Тұлға

Ақырын жүріп, анық басқан

Алла Тағала сыйлаған жарық дүниеге келіп, өмір деген ұлы көшке ілескеннен кейін талай адамдармен танысып, талай адамдармен табысасың, бірталай адамдармен дәмдес-тұздас боласың, көш ілгерілеген сайын жолай кездескен кейбірімен қарым-қатынасың әртүрлі жағдайларға байланыс­ты біртіндеп сиреп, ақыры әлгі танысың өмірдің әлдебір қалтарыстарында қалып, ұмыт болады. Ал енді бірімен әңгімең жарасып, жақсы ­қарым-қатынас орнатасың. Өмір көшінде кездескен сондай жандардың бірі – Керімқұл Пірімқұлов.

[smartslider3 slider=2435]

Керекеңмен тағдыр бізді елордада табыстырды. Табысқанда да қыз­меттегі адамдар сияқты жұмыс бабымен кеңсе жағдайында емес, кәдімгі зейнеткерлер ретінде қыдырыстап, қонақтап жүрген кездерде таныстық. Яғни әртүрлі шараларға байланысты кезекті бір қонақкәде барысында, дастарқан үстінде біліскен жайымыз бар. Содан бері өткен оншақты жыл беделінде бұл кісімен жақынырақ араласып, сыралғы болатындай да күйге жеттік.

Осы жылдар ішінде байқағаным, Керекең көп сөзге жоқ, істің адамы екен. Істің адамы болғанда да ақырын жүріп, анық басатын нағыз қайраткер тұлға екенін біреу білсе, біреу білмес. Өйткені Керекеңнің бетегеден биік, жусаннан аласа бола жүріп, мемлекеттік дәрежедегі небір жауапты жұмыстарды қолмен қойғандай атқара білетініне онымен аралас-құралас бола бастағаннан бері ғана көзім жетті.

Айтпақшы, өзім Сенат аппаратында қызмет істеп жүргенде Керекеңді бірде асханадан, бірде кеңсе дәлізінен көзім шалып қалатын. Сұрастыра келгенде Керекеңнің Мәжіліс аппаратында бөлім басқаратынын білдім. Ал одан бұрынырақта оның Жоғарғы Кеңестің депутаты болғанын, министрлікте комитет басқарғанын естігенмін. Керекеңнің осындай жауапты қызметтерді мінсіз атқарғанын жұрт айтпаса, өзі тіс жармайтынына, мен сондаймын деп көкірек кермейтініне, қарапа­йымдылығына куә болған сайын оны іштей жақсы көріп, еріксіз ілтипат танытады екенсің.

Қарапайым деген ұғымды біреулер қарабайырлықпен шатас­тырады. Ойланған адам бұл екеуінің өзіндік айырмашылықтары бар екенін ұғар еді. Қарапайым дегеніміз ұлық болса да кішік бола білетін, жолдастарымен, жалпы жұртпен тіл табысып өмір сүруге бейім, кішіпейіл, көпшіл адам болса керек. Яғни ол – көпшіліктің, халықтың адамы.

Керекеңнің қандай жауапты қызметтер атқарса да әріптес­терімен қарапайым да сыпайы қатынаста болғаны еріксіз сүйсіндіреді. Әрине, жұртпен қарапа­йым да сыпайы қарым-қатынаста болам деп әркімнің көңіліне қарап, жұмысты ақсатпау керек екендігін Керекең жақсы түсінеді. Әсіресе Стандарттау, метрология және сертификаттау комитетін басқарған 2000 жылдары оған осы ұстанымды қатаң сақтау арқылы комитеттің алдына қойылған мақсаттардың үдесінен шыға білгендігін баса айтқанымыз жөн. Яғни жұмысты да алға апару, қарамағындағы қызметкерлердің де тілін таба білу қажет болды. Керекең осы міндеттерді абыроймен атқарып, комитет жұмысын жолға қоюға қол жеткізді.

– Бұл оңай жұмыс емес еді, – деп еске алады Керекең, экономиканың енді-енді аяққа тұра бастаған 2000 жылдар кезеңі туралы әңгімелей отырып, – Шынында да, ол кезде қиындықтар мен проблемалар аз болған жоқ. Ел Үкіметі алға қойған проблемаларды ойдағыдай іске асыру үшін шұғыл проблемаларды шешу мәселесі алға қойылды.

– Қадағалауына біздің сала да кіретін сол кездегі министр Жақсыбек Күлекеевтің күнделікті қолдауымен және сол кездегі Премьер-министр ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қатысуымен ісіміз біртіндеп жолға қойыла бастады. Сапаның ұлттық жүйесін құру және халықаралық стандарттарға көшу жөніндегі істің жағдайы мен проблемалары туралы ақпаратпен Премьер-министр мені екі рет қабылдады. Нәтижесінде біз бюджетті кезекті нақтылау кезінде бюджеттік жағдайымызды жақсартуға және штат санын көбейтуге қол жеткізе алдық, – дейді Керекең.

Міне, осындай күрделі саланы басқарудың үдесінен шыға білген және қай жерде, қай салада еңбек етсе де істі үндемей жүріп тиянақты атқаратын қасиет Керекеңнің бойына қайдан жұқты десеңіз, оның балалық шағын, ата-анасынан көрген тәрбиені еске алуға тура келеді. Бір қызығы, қазақы ортада өскен баланың орыс мектебінде білім алуы адамды елең еткізеді. Бұл қалай деп ойлағаныңмен, кеңес өкіметінің тәрбиесінде өскен ата-ананың бала болашағына қамданғаны аңғарылады. Осылайша Керекең жастайынан екі тілде де таза сөйлейтін маман болып қалыптасты.

Жалпы Керімқұл Пірімқұлұлы еңбек жолын 1970 жылы алып кәсіпорын – Шымкент фосфор өндірісінде жұмысшы болудан бастады, кейіннен осы кәсіп­орында шебер, инженер-механик, цех бастығы, кәсіподақ төрағасы ретінде табаны күректей 20 жылдан аса тер төкті. Нәтижесінде осы ұжымның қолдауымен 1990 жылы еліміздің алғашқы Конституциясын және тәуелсіздігіміздің негізін қалайтын бірсыпыра заңдар қабылдаған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды.

Ол осында Сауық Тәкежанов, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шахмардан Есенов, Әбіш Кекілбаев, Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова тәрізді еліміздің біртуар азаматтарымен бірге қызмет ете жүріп, сол кісілердің мектебінен өтіп, құқықтық мемлекет құрудың негізін қалауға, еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне мұрындық болған алғашқы экономикалық заңдардың жарық көруіне белсене араласты. Мысалы, академик Шахмардан Есеновпен бірге егемен Қазақстанның «Жер қойнауы және оны тиімді пайдалану туралы», «Қоршаған ортаны қорғау туралы» және басқа заң жобаларын әзірлеуге қатысып, олардың ойдағыдай қабыл­дануына қол жеткізе білді.

Керекеңнің Жоғарғы Кеңес­тің Бақылау палатасы төрағасының орынбасары ретінде атқарған жұмыстары да айтарлықтай. Сол жылдары еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне жол ашатын қаржылық жүйені құруға, сондай-ақ ­республикалық бюджет қаржыларының жұмсалуын бақылауға құқықтық негіздер қаланды.

Жоғарғы Кеңес таратылғаннан кейін де Керекең өзінің депутат кезіндегі заңмен жұмыс істеу тәжірибесін тиімді пайдалана білді. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-­Қазына» компанияларында жауапты қызмет атқарған жылдары Парламент Мәжілісінің депутаттарымен, мысалы, депутат Қайролла Ережеповпен бірге «Мұнай туралы» «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» және басқа заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мұнай, газ, тас-көмір өндіретін шетелдік компаниялардан Қазақстанның үлесін қайтарып алуға және үлес мөлшерін ұлғайтуға заңдық негіз жасауға атсалысты. Нәтижесінде аталмыш заңдарға енгізілген өзгерістер негізінде жүз пайыз Ресейге өтіп кеткен Екібастұздағы «Богатырь» көмір кен орнының 50 пайызы Қазақстанға қайтарылды. Батыс Қазақстандағы «Қара Шығанақ» газ-конденсат кен орнынан, «Петро Казахстан Ойл Продактс», «Қаражанбас» кен орындарынан елімізге үлес алуға мүмкіндік туғызылды, ал «Қашаған», «Теңіз-Шеврон» сияқты алып кен орындарынан еліміздің үлесін ұлғайтуға заңнамалық негіз жасалды.

Керекеңнің өзі бұл жөнінде ешкімге тіс жармайтын және бір қасиеті жөнінде айта кетейін. Әңгіме оның өнерге жақындығы, ақынжандылығы туралы болып отыр. Осы арада оқырманнан көкейінде мемлекеттік қызметкердің ақынжандылыққа қандай қатысы бар деген сауал туындауы мүмкін. Әрине, орынды сауал. Бүкіл өмірі өнеркәсіппен, одан қала берді қоғамдық жұмыспен, мемлекеттік қызметпен (Жоғарғы Кеңестің депутаты, Мәжіліс аппаратының бөлім меңгерушісі, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жауапты қызметкері, соңғы жылдары Химия және мұнай-химия өнеркәсібі салалық қызметкерлері кәсіп­одағының төрағасы) байланысты адамның ақын болмаса да, соған жақын болуы еріксіз ойландырады.

Ақынжанды адамның өлең жазуы шарт емес десек те, Керекеңнің істің ретіне қарай көңілін толқытқан ойларын сирек те болса қағаз бетіне түсіретін әдеті барын білеміз. Мысалы, дүниедегі ең қымбат адамдары – ата-анасына, балаларына, жақындарына арналған жан сырлары Керекеңнің жанының нәзіктігімен қатар, оларға деген жүрек дүрсілін, махаббатын айқын аңғартады.

Қорыта айтқанда, Керекеңнің көрегенділік мәде­ниеті, адалдығы, сұлулық пен көркемдікті үйлестіре білетін ақыл-парасаты ел-жұртпен рухы бай адамға тән қарым-­қатынасынан да айқын аңғарылып тұрады. Ол – көп оқыған, білімді, өмірден көргені, санасына түйгені мол, зерделі, көкірегі ізгілікке толы жан. Сертке адал, сөзіне мығым. Қазаққа тән мәрттігі, уәж сөзге құлақ аса білуі, еңбекқорлығы мен ізденгіштігі – табиғатынан жанына серік еткен мінезі.

Өзінің замандасы, атақты сатира сардары Көпен Әмірбектің ол туралы: «Оңашада ойына ие болатын, көпшілікте тіліне ие болатын, жиғанына емес, иманына арқа сүйейтін азамат» деген түйіндеуі Керекеңнің болмыс-бітімін аша түсетіндей.

Қоғам өміріндегі оңтайлы бетбұрыстарға дер кезінде икемделіп, өнімді еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатқан, бүгінде жетпіс жастың желкенін керген Керекең – бірлігі жарасқан, берекелі отбасының отағасы. Жұбайы Кәрібаева Шірәйкүл Есіркепқызымен бірге екі қызы – Ләззәт пен Гүлшатты қияға, үш ұлы – Бекжан, Нұрлан, Бауыржанды ұяға қондырып, оншақты немеренің ата-әжесі атанып отыр.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button