Ақынның жан сыры

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен көрнекті ақын, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыппен «Жан дауысы» атауымен кездесу өтті.
Биыл алпыс жастың асқарына шыққан ақынның шығармашылық кеші дейтіндей шараны әдеттегідей аталмыш бірлестіктің жетекшісі, әйгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Кенжеғали Мыржықбай жүргізді. Кездесу ізгі тілектермен, өрелі өлеңдер және әсем әндермен әдіптелді.
Академик Уәлихан Қалижанұлы, көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, белгілі журналист, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Ақын сұрақтарға жауап беріп, өлеңдерін оқыды, алдыңғы толқын ағаларын еске алды, өмір жолы туралы әңгімеледі. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері де ақынның әр жылдары жазған өлеңдерімен сусындатты.
Бауыржан Жақыпқа Халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қоры атынан «Мұхтар Әуезов-125» мерейтойлық медалі тапсырылып, Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов ақынның иығына шапан жауып, кеудесіне «Күлтегін» медалін тақты.