Басты ақпарат

Аралас мектеп неге азаймай тұр?

Елордада жалпы саны 149 мектептің 99-ы – мемлекеттік. Оның ішінде 35-і – қазақша, 56-сы – аралас, 8-і орыс тілінде оқытады. Статистикаға сүйенсек, аралас мектептердің саны да көп, сұраныс та азаймай тұр. Ата-аналар неліктен аралас мектепке құмар?

[smartslider3 slider=2632]

ҚР БҒМ биылғы мәліметінше, 2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа 25349 бала қабылданған. Оның 52%-ы қазақ тілінде, 48%-ы орыс тілінде білім алады. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 114442 (54,8%), орыс тілінде оқитындар – 93312 (44,7%). Соның ішінде қазақ балаларының саны – 62398 (63%).

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, аралас мектептер тек қана Қызылорда, Түркістан сияқты қазақ тілді аймақтарда болуы керек. «Біріншіден, мұндай аймақтардағы аралас мектепте оқыған орыс тілділер де қазақ тілді болып шығады. Екіншіден, аралас мектептердегі барлық іс-шаралар қазақ тілінде өтуі шарт. Үшіншіден, оларды жыл сайын қазақ тілді мектепке айналдырудың нақты жоспары болуы керек. Ең бастысы, қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік орнауы тиіс. Онсыз тіл мәселесі шешілмейді» дейді саясаттанушы.

Соңғы 5 жылдағы статистиканы қарайтын болсақ, елімізде аралас мектеп саны артқан. Мәселен, 2020 жылы – 2043, 2021 жылы 2047-ге жетіп отыр. Еліміздегі аралас мектеп басым өңірлер қатарына Алматы облысы (306 мектеп – 256020 оқушы), Ақтөбе облысы (215 мектеп – 73219), Түркістан облысы (192 мектеп – 171896) жатады.

Аралас мектептерге ата-аналар тарапынан сұраныс өте көп. Тіпті кейбірі осындай мектеп керек деп шағымданатын көрінеді. Мұны Білім басқармасының басшысы да растап отыр. «Мәселен, сол жағалаудағы №89 мектеп алғашқыда қазақ тілді болып ашылғанмен, жергілікті тұрғындар «неге біздің қажеттілігімізді ескермейсіздер?» деген соң, аралас мектепке ауысты. Қазіргі таңда бала саны толық. Көпшілігі қазақ болғандықтан, ата-аналардан неге орыс сыныптарына беруге ықыласты екенін сұрадық. Олардың тарапынан «өзіміз орыс тілдіміз, балаларымыз қазақ тілінде оқыса, көмектесе алмайтын шығармыз» деген пікірді естиміз. Кейбірі «қазақ сыныптарындағы мұғалімдер балаға қаталдау қарайды, ауыр сөздер айтады» деген стереотиппен орыс сыныптарына береді» дейді басқарма басшысы.

Ақын Дәулеткерей Кәпұлы мұндай мектептерде орыс тіліне басымдық берілетінін айтты. «Аралас мектептер қаланың қақ ортасында, жаңадан салынған, жағдайы өте жақсы ғимараттарда орналасқан. Ал таза қазақ мектептерінің көбі қаланың ана шеті, мына шеті, алыс мекенжайларға ғана ашылған. Аралас мектептер қаланың ең көрікті жерлерінде орналасқан. Мұны неге айтып отырмын? Мемлекет саясатының астарын да, бүгінгі бағыт-бағдарын да көріп, сезіп отырған жаңа қазақтар балаларын орысша оқытады. Өйткені қазақ тілінің болашағына ата-аналары да сенбейді» дейді ол.

Бірнеше жыл бұрын орыс мектебін таңдағандардың саны азайып, ал аралас мектептерді біртіндеп қазақ тіліне көшіруге болатын сияқты көрінген. Алайда 2014 жылдан бастап аралас мектептерге сұраныс артты. Бұл жерде бар мәселе ата-анада екені рас. Расымен де, баласын орыс тілді немесе аралас мектептерге беретін қазақтардың айтатын басты уәжі – білім мен оқулық сапасы. Баласы 5-сыныпта оқитын елордалық Гүлшара Сариеваның айтуынша, қазақ сыныбындағы оқулық сапасы нашар әрі ата-анаға түсініксіз.

«Баламды орыс тіліндегі сыныпқа оқулық сапасы үшін бердім. Өзім орыс тілінде оқыдым. Орыс тіліндегі оқулықтардың ата-ана үшін түсінікті әртүрлі материалдары бар. Яғни баламды оқыту кезінде бірге түсіндіруге, орындауға мүмкіндік бар. Орыс сыныбында оқыту тілін, дінін ұмыту емес қой. Үйде қазақ тілін оқытып, Қазақстанның тарихын баланың бойына сіңіреміз. Бұдан ешқандай өрескелдік көріп тұрған жоқпын» деді ол.

Ал орыс сыныбына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Дария Оспанованың айтуынша, балалардың көбі – қазақ. «Сыныбымдағы оқушылардың басым көпшілігі – қазақ. Дегенмен қаланың баласы болғандықтан ба, тілі орысша шыққан. Өзімді кейде орыстарға сабақ беріп жатқандай сезінемін. Мұндағы атмосфера да басқаша. Қазақи құндылық пен тарихты сезінген балалар оқиды деп айта алмаймын. Тәрбие де, сана да басқа. Сабақ беріп отырып, кейде осыны ойлаймын. Бірақ ата-аналарының таңдауы сол болғандықтан ештеңе істей алмаймыз ғой» деді тәжірибелі мұғалім.

Орыс тілінде оқытатын сыныптар біздің елден басқа мемлекеттерде де статистика жөнінен жоғары деп айтар едік. Мәселен, түркі елдерінің ішінде Әзербайжанда 2008-2009 жылдары орыс тілінде оқытатын сыныпқа 7080 бала қабылданған. Әзербайжан Білім министрлігінің дерегі бойынша 5 жылда – 11106, тағы 4 жылда 16477 болған. Яғни он жылда екі есе өскен. Қазіргі таңда орыс мектебінде 1-11-сыныптарда 140 мыңнан астам бала оқиды. Дегенмен республика мектептері балаларына орыс тілінде білім бергісі келетіндердің өтінішін толықтай орындай алмайды. Себебі сыныптар толық әрі орыс тілді мұғалімдер тапшы. Сондықтан сабақты көбіне орыс тілін азды-көпті білетін әзербайжан мұғалімдері жүргізеді екен. Әзербайжанның зиялы қауым өкілдері бұл мәселе төңірегінде жиі айтып жүр. Мәселен, бұрынғы Білім министрі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тофик Гаджиев: «Орыс тілінде білім алуға жаппай қызығу – ұлт қасіреті» деп тұжырымдайды.

Өзбекстанда орыс мектептерінде білім алатын балалардың үлесі шамамен 10%-ды құрайды. Бірақ 30 жыл ішінде мұндағы славян халқының үлесі 9,3-тен 2,8%-ға дейін азайған. Жалпы Өзбекстанда он мыңға жуық орта мектеп бар. Олардың басым көпшілігі өзбек тілінде оқытады. Ал орыс тілінде оқытатын мектептердегі оқушылар саны 640 мыңға жетеді. Өзбекстанның Ақпараттық технологиялар және коммуникацияларды дамыту министрі Шерзод Шерматов бұл туралы: «Соңғы уақытта бастауыш сыныпта орыс тілінде оқытатын мектептерге деген нақты сұраныс айтарлықтай артты. Педагог кадрлары тапшы. Мұны шешу үшін Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде осындай мамандарды даярлау керек» деген еді. Қысқаша айтқанда, посткеңестік мемлекеттердің ішінде түркі елдерінде халық арасында балаларды орысша оқытуға деген құлшыныс қайта белең алып жатыр. Мұның салдары мен нәтижесі ұлтқа қауіп болатыны анық.

P.S: Аралас мектептердегі көптеген шаралар орыс тілінде өтетіндіктен, ол басымдыққа ие болып отыр. Сол үшін қазақ тіліндегі мектептер санын көбейтіп қана қоймай, ата-ананың санасын өзгертуге әрекет жасау керек-ау…

Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button