі жұмысының жемісі ретінде біз әр адамның қолындағы қалта телефоны арқылы өзіне керекті қоғамдық көліктің жүру бағдарын бақылай алатынын айтуға болады.

«Мұның өзі заманауи жетістік болды. Қазір қыс мезгілі. Бір жерге баратын болсақ, қоғамдық көліктерді аялдамаларда сарылып күтіп тұрмаймыз. Телефонымыздағы қосымша арқылы жүріс бағдарын бақылап отырып, өзіміздің аялдамаға жақындағанда шыға қоямыз» дейді қала тұрғыны Ілияс
Жандар.

Сол сияқты қаланың қоғамдық көліктері түгелімен электронды төлем жүйесіне ауыс­тырылған. Әрі бұл көлеңкелі кәсіптің алдын алудың да бірден -бір жолы болып отыр.

Кейінгі кезде «Қауіпсіз автобус» жобасы шеңберінде Астана қаласындағы қоғамдық көліктердің 60-70 пайызында бейнебақылау камералары орнатылған. Яғни, қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктегі қауіпсіздік шаралары осы бейнекамералар арқылы бір орталықтан реттеліп отырады. Қалалық жедел басқару орталығында көшелердегі көлік қозғалысының ахуалы, қоғамдық көліктерді неғұрлым қауіпсіз аймақтарға бағыттау мәселелері шешім табатын болады.

Сонымен бірге, жүйелі цифрландыру жұмыстарының арқасында қалалық жедел басқару орталығына  қалалық жылумен және сумен қамтамасыз ету қызметтерінің, электр тарату желілерінің жұмысы жөніндегі ақпараттар да тұрақты келіп тұрады. Орталық осы ақпараттарды сараптау арқылы қалалық коммуналдық жүйелердің жұмысының сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында ұтымды шешімдер қабылдап, нақты шараларды жүзеге асыратын болады. Қалалық жедел басқару орталығында отыратын кезекші барлық мәселелерді жедел шешу өкілеттігін алады. Ол қалалық көлік және коммуналдық қыз­мет түрлеріндегі орын алған кемшіліктердің алдын алып, апаттық жағдайлардың орын алуына дер кезінде тосқауыл қоюға әрекет жасалады. Қалалық жедел басқару орталығы қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда қажетті көмек көрсетудің барлық тетіктерін жүзеге асыра алады. Осы ретте орталық қаланың барлық басқармаларымен, оның ішінде жедел медициналық жәрдем көрсету орталықтарымен ұдайы тікелей байланыс желісі де іске қосылған.

Инновациялық жобалар шоғыры

Елорда әкімдігінің қолдауы­мен қала тұрғындарының тұрмысы мен өмір сүру сапасын жақсартатын ең маңызды  инновациялық жобалар да жүзеге асырылуда. Жоғарыда айтқанымыздай, тұрғындарға жайлы да ыңғайлы Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы көрсетілетін қалалық қызметтер мен сервистердің қолжетімді түрлері бірыңғай интерфейске жинақталған. Осыған орай «Есірткіге жол жоқ», «Төтенше жағдай кезінде іс-әрекеттер алгоритимі», «Ұрланғылар құрылғылар базасында тексеру», «Велосипедті тіркеу», «Ойын-сауық орындары», тағы басқа да қосымшалар қосылды. Мәселен, «Есірткіге жол жоқ» қосымшасынан кез келген адам қосылып, осы қылмысқа қарсы күреске пәрменді түрде өз үлесін қоса алады. Ол үнемі жергілікті полицияның назарында болады.

Астана қаласы әкімдігінің  iKомеk орталығында қаланы дамыту бағдарламасы аясында қатысушылардың өзара тиімді іс-әрекетін қамтамасыз ететін жобалық офис қызметі іске қосылды.

Сондай-ақ қалалықтар үшін iQala реб­рендингі де тың жаңалық деп айтуға әбден болады. Енді пәтер немесе үй сатып алған адам  «Астана-Теплотранзит», «Астана су арнасы», «Астана – РЭК», «Астанаэнергосбыт» коммуналдық кәсіпорындарына барып жүрмейді, барлық келісімшарттарды SMS арқылы «бір терезе» қағидасы бойынша  рәсімдей алады.

Осындай жүзеге асырылған инновациялық жобалардың арқасында iQala орталығына күн са­йын 7000-нан 29 мыңға дейін қоңырау шалынып, ақыл-кеңес сұраған өтініштер түседі екен. Аталған орталық жылына екі миллионға дейін сұранысты қанағаттандыруда.

Бұл интеллектуалды жобалар алдағы уақытта да өрісін кеңейте түспек. Өйткені «ақылды қала» арқылы халыққа қызмет көрсету мүмкіндіктері жеңілдеп, пайдалы ресурстардың жаңа көздері айқындалуда. Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, цифр­лық мегаполис IT-сектордың  дамуына да  оң ықпал ететіні дәлелдене түсті. Бұған қоса азаматтардың талап-тілектері орындалып, жайлы өмір, сапалы қызмет көрсету мүмкіндіктері артып отыр. Міне, соның нәтижесінде бас қаламыз дамыған  өркениетті мегаполиске айналып, әлем қалалары қатарында мәртебесі өсе бермек.

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button