Ақынның Астанаға арнауы
Белгілі ақын, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазының елорда тұрғыны атанғанына ширек ғасырға жуықтады. Елдің бас қаласында шығармашылығы шыңдалып, өнері өрістеді. Өмір, өнер жолында игі жақсылардан тәлім алған ол – бүгінде талай шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы. Бастапқыда ұлтымыздың киелі өнері айтыс арқылы жұртқа танылған Серікзат жазба ақын ретінде де белгілі, бүгінде өлеңдеріне жазылған әндер де баршылық. Бұл музыкалық туындылар танымал әншілердің репертуарына енді. Мерейлі 50 жасына қоржыны тоқ күйінде жетіп отырған ақын өзін жетістіктерге жетелеген елордаға арнап «Ұлы дала жүрегі» атты шығармашылық кешін берді. Бұл кеш Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында өтті.
Кейінгі жылдар ақынның басына ауыр тиді. Ұлы Әлихан қайғылы қазаға ұшырап, артынша анасы Сәжида өмірден озды. Сондықтан Серікзаттың жоспарында биыл шығармашылық кеш өткізу болмаған еді. Бұл кештің ұйымдастырылуына бастамашы болған Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Серікзат, бала сенікі болғанымен, өнерің халықтікі, халқыңа сыйла» деді. Қала басшысы ақынға өзінің құттықтауын да жолдады. Оны кеш барысында Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен оқып берді.
«Халқымыз «елу ердің жасы, даналықтың басы» дейді. Бүгінгі белесті жасқа мол тәжірибемен, қажырлы істермен және терең біліммен жетіп отырсыз. Саналы ғұмырыңызды еңселі елордамыздың рухани ағарту саласына арнап, абыроймен еңбек етіп келесіз. Өзіңіздей ардақты азаматтың ел дамуына атсалысып, шәкірт тәрбиелеп жүргеніне қуанамыз. Қазақта «Ұстаз – келер күннің ұстасы» деген бар, жас ұрпақты рухани тәрбиелеу, оларды заманауи білім мен ғылымға баулу – ең абзал іс. Сіз осындай ізгі миссияны алға қойып, осы жолда тынбай еңбек етіп келесіз. Қаламыңыздан туған талай жырға ән жазылып, қазақтың әр үйінде, киелі сахнада айтылып жүр. «Жүректен шыққан жыр ғана жүрекке жетеді» деген осы. Ақын үшін бұдан артық қандай бақыт керек! Сізге зор денсаулық, жақындарыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Ісіңіз қашанда берекелі болсын! Жыр алыбы Жамбыл атамыздың жасына жетіп, абыроймен ғұмыр кешіңіз! Мерейтойыңыз құтты болсын!» делінген қала әкімінің құттықтауында.
Осындай құттықтауды Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин да жолдады. Бұл құттықтауларды Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Дәулет Мұқаев оқып берді. Кеш иесінің туған жері Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың да сәлемі келіп жетті. Перзентін ардақтаған ел атынан Серікзатқа автокөлік сыйға тартылды.
Кешін елорда туралы толғауымен ашып берген ақын өмірде және өнерде әке деп санайтын үш адам бар екенін айтты. Бұл – туған әкесі Мақсұт Дүйсенғазы, ғылымға жетелеген академик Рымғали Нұрғалиұлы және айтысқа шығарып, кешке арнайы қатысқан көрнекті ақын Жүрсін Ерман. Кеш барысында Мақсұт әкей мен Жүрсін ақынға, Рымғали Нұрғалиұлының жары Хадиша Нұрғалиеваға, Серікзаттың өмірлік қосағы Айнұрдың анасына құрмет көрсетілді.
Шығармашылық кешке елорданың өнер ұжымдарымен қатар танымал әншілер, айтыскер ақындар қатысты. Атап айтқанда, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов), осы ұжымның «Alem» заманауи би балеті, Музыкалық жас көрермен театрының әртістері өнер көрсетті. Бір атап өтерлігі, кешке аталмыш театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров режиссерлік етті. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртістері Жәнібек Мұсаев, Нұркен Өтеуіл, Нартай Сауданбекұлы және Қуандық Қыстықбай «Достық жыры» атты поэтикалық композицияны қойды. Бұған қоса, «Мөлдіреген жанарың» аталатын композиция орындалды.
Серікзат Дүйсенғазының поэзиясы азаматтық лирика мен жүрек қылын шертетін лирикадан тұрады. Өлеңдеріне жазылған әндер де әр алуан тақырыпта. Оның жырларына Жалғас Кеңесов, Арман Бексұлтан, Медет Салықов, Қанат Айтбаев, басқа да композиторлар ән жазды. Бұл кеш Серікзаттың өзін де композитор ретінде танытты, авторлық «Тарбағатай» әнін Саят Нұрғазин, 17 жасында жазған «Жайдарлым» туындысын ақынның өзі достарымен орындады. Сол сияқты «Қазақтың тойы», «Самға, қазақ», «Астана», «Тәп-тәттім» т.б. әндерді Света Айтбаева, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, Заттыбек Көпбосынұлы, Досымжан Таңатаров, Айгүл Қосанова, «Жігіттер» тобы, Өмірқұл Айниязов, Роза Әлқожа, Ардақ Балажанова, Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Ерлан Рысқали, Қуандық Рахым, «Дос» дуэті, Өзгеріс Шерікбай шырқады.
Сахнадан айтыстан үзінді көрсетілді. Онда айтыскер ақын, Серікзаттың ұстазы Серік Қалиев шәкіртіне сөз арнады. Серікзаттың шәкірті Ринат Зайытов ұстазына жырмен жылы лебізін жеткізді. Серікзаттың өзі де өлеңді төгіп жіберді.
Осыдан 6 жыл бұрын Астананың 20 жылдығына орай елордада әлемге әйгілі «Нотр Дам де Пари» мюзиклiнiң қазақ тiлiндегi нұсқасы сахналанды. Классик жазушы Виктор Гюгоның шығармасы «Париж ғибадатханасының Әз анасы» болып көрерменге жол тартты. Либреттоны қазақ тіліне Серікзат Дүйсенғазы аударды. Иә, Серікзаттың аудармашылық өнері де бар. Осылайша «Belle», «Danse mon esmeralda», «Le Temps des Cathedrales» секілді, жалпы елуге жуық ән қазақ тілінде шырқалды. Кеште осы мюзиклдегі «Belle» әні де айтылды.
Елге сүйкімді «МузАрт» ансамблінің репертуарында Серікзаттың өлеңдеріне жазылған 15-тей ән бар. Топ мүшелері Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев, Кенжебек Жанәбілов те жеке әншілер ретінде оның жырларына жазылған әндерді орындайды. Шығармашылық кешті «МузАрт» «Алтыным» және «Ұлы дала» әндерімен түйіндеді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ