Ақын мұрасын зерделеген

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты атқарған жұмыстардың есебі тыңдалып, «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» жобасы бойынша жарық көрген кітаптардың тұсаукесері өтті.
Іс-шараға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры және «Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі, академик Ерлан Сыдықов қатысты. Сонымен қатар абайтанушы жас ғалымдар оффлайн, онлайн режимінде қатысып, ой-пікірін білдірді, Абай мұрасын ел мұратына жарату ісінде ұсыныстар айтты.
«Абай академиясының» директоры Жандос Әубәкір Абай Құнанбайұлы шығармашылығының мұраты мен мүддесі бүгінгі қоғамның өзекті мәселелермен үндес екенін, Абай ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор және ұлы ақынның мұрасын ХХІ ғасырдағы Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына таныту мақсатында 2024 жылы атқарылған жұмыстарын баяндап берді. «Абай академиясының» бағдары, ақынның 180 жылдық мерейтойы кезінде ауқымды жұмыстардың атқарылуымен ерекшеленетінін атап өтті.
Институт қабырғасында ұлы ақын мұрасын зерттеу мен насихаттау бағыттары бойынша жан-жақты жұмыстар жоспарланды. Қазіргі таңда абайтану саласында жеткен жетістіктер мен нақты нәтижелерді саралай отырып, абайтанушы ғалымдар үлкен сараптамалық еңбекті дайындауда. Мерейтой қарсаңында еліміздегі және шетелдегі «Абай» орталықтарымен біріккен шаралар ұйымдастырылады. Биыл әлемнің әр түкпіріндегі «Аbai uii» мәдени-іскерлік үйлерімен байланыс жандана түспек. «Абай даналығы» атты альбом-кітап енді тек қазақ тілінде ғана емес, қазақ және түрік, қазақ және орыс, ағылшын тілдерінде жарыққа шығады. «Abai tv» арнасымен өзара меморандумның негізінде Абайға қатысты тарихы жерлер туралы арнайы жобаны бірлесіп дайындап, «Абай академиясы» сериясымен шыққан ғылыми-танымдық еңбектер бойынша хакім мұрасын зерттеуші ғалымдардың дәрістерін ел назарына ұсынуда. Абай мұрасы бойынша дайындалған әлеуметтік-танымдық кейстер (тақырыптық бейнероликтер) телеарналар мен әлеуметтік желіде кең насихатталуда.
2025 жылы «Абай академиясы» «Толық адам» ілімін зерттеу бағытында ғана емес, жан-жақты насихаттау жұмыстарын да жандандыруды қолға алуда.
2024 жылы академия Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің мемлекеттік тапсырысы негізінде «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» атты жоба бойынша іске асырылған 6 ғылыми-
танымдық кітаптың авторлары Ж.Аймұхамбет, Ж.Әубәкір, С.Жұмағұл, А.Қалиева, Л.Демесінова, Л.Оразғалиева еңбектерінің қысқаша мазмұны жайлы баяндама жасады. Шара соңында «Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі Ерлан Сыдықов авторларға алғыс хат табыстады.
Дайындаған Аманғали ҚАЛЖАНОВ