Басты ақпаратҚоғам

«Ақылды» қаланың артықшылығы қандай?

Еліміздің бас қаласының инновациялық қарқынын ілгерілетіп, қауіпсіздік, тұрғындарға қолжетімділік секілді мәселелерді шешуде «Smart city» жобасының игілігі мол. Жоба концепциясы әлемде күннен-күнге өзекті тақырыпқа айналуда, бұл қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және қалалық ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру үшін озық технологияларды пайдалануға негізделген.

Өркениет көшіндегі елдер цифрландыруға басымдық беріп, «ақылды» қала концепциясын дамытуға ден қойып келеді. Еліміздің бас қаласының инновациялық қарқынын ілгерілетіп, қауіпсіздік, тұрғындарға қолжетімділік секілді мәселелерді шешуде «Smart city» жобасының игілігі мол. Осы тұста өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін цифрландыру жобалары елордада қалай жүзеге асып жатқаны жайлы Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Дидар СУЛЕЙМАНОВТАН сұрап білдік.

– Дидар Ұланұлы, басқарма жұмысындағы негізгі басымдықтар қандай?

– Астана қаласының цифрлық инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және осы арқылы тұрғындардың өмір сапасын арттыру, ең бастысы, қала тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі жылдам ұсыну – басқарма жұмысының алға қойған негізгі мақсаты. Сонымен қатар басқарма тұрғындардың цифрлық сауатын арттыру, халықтың барлық тобына цифрлық технологияларды қолдануды үйрету бағдарламаларын әзірлеу және іске асыруды көздейді. Қаланың «Smart city» жобаларын дамыту қаладағы энергетика, коммуналдық шаруашылық және қоғамдық қауіпсіздік жүйе­лерін цифрлық технологиялармен интеграциялауды жүзеге асырады.

– Бас қаланы «ақылды» қалаға айналдыру мақсатында қандай кешенді жобалар жүргізіледі?

– «Smart city» концепциясы әлемде күннен-күнге өзекті тақырыпқа айналуда, бұл қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және қалалық ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру үшін озық технологияларды пайдалануға негізделген. Заманауи қалалар «ақылды», инновациялық және тұрғындарға қауіпсіз болуға ұмтылады. Бұл – оның негізгі көрсеткіштері.

2023 жылы Астана «Smart city» бағытында елеулі серпіліс жасап, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүргізген ұлттық «Smart city» рейтингінде көшбасшы орындарға ие болды. Бұл жетістік – қалалық билік органдарының денсаулық сақтау, білім беру, көлік, қалалық ресурс­тарды басқару және басқа да қала өмірінің әрбір аспектісіне заманауи шешімдерді енгізу бо­йынша жүргізген ауқымды жұмысының көрінісі. Астанада жүзеге асқан осы бастамалар технологиялардың көмегімен қала тұрғындарының қажеттіліктеріне бейім және ыңғайлы етуге болатынын көрсетеді.

Астананың «ақылды» қала саласындағы жетістіктері тек ұлттық шекаралармен шектелмейді. Қала 2023 жылы Америка аналитикалық орталығы Intelligent Community Forum (ICF) нұсқасы бойынша инновациялық және «ақылды» қалалар тізіміне енді. Сонымен қатар 2022 жылы елорда алғаш рет Smart Centres Index-тің алтыншы шығарылымына кіріп, зерттеу тобы қаланың инновацияларды қолдау деңгейін жоғары бағалады. Мысалы, бүгінде бейнебақылау, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру сынды жобалар жүзеге асуда.

– Елорданы цифрлық тұрғыда қауіпсіз қалаға айналдырудағы іс-шаралар нәтижелі ме?

– Астананы «ақылды» қала ретінде дамытуға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – қала тұрғындарының қауіпсіздігін және тәртіпті қамтамасыз ету. Әкімдік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобасын сәтті жүзеге асырып, фотовидеофиксация және бейнеаналитика аппараттық-бағдарламалық кешенін құру және пайдалану бо­йынша айтарлықтай жұмыс атқарды. Жоба аясында қала жолдарына ғана емес, сонымен қатар қоғамдық орындарға 10 мыңнан астам камера орнатылып, бұл қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырды. Бүгінгі таңда қалада 32 мыңнан астам камера жұмыс істейді, олардың барлығы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған, бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге маңызды үлес. Осы шаралардың арқасында жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім 48 пайыз­ға төмендеді, жалпы қылмыс деңгейі 67 пайызға азайды, ал әкімшілік құқық бұзушылықтар, соның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзу 72 пайызға қысқарды. Бұл мәліметтер қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысын қамтамасыз ету саласында енгізілген шешімдердің тиімділігін растайды.

– Қалада «QalaQyzmet» орталығының бірқатар филиалы ашылғаны белгілі. Бұл орталық қандай қызмет ұсынады?

– «QalaQyzmet» қала тұрғындарын коммуналдық қызметтермен және әкімдікпен «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша байланыстырып жұмыс істейді. Жыл басынан бері «QalaQyzmet» орталығы елорда тұрғындарына 160 мыңнан астам қызмет көрсетті. Оның 44700-і фронт-­офис пен филиалдар арқылы, ал 115513-і электронды портал арқылы берілді. Орталық 12 жетекші ТКШ ұйымдарынан 139 қызмет түрін ұсынады. Оның бірегейлігі – қызметтер елдің кез келген жерінен қолжетімді (qalaqyzmet.kz онлайн порталы, фронт-офиске жеке барған кезде немесе SMS-сауалнама арқылы). Тұрғындардың басым көпшілігі коммуналдық қызметтер бойынша (су, жылу, электр энергиясы және басқа да коммуналдық қыз­меттер) жүгінеді.

– Бас қаладағы интернет сапасының деңгейі туралы кеңірек айтсаңыз. Байланыс­ты жақсартуда қандай жобалар жүзеге асады?

– Биыл жыл басында елордадағы ұялы байланыс сапасын өлшеу нәтижелері бойынша Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитеті 23 учаскеде нашар ұялы байланыс бар екенін анықтады. Әрқайсысы бойынша аудандық әкімдіктер мен байланыс операторлары бірлесіп ұйымдас­тырған ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіліп, кездесулер өткен болатын. Осы жұмыстардың нәтижесінде 16 «ақ нүктеге» базалық станциялар орнатылды, бұл байланыстың сапасына қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Алайда нәтижелерге қарамастан, тұрғын үй кешендері тұрғындарының арасында радиофобия әлі де өзекті мәселе болып отыр. Бұл тұрғындарға заманауи байланыс технологияларының қауіпсіздігін түсіндіру үшін Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, қосымша ақпараттық жұмыстар жүргізуді талап етеді. Сонымен қатар байланыс операторларымен, инвесторлармен ынтымақтас­тық аясында базалық станция­ларды орнатуға арналған антенна-діңгекті құрылымдар (АДҚ) салу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Алдыңғы жылдардағы деректерді салыс­тырып көрсек, 2020 жылы – 5 АДҚ, 2021 жылы – 11 АДҚ, 2022 жылы – 9 АДҚ, ал 2023 жылы 21 АДҚ салынды. Осылайша, соңғы жылдары антенна-діңгекті құрылымдар құрылысын салу қарқынының айтарлықтай өскенін атап өтуге болады. Елорда маңындағы тұрғын үй алаптарындағы жоғары жылдамдықты интернет мәселесі де қамтылған. Бұл жобаны қаржыландыру инвесторлар (провайдерлер) есебінен жүзеге асады. Қазіргі уақытта 13 тұрғын үй алабы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген, ал ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 4-еуін қосу жоспарлануда. 10 мыңнан астам үй интернетке қосылған, 400 км оптикалық кабель тартылған.

– Мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыру жұмысына тоқталсаңыз.

– Елорда әкімдігіне қарас­ты мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыру – қала қызметтерінің тиімділігін арттыру, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және уақыт үнемдеу мақсатында жүргізіліп жатқан маңызды жұмыс. Бұл бағытта шамамен 911 функцияны қамтыған ауқымды зерттеу жүргізілді, одан тыс көптеген процесс цифрландырылып, тұрғындарға әкімдік қызметтерін қашықтан немесе онлайн түрде алуға мүмкіндік берілді. Аталған жұмыс көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталды. Оның ішінде 60 функция егжей-тегжейлі талданып, шамамен 114 процесс қамтылды. Атап айтқанда, білім және тұрғын үй қоры, дене шынықтыру сияқты маңызды салаларда жұмыс жүргізілуде. Мысалы, Білім басқармасында балаларға психология­лық-медициналық-педагогикалық көмекті көрсету процесі автоматтандырылды. Біз электрондық жазбаларды және қызметтерге қорытындылар беру жүйесін енгіздік, бұл кезекті ұзақ күту мәселесін жоюға, жазба мен тексеруді жүйелендіруге мүмкіндік береді. Әсіресе ерекше қолдау­ды қажет ететін балалар үшін қызметтердің қолжетімді­лігін едәуір арттырады. Негізгі автоматтандырылған процестер мыналарды қамтиды:

– «Психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсету» мемлекеттік қызметі бойынша қорытынды;

– Дамуында ауытқуы бар балаларға арналған реабилитация және әлеуметтік бейімдеу қызметтері бойынша өтініштер.

Сонымен қатар «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешеніндегі «Birge» порталы арқылы 6 процесс автоматтандырылды. Бұл балаларға иппотерапия әдісімен реабилитацияға қол жеткізуді жеңілдетеді. Негізгі автоматтандырылған процестер қатарында жаттықтырушының жетекшілігімен атпен жүру сабақтарына, кәсіби жаттығуларға және балалардың спорт мектептері үшін тегін сабақтарға өтініш беру бар.

Тұрғын үй қоры саласын автоматтандыруға келсек, біз «Elorda zhastary» бағдарламасына қатысу үшін өтініш беру және қарастыру процесін цифрландырдық. Бұл өтініштердің өңдеу уақытын едәуір жылдамдатады және процесті ашық етеді.

Жалпы мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыру жұмыс тиімділігін ілгерілетуге, қызметтердің сапасын жақсартуға және азаматтардың мемлекеттік мекемелермен өзара әрекеттесуін жеңілдетуге көмектеседі. Бұл – мемлекеттік басқаруды модернизациялаудың маңызды қадамы. Осылайша, мемлекеттік функцияларды автоматтандыру тек деректерді өңдеуді жеделдетіп қана қоймай, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, оларды елорда тұрғындары үшін қолжетімді етті.

– Астананы жан-жақты ілгерілетуге бағытталған IT-стартаптарға басқарма тарапынан қандай да бір қолдау көрсетіле ме?

– Қала инновациялық эко­жүйені белсенді дамытып, болашақ жас инноваторлар ұрпағын қалыптастыруға үлкен мән береді. Елордада жыл сайын балалар арасында қалалық және республикалық деңгейде STEM олимпиадалары өтеді, байқау жас ұрпақты технологиялық тұрғыда шыңдауға бағытталады. Атап айтқанда, 3D модельдеу, инженерия, бағдарламалау салаларын қамтиды. Биыл 19 қазанда өткен қалалық олимпиадаға 70 мектептен 230 оқушы қатысты, ал 23-24 қарашада ТМД және өзге де мемлекеттерден келетін оқушылар бақ сынасатын халықаралық олимпиада өтпек.

Астана қаласының әкімдігі тұрғындардың өмірін жақсартуға бағытталған инновациялық идеялар мен жобаларды қолдап, оларды сынап көруге мүмкіндік береді. Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы Astana Hub халықаралық технопаркімен және Astana Innovations-пен бірлесе отырып, елордада IT-кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін Astana Smart City Accelerator жаңа бағдарламасын іске қосты. Бұл бастама стартаптарға өз дағдыларын арттыруға және өз шешімдерін қаланың өміріне енгізуге бірегей мүмкіндік береді. Ең үздік стартаптар өз жобаларын сынақтан өткізу үшін Astana Hub-тың Seed Money бағдарламасы бойынша 5 миллион теңгеге дейін қаржыландыру алады. Сонымен қатар Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы Білім басқармасы және «Дарын» рес­публикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен 8-11-сынып оқушыларына арналған «Capital No-coders» тегін білім беру курсын өткізудеміз. 8 апталық интенсивті курс барысында оқушылар Airtable, Make, Glide, Adalo және Notion сияқты No-code платформаларын пайдаланып, сайттар, чат-боттар және қосымшалар жасауды үйренеді. Қазір іріктеуден өткен 225 оқушы қазақ және орыс тілдерінде цифрлық дағдыларды меңгеруде. Толығырақ біздің digital.astana Instagram парақшасынан біле аласыздар. Мақсатымыз – өскелең ұрпақты мектеп қабырғасынан-ақ цифрландыру саласына етене жақындастыру.

 Сұхбаттасқан

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button