Ақынның тектік қоры ашылды
Бас қаланың Мемлекеттік архивіне ақын Сәбит (Сәкен) Төлегенұлының 1953-2004 жылдарды қамтитын құжаттары тұрақты мемлекеттік сақтауға қабылданып, жеке тектік қоры ашылды. Осыған орай мекемеде дөңгелек үстел отырысы өтті.
Жиынды Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин ашып, жүргізіп отырды. Сәбит Төлегенұлы – қасиетті Қорғалжын өңірінің тумасы. Мектеп жасынан өлеңге құштар болып, қолына қалам алды. Бірақ сөз өнерімен өмірін байланыстырмады. Ақмола зоотехникалық техникумын, Семей зооветеринарлық институтын бітіріп, ауыл шаруашылығы саласында еңбектенді. Алайда өлеңдері мен мақалалары аудандық «Шамшырақ нұры», облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газеттерінде жиі жарияланып тұрды. Өзі өмірден өткеннен кейін балалары «Ұрпақтарыма» атты кітабын шығарды.
Дөңгелек үстел барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетілді. Сәбит Төлегенұлымен 45 жыл отасқан жары Балкен апа, досы Балташ Қарағожин, ақын туған Жантеке ауылының тұрғыны Қанат Есов, ұлағатты ұстаздар Бота Жантаева, Жаңыл Ахметова, бауырлары Мұқаш Топатаев, Қалымқайдар Төлегенов естеліктерді айтты. Журналист Болат Төлепбергенов сөз өнеріне келуіне белгілі бір деңгейде Сәбит Төлегенұлының әсері болғанын айтты.
Ақынның қыздары Ардақ пен Гүлім әкелерінің жарқын бейнесін еске алды. Тағы бір қызы Мәншүк әкесіне Сәкен Сейфуллиннің құрметіне азан шақырылып, Сәкен аты қойылғанын, алайда Сәкен «халық жауы» атанғаннан кейін атасы Төлеген сол кездегі саясаттың салқыны тие ме деп Сәбитке өзгерткенін жеткізді. Сәбит Төлегенұлының ақындығы немересі Әлібиге дарыған. Жантеке ауылындағы мектептің 11-сыныбына көшкен ол атасына арнаған өлеңін оқыды. Астана қаласы Мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу және ақпараттық-түсіндіру қызметінің басшысы Ғазиза Исахан ақынның шығармашылығына, құжаттарды архивке қабылдау мен сақтаудың ерекшеліктеріне тоқталды.
Аманғали Қалжанов