Ел тынысы

Ақынның шығармашылық кеші өтті

Астанадағы «Жастар» театрында Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, ақын, журналист, Мәдениет қайраткері Есенгелді Сүйіновтің «Жайнай бер, туған елім!» атты шығар­машылық кеші өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бүгінге дейін ақынның «Арай­лы таң», «Күңгіртау құ­пиясы», «Менің елім, менің жерім», «Мақпал күндер», «Тербеген теңіз әлдиі» секілді бірнеше жыр жинағы мен публицистикалық кітабы жарық көріп, оқыр­ман­дар­дың жылы бағасын алған.

Кеш шымылдығын елорда­лық филармонияның «Сары­ар­қа» фольклорлық ансамблі Құр­манғазының «Адай» күйімен ашты. Одан кейін композитор Ержан Тоқсанбаевтың «Тұғырлы ел» туындысы орындалды. Содан соң Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Исабек Досжан кеш иесін құттықтап, оған елорда әкімі Ж. Қасымбектің алғыс хатын тапсырып, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Сондай-ақ Көкшетаудағы облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин Ақмола облысының әкімі М.Ахметжановтың құт­тықтау хатын оқып берсе, Қазақ­стан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы аталған одақ­тың басқарма төрағасы М.Құл­кеновтің құттықтау хатын тапсырды. Ақынның туған же­рінен келген Солтүстік Қазақстан об­лысы Айыртау ауданы әкімі­нің орынбасары Жақсылық Жүсіпов аймақ басшысы Ғ.Нұр­мұхам­бетовтың құттықтау хатын оқып, сый-құрмет көрсетті. Сонымен бірге белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты Өріс Яшкүрқызы, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Ораз Қауғабай, жазушы, ұлттық «Айбоз» сыйлығының иегері Айгүл Кемелбаева қаламгер шы­ғар­машылығы туралы жылы лебіздерін жеткізді.

«Е.Сүйіновтің өлеңдерін зер салып оқып жүремін. Ақынның туған жер, оның әсем табиғаты жайлы, тарихи тұлғаларға арна­ған сыршыл өлеңдері ешкімді бей-жай қалдырмайды. Оның шы­ғармашылығынан үнемі ізде­ніс, көркемдік жағынан өсу, тіл бай­лығы байқалады», деді А.Кемелбаева.

Кеш барысында Ә.Мәмбе­тов атындағы сатира және драма театрының әртістері Е.Сүйіновтің Отан, туған жер, көркем таби­ғат көріністері мен махаббат тақы­рыбына арналған нәзік сезімге толы өлеңдерін оқыды. Оның сөзіне жазылған «Өзіңді күтіп жүрмін», «Сағындым ғой мен сені» атты әсем әндерді Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Арайлым Рақымқызы мен халықаралық байқаулардың лауреаты Дос секілді танымал әншілер орындады. Сонымен қатар ақынның жары Марфуға Бектемірованың өлеңіне жазылған «Ақ қайыңға» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева орындаса, «Аққуым менің қайдасың?» туындысын талантты әнші Медет Салықов шырқады.

Кеш соңында ақынның өзі сөз алып, осы іс-шараны өткізуге ұйытқы болған Астана қаласы әкімдігіне ризашылығын білдіріп, жиналған қауымға кейінгі жазған өлеңдерін оқыды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button