Елорда тынысы

Ақын Несіпбек Айтұлына арналған ескерткіш-тақта ашылды

Астанада ақын Несіпбек Айтұлына арналған ескерткіш-тақта ашылды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/

Бүгін Астанада көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы тұрған Абай даңғылы,1 мекенжайындағы үйде ескерткіш тақтасы ашылды. Салтанатты рәсімге Астана қаласы мәслихатының депутаттары, зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, шығармашылық иелері, ақынның оқырмандары, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Алғашқы сөзді алған Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов Несіпбек Айтұлы қазақ әдебиетінің қазынасын байытып кеткенін, жалпы қазақ жырының, қазақ мәдениетінің өрлеуіне мол үлес қосқанын атап өтті.

— Ондай азаматтар қазір арамызда өте аз, сирек кездеседі. Несіпбек аға бір ғана ұлттың мүддесіне қызмет ететін мұраны емес, бүкіл әлем руханиятына арналған мұраны артында қалдырды деп айтуға болады. Бұл кісі әлемдік деңгейде ойлайтын. Баяғы жырауларымыздың жолымен жүріп, поэзияда ерекше ізі қалды. Рухына бас иеміз. Оның еңбектері жас буынға да, келер ұрпаққа да үлкен өнеге, бағыт-бағдар, тәрбие береді деп кәміл сенеміз. Еліміздің дамуына, ел әдебиеті мен мәдениетінің өрлеуіне үлес қосатын осындай азаматтар көп болсын деп тілеймін, — деді Ерлан Каналимов.

Көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай бүгінгі іс-шара қазақ қоғамындағы, Астананың рухани әлеміндегі үлкен оқиға екенін айтты.

— Несіпбек Айтұлы туралы көп айтуға болады. Жалпы қазақтың рухани, әдеби, мәдени әлеміне аса зор еңбек сіңірген, жұртының жүрегіне есімін жазып кеткен адам. Қазақтың қара өлеңінің ғажайып үлгілерін жаңартты, 37-38 поэма жазды. Ағыл-тегіл ақ жаңбырдай өлеңдері, жырларына жазылған «Сарыарқа», «Дәурен-ай» бастаған әндер, Жүніс Әміреден бастап, Әлішер Науаиге дейінгі аудармалары қазақ әдебиетінде, қазақ өлеңінде есімін мәңгілік айқындап тұрады деп ойлаймын – деген Ғалым Жайлыбай арнауын оқып берді.

Ақынның туған жері Абай облысынан келген Amanat партиясы Ақсуат аудандық филиалының төрағасы Ержан Құттыбаев облыс әкімінің сәлемін жеткізді. Ақынның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтып, естеліктерді жаңғыртты. Талантты әнші Өзгеріс Шерікбай Несіпбек Айтұлының өлеңіне жазылған Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-Дәурен» әнін шырқады. Ұрпағы, ағайын-туыстары атынан сөз алған Нұрат Несіпбекұлы жиналғандарға рақмет айтты. Астана қаласы әкімдігіне, қалалық Мәдениет басқармасына, Сарыарқа ауданының әкімдігіне алғысын жеткізді.

Салтанатты рәсімді жүргізген белгілі ақын, Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы алда Астана қаласында Несіпбек Айтұлының атына көше мен мектеп беріп, ескерткішін орнату міндеті тұрғанын, өмірден өтерінің алдында Өзбекстанның Науаи қаласының Құрметті азаматы атанған ақынға туған еліңде де сондай құрмет көрсету керектігін айтты.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button