Басты ақпарат

Ақылы жол ақымызды жеп қоймай ма?

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының 5800 км жолдан километріне 35 теңгеден ақы алынады деген хабары тарағанда кейбір көлік жүргізушілер ақылы жол ақымызды жеп қоятын болды, «Бұл ашық тонаушылық» деп хабардың рас-өтірігін анықтамай жатып шу ете түсті. Шу көтерушілердің уәжі «жолдан ақы алынса, тауардың бағасы 15-19% қымбаттайды. Бұл халықтың қалтасына салмақ болады. Сондықтан ақы алуға қарсымыз».

[smartslider3 slider=1656]

Сонымен бірге Еуропадағыдай адамдарға таңдау беріп екі жол салу қажет, біреуі ақылы болсын, біреуі ақысыз болсын деген ұсыныстарды алға тартты. Бұл мәселенің ушығуы арысы Ақорданың, берісі Ұлттық арнаның назарын аударды. Ұлттық арна дереу бұл мәселені «Ашық алаңда» талқылауға, сол арқылы ақылы жол ақысының дұрыс-бұрыс­тығын түсіндіріп, халықты ақпараттандыруға тырысты. «Ашық алаң» мені экономист ретінде қонаққа шақырды. Менің міндетім, экономикалық тұрғыдан ақылы жолдың пайда, зиянын халыққа түсіндіру болды. Менен басқа қатысқан қонақтар өңкей мүйізі қарағайдай тұлғалар екен, алды – вице-министр, депутат, соңы – ҚазАвтоЖолдың» жаңа басшысы.

 Хабар барысында вице-министр мен «ҚазАвтоЖолдың» басшысы өз жұмыстарынан бірқатар мәлімет берді. Ал депутат Серік Сәрсенұлы жасалған баяндаманың шындығына күдіктеніп сұрау тастап отырды. Ал маған ақылы жолдардың экономикалық тиімділігі жайлы сұрау қойылды. Мен берілген қысқа уақытта ақылы жолдың пайдасын айтып түсіндіруге тырыстым. Бірақ, мұндай үлкен тақырыпты бірнеше минутта түсіндіріп болу мүмкін емес-ті. Айтудай айттық. Алайда айту жеткіліксіз болды. Сосын мен ақылы жолдың пайда, зиянына байланысты осы мақаланы жазуға бекіндім.

 Біздің айтып отырған аталмыш «ақылы жолымыз» әлемде «жоғары қарқынды тас жол» яғни «жеделжол» деп аталады. Қазірге дейін ең ұзын жедел жолдың иесі – біздің құдайы көршіміз Қытай. Одан қалса, АҚШ және Европа. Қытайда 132600 шақырым жеделжол салынса, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 96000 шақырым. Ең ұзын жолы бар екі ел әлем экономикасының драйвері болып отыр. Мұнда АҚШ әлемдегі ең үлкен экономикалық тұлға болса, Қытай – екінші үлкен экономикалық тұлға. Біз осыдан қарап-ақ жеделжолдың экономиканың дамуына орасан зор әсер көрсететіндігін көре аламыз.

Қытайда «Бай болам десең, жол сал» деген нақыл бар. Сол үшін де болар, Қытай өзінің реформа есік ашуынан кейін алдымен жол құрылысын қолға алды. Қысқа ғана 20 жыл уақыттың ішінде, яғни 2012 жылы АҚШ-нан асып әлемде ең ұзын жедел жолдың иесі болды, бұл оның экономикасының ұшқан құстай дамуына тың серпін берді.

Төменде жеделжолдың мемлекеттің экономикасына қандай әсер беретіндігі және экономикалық дамуды қалай жебейтіндігі жөнінде тоқталайық.

 Бірінші, жеделжол ол көлік құрылысы болып табылады. Көлік құрылысы – бір елдің маңызды инфрақұрылымдық өндіріс саласы және экономикалық дамудың қозғаушы күші. Жедел автомобиль жолдары алдымен елдің магистральдық желісі құрылымын жақсартып, аймақаралық және аймақтық экономикалық байланыстардың дамуын жебейді. Сол арқылы ішкі сұранысты тиімді ынталандырды, сонымен бірге жеделжолдың айналасындағы өңірлердің экономикалық дамуын ынталандырады және аймақтық экономиканың дамуы мен аймақтық кеңістіктің эволюциялық өзгерісіне серпін береді.

Екінші, жеделжол елдегі ресурс­тардың оңтайлы бөлінуін жеделдетеді.

Жеделжол инвестициясы бастапқы кезеңде аз табыс беруі немесе мүлде табыс бермеуі мүмкін. Бірақ тұтастай алғанда, оның басқа салаларды дамыту әсері одан да маңыздырақ. Мысалы, құрылыстың бастапқы кезеңінде 1 км автожол салуға орташа есеппен 100 миллион теңге кетеді десек, егер бұл аймаққа 100 км автожол салынатын болса, онда бұл аймаққа шамамен 10 миллиард теңге инвестиция құйылды деген сөз. Бұл инвестиция аймақтың сервистік қызмет саласының дамуы мен автомобиль жолдарының құрылысына байланыс­ты тұтынудың артуына серпін береді. Жеделжол құрылысының тәуекелі төмен, қаржылық қайтарымы жоғары оны экономикада «күнгей индустрия» деп айтуға әбден болады.

Үшінші, жеделжол құрылысы инвестициясы мультипликативті әсерге ие. Транспорт мамандарының зерттеулері мен есептеу­леріне қарағанда, жеделжол құрылысының инвестициялық мультипликаторлық әсері 3-ке тең болады екен. Яғни жол салуға кеткен әр 1 теңге ЖІӨ-ге 3 теңгелік үлес қосады екен. Демек, жеделжол инвестициясы өзінен 3 есе артық құн жаратады. Бұл еліміздің жылжымайтын мүлікке салынатын басқа инвестициялардың ЖІӨ-ге көрсететін орташа пайда мөлшерінен жоғары.

Төртінші, жеделжолдардың жылдам болуы, ыңғайлы болуы, қауіпсіз болуы, адамдар қозғалысын, логистиканы және ақпараттың алмасуын жеделдетеді. Ол өндіріс пен тасымалдау шығындарын тиімді түрде азайтып, инвестициялық ортаны жақсартады, жол бойында экономикалық өндірістік белдеулердің қалыптасуына ықпал етіп, елдің экономикалық дамуына өміршең күш сыйлайды.

Сондықтан көлік жүргізу­шілердің және оларға қолдаушы болған «Ақ жол» партиясының «жол ақылы болса, тауардың бағасы 15-19% қымбаттайды» деген пәтуасында ешқандай ғылыми негіз жоқ.

Қазақстанның қазірге дейін ақылы жолдан алынған ақы тарифі басқа елдермен салыс­тырғанда өте төмен. Егер жол ақысы осы тарифпен алынса, онда көлікке кететін жанармай бағасына 1%-ға жетпейтіндей ғана баға қосылады. Біз тауардың бұрынғы жай автожолдан тез әрі қауіпсіз келуін ескерсек, онда бұл жанармайға қосылған 1% тауардың бағасына ешқандай ықпал көрсетпейді. Егер кейін ақылы жолдың бағасы шетелдегідей қымбат болған жағдайда да әлеуметтік маңызы бар тауар­ларды таситын автокөлікті жасыл дәліздер арқылы өткізіп, жол ақысын мемлекет есебінен өтеп, мұндай жүк көліктерін тегін жүргізуге болады. Сол арқылы, бағаның өсуінің алдын алуға болады.

Жеделжолды шет елдерде мемлекеттің бюджетінен ақша шығарып салмайды. Оны банктерден кредит алу арқылы жеке компаниялар немесе жеке мен ұлттық компания бірлесіп салады. Салған ақшасын ақылы жолдан ақы алу арқылы қайтарып алады. Сол үшін экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартып дамыған алдыңғы 30 елдің қатарынан табыламыз десек, сөзсіз ақылы жолдан ақы алу арқылы оның бүкіл елді қамтуына мүмкіндік тудырумыз керек. Біз сонда ғана нағыз бақуатты елге айналамыз!

 Ербосын НҰРМҰҚАН, экономист

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button