Мәдениет

ӘР КӘЛЛӘДА – БІР ХОББИ

«Әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайды», – деп испан данышпандары айтқандай, дүниенің қалтарысы мен бұлтарысын да әркім өзінше түсінеді. Осыған орай бұл дүниеде әркімнің айналысатын өз сүйікті ісі болады. 

Демек, әркім өзінің табиғатына қарай әрқалай болатыны сияқты, барлық адам баласы да өзінің қалаған шаруасымен айналысады. Мұны былай алып қарасақ, ермектеме ойыны сияқты, бірақ ол оның жүрек қалауы болуы мүмкін. Қазіргі заманауи тілмен айтсақ, мұны «хоббиге» жатқызуға болады. Өнердің қаншама түрі болса, хобби өнері де өнердің бір тегі іспетті дүние.

Белгілі бір хоббимен айналысқан дұрыс та шығар, бірақ мәселе оның қандай хобби екендігінде. Бұрынғы ата-бабаларымыздың заманында да мұндай өнер түрі болған. Мәселен олар ұлттық құндылығымыз болып бағаланатын дүниелерді жинаумен әуестенген. Көне жәдігерлерді жинау, бабалардан қалған асыл мұраларды қастерлеу – олардың басты кредосына айналғаны шындық. Әрі сайын даланың ен төсінде ит жүгіртіп, құс салғанды да осындай өнердің бір түрі деп ерекше бағалаған бұрынғылар. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Қарабай мен Сарыбайдың аңға шығуы да бұл дәстүрдің ежелден келе жатқандығын аңғартса керек-ті. Басқадай ауыз әдебиетінде кездесетін кереметтер қаншама?!.

Атадан балаға мирас болып қалған небір өнер түрлері сияқты, бұл да қазіргі таңға дейін ұрпақ жадынан өшпей келеді. Енді әркімнің танымы мен деңгейі әрқилы. Кімнің не істегісі келсе, ол соған ерікті. Бірақ оның ұлттық тәрбиеден алшақтап кетпеуін әсте ұмытпауымыз керек. Мысал үшін алайық, ұлтымыздың ұлы мақтанышына айналған әйгілі тұлғаларымыз да белгілі бір хоббимен айналысқанын тарихтан білеміз. Хобби тек қана белгілі бір затты жинау ғана емес, сонымен қатар сүйікті ісіңмен айналысу да болып табылады. Көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев оттық жинаумен айналысса, сөз зергері Ғабит Мүсірепов әр замандағы шылым қораптарын жинағанды ұнатқан екен. Бұл да еріккеннің ермегі емес, жүректің қалауы ғана. Атақты ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің де бала күнінен бастап кітап жинағанын, кейіннен онысы ең бай кітапханаға айналғанын білеміз. Енді қарасақ, бұл үрдіс ұлттық сана бағытынан ауытқып, басқаша сипат алып бара жатқандай. Ұлттық сипатымыз өзгеріске ұшырап, адам танымастай қалыпқа түсіп отыр. Батыстық өркениеттің тұзағы қазақы менталитетке де қақпанша құрылды. Қазіргі хоббидің түрі де тым сұрғылттанып бара жатқан сыңайлы. Мысалы, қазіргі хоббидің халық арасында ең көп тараған түрі пышақ түрлерін жинау екен. Пышақ дегеннің аты да суық, негізі жақсы нәрсе емес. Күнделікті тұрмыста қолданғанымызбен, пышақты ешкім сый ретінде бір-біріне сыйламайды. Және батыстың өнімі болып саналатын түрлі кейіптегі «құбыжық құдайлардың» да дәурені жүріп тұр қазір. Мұндайды көбінесе жастар жағы сыйлыққа беруге құмар (әсіресе әулие Валентин күніне), алудан тағы да тарынбайды. Бұл бір жағынан асыл дінімізге қайшы болатын болса, екінші жағынан ұлттық санамызға сіңбеген дүние болғандықтан да біздің табиғатымызға өте жат. Одан кейінгі ата-бабалардың ит жүгіртіп, құс салған арда өнері қазіргі түрлі орындардағы құмар ойындармен алмасып кетті. Мұны да бір жағынан ысырап деп түсінсек, екіншіден бұл дегеніңіз адамды психикалық дімкәстікке апаратын жолдардың ең төте жолы. Тағы да толып жатқан қазіргі хобби түрлері қаншама. Әрине, барлығын айта салу оңай шығар, бірақ оның атын атаудың өзі де қорқынышты.

Әр замандағы түйсік пен танымның рөлі әрқалай болған. Ата-бабалар дәстүрін қайталау мақсат та емес шығар, бірақ хоббимен де дұрыстап айналысқан дұрыс. Тек қазақы түйсік пен таным өзгермесін дейік, әрі әр қазақ өзінің ұлттықболмысына селкеу түсірмесе болғаны…

Хамит ЕСАМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button