Мәселе

Ақылы қызметтер неге қымбат?

Қымбатшылық алқымнан алған заманда қанттан басқа да қызметке бағаны белден басатындар көп. Күнделікті өмірде ай сайын күніміз түсетін шаштараздан бастап, тіс емханасы, түрлі сән салоны мен медициналық орталықтар, тіпті балаларды ойнататын аттракциондар, көлік жөндейтін орындарға дейін сан түрлі қызметтер құнын өсіргеннің үстіне өсіріп, аждаһадай жалаңдап, айылын жияр емес.

[smartslider3 slider=3581]

Көбіне баға айырмашы­лығы елордада тұрған жеріне, элиталы ғимаратта орналасуына немесе қарапайым нысанда тұруына, ішкі жөндеуіне, керекті жабдықтардың сапасына және маманның біліктілігіне қарай өзгеріп отырады. Бұлардың бәрі жоғары деңгейде болса, қызмет бағасы да қымбатырақ. Одан бөлек, инфляцияны сылтау еткендер тағы да баға үстіне баға қосуда. Алайда көбінің жарнамасы өтіп тұрғанмен, қызмет сапасы көңілден шыға бермейді.

Бірде қызымның тісін панорамалық рентгенге түсіруге тіс емханасын іздедім. Интернет арқылы үйдің айналасынан іздегендерімнің бәрі қымбат баға ұсынып, сосын оң жағалаудағы клиникаларға телефон шалғанымда, сол қызметті 500-1000 теңгеге төмен көрсететін орталықтар табылды. Жалпы басқа да көптеген қызметтер сол жағалаудан гөрі ескі қала жақта біраз арзанға түсетінін еститін едік. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер ауданы саналатын «Жаңа Сейфуллин» жақта, «Астаналық» және «Шапағат» базарлары аумағында, Абылайхан көшесі бойындағы «Гүлжан» сауда үйі маңайында да қызметтер өзге жерлерге қарағанда арзанға түседі.

Тағы бірде тоғызыншы сынып бітіріп, колледжге түсуге ниет еткен қызыма 075 анық­тамасын алуға тіркелген емханамызға соғып, олардан бұл қызметті басқа лицензиясы бар емханадан ақылы түрде алу керек деген жауап алдым. Оның да бағасы әр клиникада әртүрлі, жалпы 13000 теңгеден басталады. Сонымен ай сайын МӘМС жүйесі бойынша еңбек­ақымыздан ұстап қалатын ақшамыздың қызығын осындай қарапайым анықтама алуда да қолдана алмасақ, бұл жүйеден не пайда деген ойда қаласың.

МӘМС демекші, тіс емдеу 18 жасқа дейінгі балаға тегін болғанмен, ақысыз тіс емханаларындағы пломбалардың сапасы сын көтермейді. Оны тісін емдеп жатқан дәрігердің өзі ескертіп, егер пломбаны сәуле арқылы бекітіп, ұзағырақ түспей тұрғанын қаласаңыз, ол ақылы, ал тегін емге бұл сәулемен емдеу кірмейді, сондықтан сапасы да төмен деп мойындайды. Мұны бес баланың анасы Жанат Жомарт­қызы да растайды. Ал балалардың ойын-сауығына келсек, ол көпбалалы аналарға жеңілдіктер бар.

– Аттракциондарға келетін болсақ, елорданың Орталық саябағында айына бір рет көпбалалы аналар үшін 9 аттракционға тегін отыру қарастырылған. Ailand, Happylon секілді ­ойын-сауық алаңдарында 50 пайыз жеңілдік бар. Мен үшін бұл – өте үлкен көмек. Ал басқа үш баласы бар ата-ана үшін аттракциондарға кіру құны 200-800 теңге арасында болса, бұл біраз жеңілдік болар еді, – дейді ол.

Расында, елордада балаларын ойнатып, қаланы қыдыртқанда ең көп кездесетін әділетсіздік деп ата-аналар балалар аттрак­циондарының бағасын атайды. Әсіресе бірнеше баласы бар ата-ана үшін бұл – нағыз қалтаны қағудың амалы. Бес минуттық жерді кішкентай ойыншық автокөлігімен бір айналып келу – 2 мың, бір аттракционда 10 минут отыру – 3 мың, беліңе ремень тағып, серпімді матрацтың үстінде секірудің 2 минуты – 1 мың теңге. Құмары енді қана бергенде уақыт болады, одан бала тағы мінем деп жылайды. Сөйтіп ақыры ата-ана баласын осындай аттракциондар тұрған жерден алыс, айналып өтуге мәжбүр болады.

– Тиіп кетсең, қай-қайсысының да құны мың теңгеден кем емес және бір емес, бірнеше бала кіргізесің. Бір аттракционды місе тұтпайды бала. Бәрін көргісі келеді. Ау, енді ақша жоқ деп бейшара болғаннан құрысын деп келесі жолы бармайтын боласың. Жалпы қымбатшылық өз алдына, балалар ойындарының қымбат болуы тек ақшалы адамның баласы ойнау керек-ау деген ойға жетелейді, – дейді елорда тұрғыны Жайна Бейсембина.

Шаштараздарға келсек, қазір қалада ер адамдардың шашын алу құны 1500 теңгеден басталады. Оны сұранысы мен клиенті көп бір шаштараз 2000-нан әрі қарай қымбаттатып жіберсе, адам жинай алмай жүргендері қызметін төмен бағада ұсынады. Сол сияқты ірі сауда орындары мен сауда үйлеріндегі шаштараздар жалға алған орнының құнына қарай қызмет бағасын көтеріп ұсынады.

Жалпы мұның бәрі Қазақ­станда бағаны қадағалаудың қиын мәселе екендігінде болып тұр, оған әртүрлі себеп бар. Айталық, мемлекет тарапынан қадағалаудың нақты бір механизмі жоқ. Нарықты еркіне жіберген соң, баға бағынбай тұр. Оның үстіне жылдан-жылға ушығып бара жатқан инфляция тағы бар. Қызметтерге келсек, мәселен, коммуналдық шығын қымбаттаған сайын ол шаштараз, салон болсын – барлық қызмет бағасына әсер етеді. Сол сияқты бензин қымбаттаған сайын ол көлік шығынына әсер етеді, одан әрі ол қызмет түрлерінің де ақысына ықпал етеді. Ең соңында мұның бәрінен зардап шегетін – түпкілікі тұтынушы – сіз бен біз. Сондықтан менің ұсынысым Қазақстанда баға мен сапаны қадағалайтын арнайы министрлік құру керек. Алайда мұны мемлекет қашан қолға алып, айналысатыны қазіргі жағдайда әзір белгісіз…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button