АРАДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫ ҚАРТАДЫ
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Республикасының Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.
Астана әлемдік диалог алаңына айналады Нұрсұлтан Назарбаев: Түркия жайлы сөз қозғағанда алдымен бұл елдің Тәуелсіздігімізді алғаш болып мойындағанын ауызға аламыз. Осы кездесуде де Елбасы бұл тарихи оқиғаның ешуақытта ұмытылмайтынын атап өтті.
Түркия Республикасы Қазақстанның тәуелсіздігін мойындап қана қойған жоқ, жас мемлекеттің болашағы жарқын боларына сеніп, алғашқылардың бірі болып дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ниет білдірді. Бұл саяси қадамдарының қате еместігіне бүгінде көз жеткізіп те үлгерді.
«Қазақстанды ұшан-теңіз байлығы,қарқынды өсіп келе жатқан экономикасы бар Орта Азияның тап жүрек тұсында орналасқан геостратегиялық ел деп есептейміз. Әрине, бұл жерде сіздің күмән тудырмас ұлан-ғайыр тәжірибеңіздің үлкен маңызы бар. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі 20 жылдың ішінде барлық салада зор жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан неғұрлым жетістіктерге жетсе, біз оны соғұрлым қолдайтын боламыз»,– деген мәртебелі мейманның сөзі осыны дәлелдесе керек. Бауырлас екі елдің аралас-құралас болғанына биыл, міне, 20 жылдың жүзі болды. Бұған дейін де екі ел Президенттері мен Үкімет басшыларының бірнеше кездесуі өтті. Әр кездесу сайын екі жаққа тиімді талай құжатқа мөр басылды. Нәтижесінде алыс-беріс жанданды. Астана экономикалық форумы- мен сәйкес келген Түркия Үкімет басшысының кезекті сапарын да табысты өтті деуге негіз бар.
«Осы сапар барысында екі ел арасындағы үлкен ынтымақтастыққа қол қоятын боламыз. Бұл тұңғыш рет жасалып отырған үлкен әрекеттер болып табылады»,– деп Елбасы сөз басында айтып өткендей, кездесуде маңызы зор мәлімдемелерге қол қойылды.
Атап айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғарғы деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру туралы мәлімдемеге қол қойды. Кеңестің алғашқы отырысы күз айларында Елбасының Түркияға сапары кезінде өтетін болады.
Қол қойылған екінші құжат – екі ел Президенттерінің қолдауымен ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Түркия Экономика министрлігі арасында «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы болды. Бұл құжат екі мемлекет арасындағы сауда экономикалық, инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты жоғары деңгейге шығаруға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, Елбасы өзінің ұсынысымен Түркі кеңесінің құрылғандығын айтты. Түркі кеңесінің келесі кездесуі биыл Бішкекте өтетін болады.
Шынар ДОСАН