Мәдениет

АҚЖАЙЫҚТАН КЕЛГЕН АҚЫН

4O2A0204

«Қазақстан» орталық концерт залында Алаш сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына арналған «Ақжайықтың ақ шағаласы» атты кеш өтті.

«Мың өліп-тірілген шақ өтті дер ең,

Жас ұрпақ, жанарыңнан отты көрем.

Мәңгіге желбіресін деп тілеймін

Көк туы еркіндіктің көк тіреген!» деген жалынды жыр шумақтарымен Жайықтың ақ шағаласы сөзін бастады.

«Алматыдан Ақжайыққа сәлем жолдап, өлең жазып жүрген менің бүгінгі жасымды елеп, өткізіліп жатқан осы бір жиындар маған ғана емес, қазақ поэзиясына көрсетіліп жатқан құрмет. Қазақ азаматтарының қалам ұстаған, бесік тербеген анаға көрсеткен құрметі. Қарт Есілдің жағасындағы жас қаланы мекендеген Астананың асылдары, сіздерге Ерке Жайықтың ел-жұртынан дұғай сәлем әкелдім» деді ақын апа.

Бұдан кейін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Өтеген Оралбайұлы Ақұштап апаға мерейлі тойына орай жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын табыстады.

Өлең ұғар, өнер түсінер көпшілік жиналған залда сахна төрінен орын алған ақынға деген ерекше сыйластық пен зор ықылас сезіліп тұрды. Сахнадағы көрініс ақынның өлеңдерімен сусындап, оқырман жанымен үйлесіп жатты. Өлең өзгеше сөйледі бұл кеште. Ән болып шырқалды, би болып мың бұралды, жүректей дүрсілдеді.

Туған жерін сағынып келген құрдастардың мәз-мейрам кездесуі. Орталарына қосылған жігіттің «Менің қолыма бір жақсы кітап түсті. Осының ішінен бір-екі өлеңді оқып көрсек, қалай қарайсыңдар?» деген бір ауыз сөзі арқылы ақын апаның туған жер тақырыбындағы өлеңдері жастардың шын жүрегінен оқылды. Астана қаласы Жастар театры актерлері бұдан бөлек, Ақұштап Бақтыгерееваның ана туралы бір топ өлеңін де халыққа әдемі ұсына білді. Сахна саңлақтары Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Сәуле Жанпейісова, Елмұра Жаңа­бергенова, Гаухар Қаспақова ақын апаның сөзіне жазылған әндерді орындап, кештің ажа­рын одан әрі аша түсті. Сонымен бірге, осы кеште «Жаужүрек мың бала» фильмінде Таймас батырдың рөлін ойнаған жас актер Аян Өтепберген Әліби Әбдінұровтың  «Туған жер» әнін орындап, ақын апаның  батасын алды.

– Фариза екеуміз поэзияға қатар келдік-ау деймін. Мен жиырмада, ол жиырма бес жаста. Өлең жазып, алыстан хат алысып, сырласып тұрдық. «Осы қыздар өлең жазып не бітіреді?» деген ұғым бар. Әйел затына бұл талантты қимайды екен. Біз өкпелеп жүрсек, бізден озық тұрған орыс әдебиетіне Марина Цветаева мен Анна Ахматова келгенде, социализмнің күркіреп тұрған ақыны Маяковский «Бұл қыздар не қылып жүр? Әдебиетті кесте тігу дей ме екен, жайларына жүрмей ме?» деген. Мен көкей­де жатқан ойды аздаған шумақтармен былай деп жаздым:

Қызғалдақтар, орамалдар алқызыл

Құрметтеумен қоршаса да бар қызы,

Құдайынан бере көр деп әжелер

Тілейді екен жатса-тұрса жалғыз ұл.

Өссе, елдің көркі деген гүл деген,

Қызды кейде тең көрмеген ұлменен.

Ұлдарының ер жеткенде бәрібір

Қыздан бақыт іздейтінін білмеген».

Мұндай жолдарға қыз баланың назы, поэзия­ға әкелген ештеңесі жоқ деп қарады. Сол кезде Фариза өткір мінезіне салып былай деген еді:

Құдай сәуле бергенмен санасына,

Еркектерден көш төмен бағасы да.

Құлдықта келе жатыр ғасыр бойы,

Әйелдің дарасы да, данасы да.

«Әй, Ақұштап, меніңше, не ақын болу керек, не қатын болу керек» деді сосын Фариза. Ол белді бекем буды, ақындық жолды қуды, күресті, жеңді. Мен болсам, бесік те тербейін, қазан да қырайын, өлең де жазайын деп, екеуміз екі сүрлеумен қатар жүрдік. Мақтанғаным емес, шын мәнінде, соңымыздан келе жатқан қазақ қыздарына жол салдық-ау деймін. Қазақ қыздары ақын бола алады! – деді Ақұштап Бақтыгереева.

Ал, әдебиетіміздің абызы Әбіш Кекілбаев:

– «Поэзия еркектерге бұйырған ба, әйелдерге бұйырған ба?» деп дауласып келе жатқан адамның ең үлкені – Фариза мен Ақұштап. Шынында да, әдебиет – әйелдердің меншігі, әйелдердің шаруасы ғой. Еркектердің қолынан ештеңе келмейтіні әдебиетке барады, мен де соның біреуімін. Ал, әдебиет – әйелдер істей алатын істердің ішіндегі ең нәзігі, ең көріктісі, ең шынайысы. Бұл істі әйелдерден артық істеу мүмкін емес. Сондықтан әдебиет әйелдердің ісі деп мойындаймын. Сол әйелдердің ішіндегі ең мықтысы – Фариза. Фаризаның алдынан шықпағанбыз, әлі шықпаймыз. Фариза мен Ақұштап қазақтың тіліне, қазақтың әдебиетіне, қазақтың маңдайына бұйырған ең үлкен ықылас, қазанның екі басын ұстаған екі қыз еді. Біреуі – тірі, ортамызда жүр, екіншісін өлді деуге болмайды – төбемізде тұр. Екеуінің өзі де сөзі де өлмесін!» – деді.

Кеш соңында Ақұштап Бақтыгереева  «Осы­ның бәрі сөз түсінетін жас ұрпақ өссін деген арманмен өтіп жатыр. Сөз түсінбегенді біздің қазақ адамға санамайды ғой. Ал, сөздің мәнін түсіну, оны қадірлеу – адамның ең ғажап адамгершілік қасиеті» деп, жастардың кітап оқудан ажырамауын тіледі.

 

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button