Мәселе

Әр бала бақытты болуға лайық

Қоғамда ерекше балалар да өздерін еркін сезінуі қажет. Бүгінде айрықша күтімге мұқтаж балаларға қолайлы орта қалыптастырып, медициналық көмек беруде мамандандырылған сауықтыру орталық­тарының маңызы зор. «University Medical Center» корпоративтік қорының Нұр-Сұлтан қаласындағы балаларды оңалту орталығы да ерекше балалардың денсаулығын нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Орталық қызмет етіп келе жатқан 13 жыл ішінде ондаған мың бала көмек алған.

[smartslider3 slider=2074]

Орталыққа барғанымызда «University Medical Center» корпоративтік қоры директорының орынбасары Жолтай Дәрібаев бізді қарсы алып, таныстырды. Кіргеннен соң бірден жылылықтың лебі сезілді. Күзетші ағайдан бастап, тәрбиешілеріне дейін сондай сыпайы, жүздерінен жылылық еседі. Балаларды оңалту орталығы 1-18 жас арасындағы ерекше балаларды қабылдайды.

«Ең алғаш ашылғанда психоневрология, эндокринология және ортопедия, травмотология бөлімдері болды. Бірақ науқастардың көпшілігі психоневрология диагнозымен келетін. Сол үшін осы бөлімді ғана қалдырдық. Республика бойынша статистиканы қарасақ, ерекше балалар саны 86 мыңға дейін жетеді. Оның ішінде жүйке жүйесі зақымданған балалар 30 пайызды құрайды. Жүйке жүйесі зақымданған балалардың ішінде балалардағы церебералды паралич (БЦП), басынан жарақат алған, миына қан құйылып, инсульт алған, менингит секілді инфекциялық аурумен ауырған, миы мен жұлынға зақым келген балалар келеді» деді Жолтай Дәрібаев.

Бұдан соң бізді реабилитация кезеңдерімен таныстырды. Реабилитация үш кезеңнен тұрады. Алдымен науқасты өңірдегі ауруханаға апарады. Оның ішінде жедел көмек беру бөлімшелері бар. Бұл – бірінші кезең. Екінші кезеңде аудандық, облыстық ауруханаларда емделеді. Ал үшінші кезеңде осы орталыққа келеді. Яғни ең қиын, күрделі диагнозбен ауыратын балалар осында емделе алады. Балалардың ішінде тілі жетілмеген, аутизм диагнозымен келетін балалар саны көп. Орталықтағы мамандар шетелде тәжірибеден өтіп, оқып келген.

Орталықта балалар ата-аналарымен 25 күн бойы емделеді. Біз барған кезде тағы бір топ емделушілер кетіп бара жатқанын байқадық. Келу-кету шығындарын облыстық әкімдіктер төлеп береді. Орталық 25 күн бойы балаларға 6 мезгіл диеталық тамақ ұсынады. Жолтай Дәрібаевтың айтуынша, кейде жоспардан тыс орын қосатын сәттер болады. Себебі тізімде тұрған, келгісі келетін балалар өте көп.

«Қазір қалаларда, тіпті Нұр-Сұлтан қаласында да ерекше балаларға арналған жекеменшік орталықтар көп. Бірақ бізге деген сұраныс өте үлкен. Себебі ақысыз қызмет көрсететін әрі тәжірибелі мамандардың көптігінен деп ойлаймын. Бізге балалар республиканың әр аймағынан келеді. Жыл басында Денсаулық сақтау министрлігі арнайы квота бөледі. Яғни халық санына және ерекше балалар санына байланысты квота саны көбейтіледі. Мысалы, Солтүстік Қазақстанға халқы және мұндай диагнозы бар балалар аз болғандықтан 15 орын, ал керісінше Оңтүстік Қазақстанға 30 орын бөлінеді. Жыл соңында қай облыс жоспарды орындады, соған қараймыз. Егер орындалмаған болса, квота саны қысқарады.

Кейде балаларға орын жеткізе алмай қиналамыз. Сондай сәтте әр қаладан бір орталық ашылса жақсы болар еді. Бұдан бөлек, сол орталықтарға сай сапалы маман даярланғаны жөн. Себебі еліміздегі медициналық университеттер реабилитологтарды дайындамайды. Осы жағынан кемшін екенімізді мойындау керек. Сол үшін де кадр жағынан тапшылық бар. Тағы бір айтатыным – ерекше балаларға қоршаған ортаның ыңғайлылығын да қарау керек. Қарап көрсеңіздер, шетелде көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, арбада отыратын, т. б. ерекше жандарға жолдан өтуге, автобусқа мінуге, саяхаттауда арнайы жағдай жасалған. Бізде олай емес. Олар қоғам мүшесі екенін әлі де сездіре алмай келеміз.

Орталыққа келген балалардың әр қимылы – біз үшін жетістік. Бірде мынадай қызық болды. Арбада отыратын атасымен емделуге келген баламыз кететін күні «сіздерге тосын сыйым бар» деп айтты. Бәрімізді жинап, арбадан тұрып жүрді. Сөйтсек, ол орталықта робот арқылы жаттығып, өзінің күш-қайратымен жүруге талпыныс жасапты. Осылайша орталықта емделген баламыз арбадан тұрды. Бұдан басқа да балалардың жетістіктері өте көп. Шалғай ауылдан келген 15 жастағы қызымыз да осы кешенде ем алып, аяғынан тұрған еді. Сондай сәттерде еңбегіміздің еш кетпегенін түсінеміз» дейді Жолтай Дәрібаев.

P.S: Орталықтан шығар сәтте алдымыздан бір топ баланың күн болып ортаны айналып билеп жатқанын көрдік. Көңілдері көтеріңкі, өздері мәз екенін бірден аңғаруға болады. Көзімізге сондай жылы ұшырады. Қай ортада да әр бала бақытты болуға лайық.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button