Мәдениет

Ақышевтың алтын мұрасы

Ұлттық музейде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кемел Ақышевтың ғылыми залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

[smartslider3 slider=1264]

Шараның мақсаты – археология ғылымының дамуына теңдессіз үлес қосқан Кемел Ақышевтың өнегелі өмір жолын насихаттау, ғалымның артында қалған мол мұрасын дәріптеу. Кемел Ақышевтың есімі Қазақстан тәуелсіздігінің нышанына айналған Есік обасынан табылған «Алтын адам», сондай-ақ 1950 жылдардың соңында қазба жұмыстары кезінде табылған сақ дәуіріне жататын Бесшатыр қорымымен тікелей байланысты. Ғалым Орталық Қазақстанның археологиялық нысандарын зерттеу барысында қола, ерте темір дәуірлерінің мәдениеттерін кезеңдеу және мерзімдеу мәселелерін анықтап, көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдамасын жасауға белсене қатысты.

К.Ақышев 1955 жылы Қазақ КСРО Ғылым академиясының Тарих, археология, этнография институтының археология бөлімінің меңгерушісі, одан кейін ұстазы Ә.Марғұлан атындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Археология институтының бас ғылыми қызметкері болды. Ол қазақстандық археология мектебінің қалыптасуына зор үлес қосты. 1997 жылы Кемел Ақышев Ақмола аймағының археологиялық нысандарына, Нұра мен Есіл өзендерінің тармақтары бойына зерттеу жұмыстарын бастады. Есіл археологиялық экспедициясы құрылып, қираған қалашық орнына қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеушілер ежелгі қалаға Бозоқ деген атау берді. Бозоқ қаласын зерттеу оның өмірінің соңғы кезеңіндегі басты археологиялық нысаны болды.

Ұлттық музей қабырғасында ашылған Кемел Ақышев залында археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған материалдық деректерге ғылыми түсінік беретін қолжазбалар, сызбалар, ғалымның жеке заттары мен кітап қоры қойылған.

Баян Асылбекова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button