Елордада – есімі

Ақжолтай батыр көшесі

«Ағыбай сан ажалдан кеткен аман, ат қойған «Ақжолтай» деп барлық ғалам» деп ақын ­жыр­лағандай, Ағыбай Қоңырбайұлы (1802-1885) Кенесарының үзеңгілес серігі әрі бас ­батыры болған.

[smartslider3 slider=2053]

2007 жылы қазақтың хас батырының құрметіне елорданың бұрынғы Интернациональный көшесін атаған болатын. Ағыбай батыр көшесі ­Ә.Бөкейхан көшесінен басталып, Асанқайғы көшесінде аяқталады. Қаланың оң жағалауындағы ұзыннан жатқан батыр көшесі Республика даңғылын,  Қорқыт, М.Ғабдуллин, М.Мәметова, Ш.Иманбаева, Үшқиян, Р.Қошқарбаев, Ш.Уәлиханов, Тараз көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1380,6 м.

Дәурені жүріп тұрғанда батырдың келешегін сынаған Абыз «ұраның артыңда қалады, өз ұраныңды өзің естірсің. Бағыңның табы желкеңде екен» дегені дәл келіп, ғұмырында жауға қарсы бас қойып, ұрандатып өткен-ді. Батырдың даңқы ел аузында қалып, ерлігі дастан болып өрілді, қаламгерлер өлмес бейнесін жазып қалдырды. Iлияс  Есенберлиннің «Қаһар» романының бас кейіпкері – осы Ағыбай батыр. Жазушының «Көшпенділер» трилогиясында Кенесары хан мен Ағыбай батыр қатысқан барлық ұрыстар баяндалған. Олардың Ақтау, Ортау, Ақмола бекіністерін қалай алғанын, Сырдария өзенінің бойындағы Меркі қаласын азат ету барысында Қоқан хандығымен қалай ұрыс жүргізгенін толық суреттеген. 1914 жылы Есім төренің көмегімен Әлихан Бөкейханов Қазан қаласынан «Қызыл қайнар Тектұрмас» деген кітабын шығарса, Сәкен Сейфуллин «Ақжолтай батыр» деген роман жазған.

[smartslider3 slider=2076]

Ашық ақпарат көздерінде  өз түсін өзі жорыған Кенесарының мына сөзі, қазақтың маңдайына біткен екі ары­с­ы­­­ның тағдырын шешіп бергендей. ­Хан түсінде: «Түсімде: «Көсе, сен екеуміз арқаласайық, қайсымыздың бағымыз жеңер екен» деймін. Әуелі кім арқалайды десем, «Сіз ел ағасы хансыз, сіз арқалаңыз» дейсің. Мен сені арқаламай, алдыммен көтерем. Кезек саған келгенде, мені сен қаптағы тезекше иіріп, арқаңа салып алдың, мен үш жүзге хан болмасам да, орта жүзге хан атым бар ғой. Сенің атың артыңда қалады. Сен – мыңбасы адамсың, алдыммен көтердім, біздің бағымыз – маңдайымызда, артымызда қалатын бақ жоқ, өзімізбен бірге болмаса, сені де мен арқама салып алмас па едім» деген екен Кенесары. (П.Бисенбаев, Е.Кәрібозов)

Ақжолтай батырдың өмір деректерін жазған Марфуға Шапиян аты аңызға айналған  батырды бірге  жүрген жолдасы Мыңбай  Шыңбайұлы: «Ағыбай көселеу, селдір сақалды, ұзын бойлы, шүңірек көзді, зор иықты,  қолдарының толарсағы, қолдарын бауырына игенде, бөлек бір тұтам шығып тұрады. Тоғыз  қазықтан, білезіктен істеген найза, оның түбінде құлаш жарым шыжым қайсы бар. Қоланың үйегінен таққан  төсіне,  екі өкпесіне, арқасына ұстайтын шарайнасы бар. Жанында қылыш һәм наркескен пышағы болады» деп суреттегенін  жазады.

Кенесары оның селдір сақалына қарап, әрі  жақын тұтып «Көсе» десе,  енді бірде тек жеңіс әкелетін батырлығын  әспеттеп, «ақ жолым» дейді екен. Кей деректерде Ағыбайдың батырлығынан  ханның сескенгені де айтылады. Халық аңыздарының бірінде жұрт жауға  «Ағыбайлап»  шапқанда, хан «Тегінде, Көсе – сақтанарлық адам» депті деседі деп, ел аузындағы аңызды осылайша тарқатады.

Қазақстан ұлттық энциклопедия­сының бірінші томында мынадай мәлімет жазылған: «Ағыбай батыр бастаған қол 1826-1849 жылдары Ресей әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Ресей империясының Қазақстандағы тірек-орталықтары – Қарқаралы, Ақтау, Ақмола, Екатерин бекіністеріне шабуыл жасап, патша әскерлерін Ырғыз, Тобыл өзендері бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында тас-талқан етіп жеңген. Кейінірек, 1849 жылға дейін Ресей үкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған. Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан. 1885 жылы Ағыбай батыр қайтыс болғанда патша әкімшілігі оның денесін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеуге ұлықсат бермеген. Батыр соңғы кезінде мекендеген Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақтағы Босаға өзенінің алқабына жерленген. Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Киікті ауылынан 60 шақырым жерде жатқан Ағыбай батыр кесенесі – ХІХ ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші.

Ағыбай батыр кесенесі шаршы түрінде салынған жалпы аумағы – 8.80 х 8.58 метр, бір бөлмелі күмбезді ғимарат. Сыртқы бұрыштары қосар мұнаралармен өрнектеліп, күмбезі өріліп шығарылған. Ілкіде ұшар басына Ағыбай батырдың самаурыны қойылған. Кіретін бөлігі жеңіл ағашпен айван үлгісінде жабылып, оңтүстіктен шығарылған. Бөлменің ішкі бұрыштарындағы ширек бағаналар күмбез шеңберімен бірігіп кеткен. Бөлменің төменгі жағы ақ түсті, жоғарғы жағы сарғыш түсті әкпен әктелген. Кесене ішінде 12 мәйіт бар. Ағыбай батырдың сағанасы бөлменің түкпірінде солтүстік-батыс бұрыштан екінші орында жатыр».

Осыдан екі жыл бұрын кесенеге құлпытас қойылды. Биіктігі – 2 метр, ені 70 см болатын қара гранит тасқа «Қазақстан Республикасы. Ақжолтай Ағыбай батыр Қоңырбайұлы. 1802-1885. Ханның барлығы Абылай емес, батырдың барлығы Ағыбай емес. Халық сөзі. Ескерткіш мемлекет қорғауында» деген сөздер латын әріптерімен қашап жазылған.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button