ЖаңалықтарСаясат

Араға жік салған жаңа одақ

Осы айдағы әлемді дүр сілкіндірген ең үлкен жаңалық «Сүңгуір қайық дағдарысы» туғанына, міне, бір айға таяды. Ағылшындар мен француздарды араз қылған бұл дау бүгінге дейін шешілген жоқ. Кері шақырып алған Франция елшісі АҚШ-қа қайта барғанмен, Аустралиядағы елшісінің қай мезгілде Канберраға қайтатыны әлі белгісіз.

Қалиакбар
ҮСЕМХАНҰЛЫ

Араздыққа не себеп?

Өткен айдың ортасында АҚШ, Ұлыбритания және Аустралия
Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында AUKUS одағының ресми құрылғанын жариялады. Үшжақты келісім аясында америкалықтар Канберраға ядролық сүңгуір қайықтарды өздері құрастыруына көмектесіп, олардың суасты атом кемелері флотын құруға мүмкіндік беретін технологияларды беретін болды. Десе де Вашингтонның айтуынша, Аустралия ядролық қаруға ие болмайды.
Ағылшын тілділер арасында жасалған бұл келісімге Францияның реакциясы өзгеше болды. AUKUS одағы құрылған күннің ертеңінде Париж АҚШ пен Аустралиядағы елшілерін кері шақыртып алды. Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан «Бұл ерекше шешім Аустралия мен АҚШ-тың 15 қыркүйекте жасаған мәлімдемесіне байланысты қабылданды. Себебі АҚШ-тың бұл әрекеті одақтас елдер арасындағы сенімге селкеу түсірді, бұл Францияның ту сыртынан «пышақ ұрғанмен» бірдей» деп мәлімдеме жасап, елшілерді кері шақырып алуға ел президенті ­Эммануэль Макронның өзі тапсырма бергенін айрықша атап өтті.
Франция АҚШ-тағы елшісін консультация жасау мақсатында кері шақыртып алуы тарихта бірінші рет болып отыр. Францияның бұлайша ерін бауырына алып тулап, АҚШ-қа ашық наразылық танытуының астарында мынадай себеп бар. Аустралия 2016 жылы Францияның Naval Group компаниясымен құны 60 миллиард долларлық келісімге қол қойған еді. Аталған келісімге сәйкес француздар Аустралияға 12 ядролық сүңгуір қа­йық жасап беретін болған. Келісімге қол қойылғанына 5 жыл уақыт өтсе де, қайық жасау жұмысы ойдағыдай жүргізілген жоқ. Оның үстіне, Naval Group компаниясының Үндістанға сатып берген сүңгуір қайығына қатысты құпия құжаттар желіге тарап кетіп, қайықтың қауіпсіздігінде үлкен ақау бары байқалды. Бұған алаңдаушылық танытқан Канберра қарсы жақтан қауіпсіздікті күшейтуді талап етті. Осыған байланысты келісімшарттың мазмұнына да өзгертулер енгізіліп, қайықтың бағасы да қымбаттай түсті. Қайықты тапсыратын мезгіл де кейінге шегерілді. Биыл маусым айында ел Сенатында осы мәселеге қатысты парламенттік тыңдауда сенаторлардың сұрақтарына жауап берген Аустралияның Қорғаныс министрі Грег Мориарти кейінгі уақытта келісімге байланысты өзара түсініспеушілік болғанын, соған байланысты ел үкіметі қосымша шаралар қарастырып жатқанын жеткізген еді. Бұл Аустралияның аяқ астынан АҚШ-пен келісім жасасып, Францияны «лақтырып» кетуінің бір себебі десек, екінші тұрғыдан алғанда, Аустралия Қытайдың Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы ықпалының күшеюінен қатты қауіптеніп отыр. Соңғы кездері Қытай соғыс кемелері Аустралияның іргесіне дейін барып, АҚШ-пен бірге Қытайға қатаң қабақ танытып жүрген Канберраға сес те көрсетті. Бұл соғыс кемелері көнерген Аустралияға Францияның қабырғасы да қаланбаған қайықтарына қарап отыруға болмайтынын ескертті. Оның үстіне, Франция мен Аустралия да Үнді-Тынық мұхиты аймағының қауіпсіздігі жөнінде шарт жасасқанмен, нақты іске кірісуде Франция тым сылбырлық танытты. Бұл келелі мәселелерде АҚШ-ты қолдап, Қытаймен ашық қарсыласып отырған Аустралияны қатты үмітсіздендірді. Демек, бұл жолы Аустралия сүңгуір кеме үшін ғана Франциямен жасасқан келісімін бұзып отырған жоқ, керісінше, стратегиялық тұрғыдан арқа сүйейтін әріптес ретінде АҚШ-ты таңдап отыр. Дегенмен Аустралияның Франциямен біржола ат құйрығын кесісу ниеті жоқ. Бұған AUKUS одағы құрылған күні Аустралия премьер-министрі Скотт Моррисонның «Франция Тынық мұхиты аймағындағы маңызды серіктес болып қала береді» деген сөзі айғақ.

AUKUS одағы мақсаты не?

AUKUS одағы құрылған күні АҚШ президенті Байден «Бүгін біз үш ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін тарихи маңызы бар қадам жасап отырмыз. Біз Үнді-Тынық мұхиты аймағында тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету керегін жақсы түсінеміз» деп мәлімдеме жасады. Үш ел басшыларының бірде-біреуі бұл одақтың Қытайға қарсы құрылғанын ашып айтпағанмен, шын мәнінде, бұл келісім Қытайдың Үнді-Тынық мұхитындағы күннен-күнге күшейіп бара жатқан ықпалын азайту үшін жасалғаны бесенеден белгілі. Сосын да шығар, одақ құрыла салысымен Қытай СІМ-нің баянатшысы Чжао Лицзянь мәлімдеме жасап, аталған одақты «аймақтың тыныштығын бұзады, жанталаса қарулануға жол ашады әрі ядролық қаруды таратпау шартына қайшы» деп Бейжіңнің кәдуілгі әдеті бойынша «қатаң наразылық танытып», БҰҰ-ға дейін шағымданды.
Бұл жаңа одақтан Ресей де іш тартып отыр. Мәселен, Ресей ­Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков сәрсенбі күні Ресей АҚШ-қа AUKUS одағын құрудағы мақсаты жөнінде түсініктеме беру туралы өтініш жібергенін айтты. Бұған дейін Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Аустралия, Ұлыбритания және АҚШ арасындағы жаңа одақ (AUKUS) Аустралияның біз Үнді-Тынық мұхиты аймағында Қытайды тежеуіне көмектесуге бағытталған» деп мәлімдеген еді. Ресей де текке секем алып отырған жоқ. Ресеймен жер таласы бар Жапонияның да аталған одаққа қосылып, болашақта Ресейге қауіп төндіруінен алаңдап отыр.
АҚШ-тың да бұл қадамға баруы тегін емес. Себебі АҚШ аса құпия технологиямен жабдықталған сүңгуір кемелерін бұрын Ұлыбританиямен ғана ортақ пайдаланып келген еді. Енді оны Аустралияға сеніп беруі аймақтағы жағдайдың шынымен ушығып келе жатқанын көрсетеді. Ал Еуропа елдерінде бұрыннан Қытайға байланысты екі түрлі ұстаным қалыптасқан. Яғни Еуропа елдері экономикалық тұрғыдан Қытаймен әріптес болса, саяси жақтан қарсылас. Міне, бұл жағдай Еуропаның Қытайға қатысты екіұшты саясатын көрсетіп отыр. Бұл жағдай кезінде Трамптың Еуропа елдеріне қырын қарап, Қытайға қарсы біржақты әрекет етуіне себеп болған. Байден билікке келгеннен кейін АҚШ-тың Еуроодақпен болған байланысы қалыпқа түскендей болғанмен, Қытай мәселесіне келгенде әлі де алауыздық бар. Өйткені көп мәселеде АҚШ-ты қолдайтын Еуроодаққа мүше елдер Қытай мәселесіне келгенде экономикалық мүдделері үшін кібіртіктеп, ашық қарсылық танытпайды. Сондықтан да АҚШ бұл жолы бір жағынан өзінің Үнді-Тынық мұхит аумағындағы ықпалын сақтап қалу үшін аталған одақты құрса, екінші тұрғыдан Қытай мәселесінде сөзбұйдаға салып, күн өткізген Еуропа елдеріне қатаң ескерту жасап отыр.
AUKUS одағының құрылуы ағылшындар одағын құрудың бастамасы секілді. Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы да, бір қарағанда, АҚШ-пен бір сапта тұру үшін жасалған қадам деп тұспалдасақ тым теріс болмайтын сияқты. Былайша айтқанда, ағылшындар Еуроодаққа жалтақтағаннан гөрі өздері бірлесіп, Үнді-Тынық мұхиты аймағына бақылау орнатуға кіріскендей. Сонымен қатар ағылшындар өздерімен бір шепте болуға Жапония мен Үндістанды да тартып отыр. Жапония болса – бұрыннан АҚШ-тың ығына жығылып жүрген ел. Ал Үндістан соңғы кездері шекара мәселесіне байланысты Қытаймен жиі дауласып қалып жүр. Тіпті шекараға әскер топтап, соғысуға да шақ қалған. Оның үстіне, Үндістан – әлемдік саясатқа ықпал ете алатын елдердің қатарына жаңадан қосылған ойыншы. Мұны АҚШ қана емес, Еуроодақ та, Франция да жақсы түсінеді. Сол себепті биыл Еуроодақ та Үндістанмен стратегиялық келісім жасасып, Үнді-Тынық мұхиты аймағына қайта көңіл бөлетінін аңғартқан еді. AUKUS одағы құрылғаннан кейін Франция президенті Макрон да Үндістанмен әріптестік қатынасты тіпті де тереңдететінін мәлімдеді.
АҚШ қазір өзінің байырғы әріптесі Франциямен тіл табысуға күш салып жатыр. Өткен аптада АҚШ басшысы Байден Макронмен телефон арқылы сөйлесіп, арадағы қайшылықты шешудің жайын әңгімелескен. Осы тілдесуден кейін Франция елшісі АҚШ-қа қайта баратын болды.

АҚШ алауыздықты ақылмен шешпек

28 қыркүйек күні Франция президенті Эммануэль Макрон «Сүңгуір қайық дағдарысы» Францияның стратегиясын және оның Үнді-­Тынық мұхиты аймағындағы орнын өзгертпейтінін мәлімдеді және Греция үш жаңа француз фрегатын сатып алатынын мәлімдеді. Сонымен бірге ол қазан айында Байденмен тағы да сөйлесетінін, сол кезде екі ел қатынасының болашағы туралы талқылайтынын жеткізді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 4-6 қазан аралығында Парижде жоғары дәрежелі француз шенеуніктерімен кездеседі деп күтілуде. Бұл қадам екі ел арасындағы келіспеушіліктерді жоюға бағытталған.
Дегенмен келіспеушіліктің кеңеспен ғана шешіле қоюы неғайбыл. Өткен жұма күні Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Сенаттың Халықаралық істер комитетіндегі тыңдауларда «бұл дағдарыс кеңеспен ғана шешілмейді, тығырықтан шығу үшін бізге бос сөз, құрғақ уәде емес, нақты шешім, байыпты әрекет керек» деп мәлімдеді. Демек, Франция АҚШ пен Аустралиядан төлем талап етіп отыр. Өйткені «сүңгуір қайық дағдарысы» Францияны экономикалық шығынға ұшыратып қана қоймай, халықаралық қауымдастық алдындағы бет-беделіне де ауыр нұқсан келтірді. Қазір француздар осы күнге дейін қайық жасауға кеткен жалпы шығынды есептеп жатқан көрінеді. Осы есеп бойынша Аустралиядан төлем талап етпек. Егер АҚШ ара ағайындық жасап, мәселені бейбіт жолмен шешпесе, Аустралия мен Францияның қатынасы тіпті ушығуы мүмкін. Ал АҚШ болса қалай да Францияның тілін табуға тырысатыны анық. Өйткені Франция, біріншіден, АҚШ-тың көне одақтасы, екіншіден, екі елдің мүддесін НАТО байлап тұр. Үшіншіден, АҚШ Франциямен араздасса, Еуроодақ та АҚШ-қа қырын қарайды. Бұл Қытаймен ашық белдесіп отырған АҚШ үшін тиімсіз. Осы тұрғыдан алғанда, АҚШ Францияға жеңілдік жасауы мүмкін. Бірақ жаңа одақтасы – Аустралияны француздарға жығып бермейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button