Қала мен Сала

Әр үйге – көгілдір отын

Елордадағы Сарыарқа және Алматы аудандары бүгінде толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынып, кварталішілік желілер тартылды. 14 мың абонент газға қол жеткізді, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарт алды, сонымен қатар 3,6 мыңнан астам үй газға қосылды.

[smartslider3 slider=3636]

Тұрғындарды көгілдір отынға қосу, сөз жоқ, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бірақ олардың үйіне газ жеткізу қаншалықты тиімді, бұл ретте қандай қиындық туындауы мүмкін және үйге көгілдір отын өткізуге қаржылық мүмкіндігі жоқ адамдар не істеуі керек? Осы туралы біз елорда тұрғындарымен және мердігерлік компания өкілдерімен пікір бөліскен едік.

Нұр-Сұлтанда жиырма жылдан астам уақыттан бері тұрып келе жатқан Самат Қайыржанов осы күнге дейін қаламызға газ қашан келер екен деп армандағанын жасырмады. Астананы газдандыру мәселесі қолға алынғаннан кейін алғашқылардың бірі болып көгілдір отынға қосылды.

– Қазір бүкіл әлем көміртек ізімен күресуде. Біз қоршаған ортаға зиян келтіріп, табиғатты ластауды доғаруымыз керек. Неге әлі күнге дейін адамдар күйе-күйе боп көмір тасып, пеш жағады деген ой маған маза бермейтін. Енді, міне, арманымыз орындалды. Бұл ретте мен аудан әкімдігіне және мердігер компанияларға алғысымды білдіремін. Себебі жұмысым едәуір жеңілдеді. Ай сайын газға кететін шығын бұрынғыдан көп емес, кейде тіпті аз жұмсаймын және пеш жағып, күл шығармайтын болдым. Керемет емес пе?! Балаларымыздың болашағын бүгіннен ойлауымыз керек. Демек, ескі стереотиптерден арылып, дамыған елдерше өмір сүруге талпынуға тиіспіз, – дейді елордалық С.Қайыржанов.

Газ қосуға қаржылай қиналатындар үшін мемлекеттен де, мердігерлік ұйымдардан да әртүрлі әлеуметтік көмек бағдарламалары қарастырылған. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және Нұр-Сұлтан қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларына сәйкес, тұрғын үйді газдандыруға әлеуметтік көмек жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектерге және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, газдандыруға жататын жеке тұрғын үйлерде тұратын көпбалалы отбасыларға көрсетіледі. Қазіргі уақытта газға қосылуға әлеуметтік көмек 90 АЕК-тен (262530 теңге) 130 АЕК-ке, яғни 413400 теңгеге ұлғайды.

2020 жылы газға қосылуға 9 адам жалпы сомасы 2250180 теңгеге әлеуметтік көмек алса, былтыр осындай көмекті жалпы сомасы 20189790 теңгеге 77 адам алды. Сондай-ақ елордалықтардың бәріне тегін негізде есептеуіш беріліп жатыр.

– Біз Нұр-Сұлтан қаласының нарығында 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. «Железнодорожный» тұрғын алабындағы жекеменшік үйлер газға қосылды. Алғашқы газ тарту кезінде қиындық болды, әрине. Дегенмен біз Сарыарқа, Алматы аудандарының әкімдігімен тығыз жұмыс істеудің нәтижесінде ауқымды шара жүргіздік. Енді Есіл ауданының әкімдігімен ынтымақтастықты жоспарлап отырмыз. Кейбіреулер үйді көмірмен жылыту арзанырақ деп ойлайды. Бірақ салыстырып қарайтын болсақ, бірдей сома шығады, ал газ ыңғайлы. Егер 100-150 шаршы метр үйді алып, қазір текше метр үшін 38,9 теңгені құрайтын газ тарифін ескерсек, шамамен 600 мың теңге шығады. Бірақ бұл – газға қосылуға кететін бір реттік төлем. Егер ай сайынғы төлемді есептейтін болсақ, ең суық кезеңде тұрғындар айына 20-25 мың теңге төлейді. Қаржыдан қысылғандар үшін мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі жобаларды әзірледі. Сондай-ақ қандай да бір санатқа жатпайтын адамдар үшін «Халық банкі» және «Kaspi банк» арқылы бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Бастысы, төлем қабілеттілігі болса болғаны. Әлемдегі қазіргі жағдайға байланысты газ жабдықтарына да, монтаж ұйымдары ұсынатын жұмыстарға да баға өсуде. Бірақ біз, жеке ұйым ретінде, бағаны төмендетуге тырысып келеміз. Әкімдікпен бірлесіп, Шейх Кунт қажы атындағы мешітке, тыл ардагерлерінің үйіне және бірнеше көпбалалы отбасыға тегін газ жүргізіп бердік, – деді «Газ в дом» компаниясының өкілі Жәнібек Құсайынов.

Компания елорда тұрғындарына газ қосу мәселесі бойынша толық кеңес берумен бірге әкімдікпен бірге барлық үй тұрғындарының жиналысына қатысып, аудан көшелерінде, халық көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Көгілдір отынға қосылған тұрғындар бүгінде аталмыш компания өкілдеріне ризашылығын білдіріп, алғыс айтуда. Ж.Құсайыновтың айтуынша, кейде кеңсеге жеке алғыс айту үшін келетін, тіпті арнайы өлең шығарып, ықылас білдіретін тұрғындар да бар. Бұл, әлбетте, жұмыстың сапалы орындалғанының көрсеткіші.

– Өзім жекеменшік жер үйде тұрамын. Таңертең ұйқыдан оянғанда, біз өкпемізге түсетін түтінді бірден байқаймыз, бұл біздің денсаулығымызға теріс әсер ететіні белгілі. Сондықтан мен қаламызда ауаның таза болғанын қалаймын. Әрбір елордалық газға қосылудың жеке өзі және өзінің отбасы үшін қаншалықты маңызды екенін түсінсе екен деймін. Бұл тек өзіміз үшін ғана емес, айналадағылар үшін де маңызды, газға қосылу арқылы біз экологияның жақсаруына үлес қосатынымызды естен шығармасақ екен, – деді «Газ в дом» компаниясының өкілі.

Сарыарқа ауданындағы тұрғын алаптарды газдандыру аясында 5141 абонентті көгілдір отынға қосу жоспарланған болатын. Қазіргі кезде бұл ауданда барлығы 1991 тұрғын үй газға қосылды. Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді газға қосу белсенді жүріп жатыр. Бүгінде Сарыарқа ауданында 7 көппәтерлі тұрғын үй көгілдір отынмен жылытылса, тағы төртеуінде газдандыру жұмысы жүруде.

Мердігерлік ұйымдар тұрғын алаптарында орналасқан 14 әлеуметтік сала нысанын газбен жабдықтау жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл – «Көкталдағы» 7 білім беру нысаны.

Аққорған көшесі, 2 мекенжайында орналасқан «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы газбен жабдықтауға қосылған. Аудандағы 13 нысанға қажетті жабдық сатып алынды, монтаж жұмысы жүргізілді. Қазіргі уақытта іске қосу-жөндеу жұмысы жүруде. Барлық нысандарды тамыз айында газбен қамту жоспарланып отыр.

Газға қосылу үшін тұрғындар www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы да өтініш бере алады. Толық ақпарат алу үшін Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына Сарыарқа ауданы бойынша 55-14-87, 8-702-546-86-95, 8-701-621-62-99 және Алматы ауданы бойынша 55-01-74, 8-701-734-83-74 нөмірлеріне хабарласуға болады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button