Басты ақпарат

Ақылы автотұрақтар ахуалды өзгерте ме?

Ақылы автотұрақтар үлкен қалалардың негізгі жол-көлік мәселелерін шешуге көместеседі. Бұл жүйе Нұр-Сұлтан қаласында 2018 жылдан бері іске қосылған. Содан бері ақылы автотұрақтар елорданың жол-көлік жүктемесін төмендетуге едәуір ықпал етіп келеді. Бір қарағанда, халықаралық стандарттарға сай, заманауи технология­мен жабдықталған әдіс тиімді шешім екені рас. Мұны әлемдік тәжірибе де көрсетіп берді. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жеткіліксіз. Бүгінде көлік ақсүйектердің белгісі емес, қозғалыс құралына айналғаны ақиқат. Тіпті мегаполис­терде темір тұлпар мінгендердің кедергілерге кезігетіні жасырын емес. Өндірісі өрге басқан мемлекеттер бұл мәселемен бізден бұрынырақ ұшырасқан. Тұрғын саны миллион­нан асып жығылған астанамыз да бүгінде темір тұлпарға тарлық ете бастады. Жұмыс күндері Есілдің сол жағалауында бір көліктік орын табу – үлкен олжа. Оны көруге қырағы көз қажет-ақ. Осы орайда, қозғалыс трафигін реттеу­дің тиімді әдісін саралап бақсақ. Урбанис­тердің мәлім­деуінше, ақылы тұрақтар – көлік ағынын азайтуға арналған амалдың бірі.

[smartslider3 slider=2408]

Ең алғашқы паркомат 1935 жылы 16 шілдеде ашылды. Бұл жаңалық жаһанға тарап, 1959 жылы Токиоға жетті. Көлік өндірісі жолға қойылған бұл елдер тұрақ жетіспеушілігін бастан кешіргені белгілі. Сол үшін үнемі тиімді әдісті іздеумен болды. Бүгінде көлік қозғалысын реттеп, қаланың белгілі бөлігінде жүктемені азайту үшін ақылы тұрақтар әдісі кеңінен қолданылып келеді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл жүргізушілерді арнайы орындарды тиімді пайдалануға, уақытты үнемдеу­ге үйретеді. Ал ақылды қосымшалар көлік қоятын бос орынның бар-жоғын көрсетіп тұрады.

Бұл жүйе Нұр-Сұлтанда 2018 жылы іске қосылған. Бүгін бас қаладағы «Нұрлы жол» бульварында 487 ақылы орын жұмыс істеп тұр. Осы айдың басынан бастап Есіл, Сарыарқа, Алматы және Байқоңыр аудандарында ақылы автотұрақтар іске қосылды.

[smartslider3 slider=2429]

 

Шаһар әкімдігі ақылы автотұрақтардың қажетті тізімін бекітті. Ақылы тұрақ аймақтары Бөгенбай батыр – Сарыарқа – Республика даңғ. – Есіл өзенінің жағалауы квадратында, Қажымұқан Мұңайтпасов көшесі – Мағжан Жұмабаев даңғылы – Бауыржан Момышұлы даңғылы – Тәуелсіздік даңғылы аралығын, Есіл ауданында тұрақ аймақтары Сарайшық – Сығанақ көшелерінің, Тұран –Мәңгілік ел даңғылдарының арасында орналастырылған. Сол секілді Байқоңыр ауданында – «Астаналық», «Шапағат» және «Әсем» базарларының аумағында ақылы тұрақ қойылды. Осы нүктелердегі тұрақ қалталары қолданысқа берілуі үшін керекті жабдықтармен жарақталған. Атап айтқанда, тиісті жол көрсеткіштері, ақпараттық қалқандар мен паркоматтар қойылды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен «Парковочное пространство Астаны» ЖШС ауруханалар, емханалар, балабақшалар, мектептер және халыққа қызмет көрсету орталықтары сияқты әлеуметтік нысандар маңындағы ақылы тұрақ орындары жабдықталмайды деген ортақ келісімге келген.

Төлем  уақыты өтіп кеткеннен соң 10 минут ішінде шығып кеткен жөн. Олай болмағанда, айыппұл есептеледі. Заң бойынша айыппұл көлемі 3 АЕК құрайды, яғни 9189 теңгені құрайды. Айыппұл арқалаған жағдайда 1 апта ішінде 50 пайызын ғана төлеуге мүмкіндік қарастырылған.

Бұл тұрақтардың картасын astanapark.kz сайтынан немесе арнайы қосымшадан көруге болады. Ақы төлеудің де бірнеше жолы қарастырылған. Абонемент сатып алуға да болады. Тіпті ақылы тұрақ маңындағы үйлердің тұрғындарына жеңілдік беретін «Резиденттік келісім» жүйесін енгізу де жоспарланған. Ал осы қызметті ұсынып отырған «Парковочное пространство Астаны» ЖШС мәліметінше, ақылы тұрақтар іске қосылғалы орынды пайдалану тиімдігі үш есеге артқан. Сондай-ақ компания келтірген дерекке қарап, бұл жаңалыққа халықтың да бойы үйрене бастағанын көруге болады. Мәселен, алғашында ақылы тұрақтардың жүктемесі 8-9 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 23-25 пайызға жеткен.

Бір қарағанда, халықаралық стандарттарға сай, заманауи технология­мен жабдықталған әдіс тиімді шешім екені рас. Мұны әлемдік тәжірибе де көрсетіп берді. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жеткіліксіз. Мәселен, ақылы тұрақтан қашып, аулаларға тығылатын жүргізушілерден тұрғындар көресіні көріп келеді. Айтуларынша, аядай орынның өзіне көлігін көлденең қоятындардың кесірінен жаяу жүру мүмкін емес. Тіпті, есіктің алдына қаңтарылған темір тұлпарлар өтетін жолды да жауып қалады екен. Жүргізушілерді де түсінуге болады. Айлық табысының жартысын ақылы тұраққа беруге ешкімнің құлқы болмасы анық. Батыспен салыстырғанда бағасы арзан болғанымен, табыс деңгейіміз олармен салыстыруға келмейді. Сондықтан кешенді шаралар қолданбай, түйткілдің түбіне жету мүмкін емес.

Лаура СӘБИТҚЫЗЫ, «Парковочное пространство  Астаны» ЖШС пайдаланушыларды

қолдау бөлімінің басшысы:

«Астана қаласының ақылы көлік тұрағы кеңістігін құру, пайдалану және басқару» жобасы қаланың көше-жол желісінің жүгін жеңілдету және жаяу жүргіншілер мен көлік құралдары қозғалысы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылған. Бұл жобаның негізгі міндеттері: көше-жол желісінде көлікті тұраққа қою ережесінің бұзылу жайттары санын азайту, ақылы көлік тұрағы аймақтарында көліктің барлық түрлерінің қозғалыс жылдамдығын арттыру, тұрақ орындары айналымын арттыру, ақылы тұрақтар аймағына кіретін жеке автокөліктер легін қысқарту және тұрғындарды қоғамдық көлікті пайдалануға ынталандыру.

Ақылы автотұрақтар – бұл қазіргі қала үшін трафикті реттеудің танымал құралы. Аталмыш жоба  елорданың негізгі жол-көлік проблемаларын шешуге көмектеседі. Автотұрақ үшін төлемді енгізу қаланың көше-жол желісін жүктемесін түсіруге, жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарының жүруіне қолайлы жағдай жасауына ықпал етеді. Жүргізушілер үшін бұл қоғамдық кеңістікті жауапкершілікпен пайдалануға, жол ережелерін ұстануға және тұрақ уақытын жоспарлауға ынталандыру. Осылайша, күні бойы қалған көліктердің саны азаяды және жүргізушілердің саны көбірек тұрақ кеңістігін пайдалана алады. Сондай-ақ ақылы автотұрақтарды енгізудің ілеспе артықшылықтары бар, олар: құқық бұзушылықтарды тіркеу қызметтерін белгілеу және тұрақты айналып өту арқылы тәртіп орнату, тұрақ ережелерін бұзуды азайту (екінші қатарлар мен күні бойы тасталған машиналар жоқ), ақылы тұрақ аймақтарында шұғыл қызметтер үшін ыңғайлы жолақтардың болуы.

Сонымен қатар жұртшылық арасында біздің серіктестік нендей негізде өз жұмысын жүргізеді деген сұрақ жоқ емес. Серіктестік «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы № 379-V ҚРЗ-на сәйкес әрекет етеді. Қала әкімдігінің 2016 жылғы қаулысымен жекеше әріптесті анықтау бойынша конкурстық комиссиямен анықталған.

Айта кету керек, серіктестік МЖӘ шарты аясында ең үздік жеке әріптес болып дараланды, өйткені ақылы тұрақтарды басқару жобасы біздің мекеменің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады және инвестицияларды бюджеттен қайтаруды көздемейді.

Тұрақ ақылы болуының негізгі белгісі 5.15 – «Тұрақ орны» және 7.8 – «Ақылы қызметтер» белгілері комбинациясының болуы. Сондай-ақ әрбір тұрақ аймағында барлық қажетті ақпаратты көрсететін ақпараттық қалқан орнатылған. Қалқанның жоғарғы бөлігінде тұрақ аймағының нөмірі орналасқан, осы нөмір арқылы жүйе тұрақ орнын салыстырады.

Ақылы тұрақ қызметтері үшін тарифті есептеу мөлшері мен әдістемесі Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №108-2602 «Елордада көлік құралдарын тұраққа қою үшін ақы алуға және олардың тұраққа қою уақытын есепке алуға арналған арнайы сертификатталған құрылғылармен жабдықталған орындарда тарифті айқындау туралы» қаулысымен бекітілген. Сол себепті тұрақ ақысы сағатына 100 теңгені құрайды. Оны мобильді қосымша немесе қолма-қол ұсақ ақшамен төлеуге болады.  Ақылы автотұрақтардың жұмыс уақыты: жұмыс күндері таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін. Ал демалыс және мереке күндері автотұрақтар тегін.

Қала әкімдігі бекіткен Ережелердің 4-бабының  11-тармағына, сәйкес, тұраққа рұқсат алуға өтініш берген кезде жеңілдік санаттарындағы азаматтар ақылы тұрақ аймағында көлік құралдарын тегін қоюға құқылы.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшартына сәйкес 2021 жылы 5500, осы жылдың соңына дейін тағы 4500 ақылы тұрақ орнын салу жоспарланған. Сөйтіп екі жылда елорданы 10 мың ақылы тұрақ орнымен қамтамасыз ету көзделген. Бұл ретте, көлік тұрақ орындарын анықтау нормативтік құқықтық акт негізінде айқындалады.

Кенжегүл ТЕРГЕМБАЙ, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

– Қала ішінде көлікпен жүріп, жан-­жағымызға қарамастан автотұраққа көлігімізді қойып кетеміз. Сондай сәтте ақылы автотұрақ болып, тиісті төлемін жасамасаңыз, айыппұл арқалауыңыз бек мүмкін. Сондай жағдай менің басымнан өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының алдындағы көлік тұрағына қойып, жоқ жерден айыппұл арқаладым. Істің мән-жайын білу мақсатында астаналық Әкімшілік полиция басқармасына байланысқа шықтым. Ондағы мамандардан жеңілдігі бар азаматтардың санатын сұрастырғанымда өзімнің де сол категорияға жататынымды анықтадым. Яғни, менде «Семей полигоны я­дролық сынақтарынан зардап шеккен адамдар» санатына жатамын. Шынын айту керек, қала тұрғындарының басым көпшілігі бұл ақпаратты біле бермейді. Себебі халық пен автотұрақ жұмысын ұйымдастырып отырған мекеменің арасында қарым-қатынас жоқ. «Астана тұрақ кеңістігі» мекемесінің ресми сайты бар, бірақ осындай сайттың жұмысын, ондағы халық білуі тиіс ақпараттарды көпшілікке тарату үшін әлеуметтік желілер арқылы түрлі роликтер, ақпарат парақшалары мен хабарландыруларды пайдалануға болар еді.

Автотұрақтарға тегін тұруға құқылы азаматтардың санатын Нұр-Сұлтан әкімдігі Ережемен бекіткен екен.

Авто тұрақ жеңілдігінің тек механикалық транспорттық құралдарға тағайындалатынын, сондай-ақ бір қолданушыға 2 автокөліктен артық жеңілдік берілмейтіндігін де айта кеткен жөн. Мен «Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен адамдар» санаты бойынша келесі құжаттарды тапсырдым: үлгі бойынша толтырылған және қол қойылған өтініш; жеке басымды куәландыратын құжат көшірмесі; көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің (техникалық паспорт) көшірмесі және полигон куәлігінің көшірмесін тапсырдым. Соның нәтижесінде жоғарыда ақылы автотұраққа төлем жасамай кеткенім үшін салынған айыппұл Әкімшілік полиция басқармасымен жойылды. Осы жаңалық туралы әлеуметтік желіге, соның ішінде «Фейсбукке» жарияладым. Ол жердегі жазылған пікірлерді зерделей келе халықтың басым көпшілігінің дәл осы ақылы автотұрақ туралы ақпараттан бейхабар екенін байқадым. Пікір жазған азаматтардың арасында қаладағы ақылы автотұрақтардың жалпыға бірдей қолдануға арналған аумақтарға жататындықтан заңсыз болып табылатынын және одан түскен қаражаттың мемлекет қазынасына емес, жекеменшік компаниялардың қалтасына кететінін айтып шағымданғандар да болды. Бұл жеке әрі терең журналистік зерттеуді қажет ететін күрделі мәселе болғандықтан, оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырдым.

Сұлтан СЕЙІТ, қала тұрғыны:

– Қазіргі кезде елорда тұрғындарына әсіресе темір тұлпар тізгіндегендер үшін өзекті мәселенің бірі – қаладағы көлік кептелісі. Сосын ақылы автотұрақтар десем артық айтпаған боламын. Әрине, алып шаһарда ақылы тұрақтардың болуы дұрыс. Бірақ ол халықтың тұрмысымен, табысымен санасуы тиіс.

Ақылы автотұрақты енгізгенде мақсат қаладағы көлік ағынының жүктемесін азайтып, қоғамдық көліктің кедергісіз қозғалуына ықпал ету болса, онда бүгінгі күні онысы орындалмай тұр. Одан кейін тұрақтың бағасы сағатына 100 теңге беру қарапайым азаматтар үшін қымбат. Оның күнге, аптаға және айға шаққанда табыстың 3/1 бөлігін тұрақтың төлеміне арнау керек болатынбыз. Пәтер жалдап, жалғыз көлікпен жан бағып отырғандарға бұл тиімсіз.

Екіншіден, көпшілік көліктен түсіп, қоғамдық көлікке міну үшін автобустардың таңғы және кешкі уақыттардағы жүріс­терін жиілету қажет.  Ал бізде жұмысқа баратын және қайтатын уақытта қандай көрініс болатынын қалалықтар жақсы біледі. Сол қоғамдық көліктер күндізгі уақытта бос кетіп бара жататынын жиі байқаймын. Өзім көлікті болғанға дейін ауыр рюкзакпен 3-4 автобус ауыстырып, үйге әрең жететінмін. Бұл жүйкеге жүк, санаға салмақ екені сөзсіз. Дәл осындай дағдымен талайлар күнелтіп жүр.

P.S: Қорыта айтқанда, ақылы автотұрақ артықтық етпейді. Алайда тұрғындардың тілегі мен әлеуметтік жағдайы ескерілуі тиіс. Мемлекет басшысы ұсынған «Жаңа Қазақстан» қағидатын осыған үндейді. Көлігі көп қаланың экологиялық ахуалы да көңілді көншітпейді. Ара-тұра жаяу жүргенде жаман емес. Бәлкім, көлемді қозғалтқышы бар көліктерге салықты үдете түсіріп, үнемді өмір сүруге үйрететін шетелдің тәжірибесін елімізге енгізген жөн шығар. Сіз не дейсіз әлеумет?

Байжан ЕМБЕРДІ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button