Басты ақпаратҚоғам

Аралас тілден қандай қауіп бар?

Өнердің бір саласы кино – бұл, ең алдымен, ­идеология. Кино өнері бұл тек фильмдер өндірісі ғана емес, ол – кез келген ұлттың бет-бейнесі, өмір сүру салты мен ойлау жүйесі, ұлттық мәдениеттің жаршысы. Бүгінде қаласақ та, қаламасақ та кітапқа, мерзімді баспасөзге қарағанда әлеуметті қамтуы жағынан киноның әлеуеті жоғары болып отыр. Киноның осындай көпшілік сипатынан оның адамның сана-сезіміне, психологиясына, ой-өрісі мен дүниетанымына әсер ету қарқынын көреміз. Демек, кино дұрыс мақсатта пайдаланылса, ұлтты біріктіретін құралға, бұрыс мақсатта атом бомбасынан да қатерлі қаруға айналатыны сөзсіз. Сол себепті ұлттық кино өнеріне, оның ішінде қазақ киносының тіліне бей-жай қарауға болмайды.

Қазақ тіліндегі киноның тілі көркем, шұрайлы, ана тіліміздегі сөз саптаудың үлгісін көрсететіндей дұрыс болуы тиіс. Кешегі кеңестік кезеңнің өзінде қазақ фильмдері осы талапқа жауап берген еді. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда қазақ киносының тілі туралы жағымсыз сыни пікірлер де, қарсылыққа толы ашу-ыза да белең алды. Қазіргі қазақ киносында тіл мәселесі тым өзекті мәселеге айналуда. Атауы қазақша болғанымен кейіпкерлері таза қазақ тілінде сөйлемейтін, жеңіл әзіл мен арзан күлкіге, анайы сөздерге құрылған, тілі алашұбар, азғындыққа толы фильмдердің көбеюі қалыпты жағдайға айналғаны өте қауіпті. Бұл үрдіс осылай жалғаса берген жағдайда, таяу уақытта қазақ тілінде түсірілген киноны таппай қалуымыз да мүмкін.

Қазіргі қазақ киносының ұлттық сипат алуына, ұлттық дүниетанымды танытуына және ұлттық мәдениет пен ұлттық тілдің кең құлаш жаюына тәуелсіз елімізде еш кедергі жоқ. Алайда солай бола тұра таза қазақ тілінде жазылмаған, шетелдік жат ұғымдағы сценарийден түсірілген, көркемдік деңгейі ұлттық танымымызбен сәйкеспейтін, жат мәдениеттің кодымен «сөйлейтін», кейіпкерінің аты мен түрінен басқа қазақтың өзі жоқ «көркем фильмдер» өскелең ұрпақтың рухани талғамына кері әсер етуде. Әсіресе, орынсыз айтылған олқы сөздер ой-санаға сіңіп жатқаны жалған емес. Қисынсыз сөз қасиетті тілімізді қорлап жатқандай көрінеді. Ұлттық мәселелерді шешу мақсатында мұндай қалыбы қисық әрекеттерге тыйым салатын мезгіл жеткен сияқты. Өркениетті елдерде ұлт мәртебесімен және халықаралық беделімен үнемі бірге қарастырылатын тіл тазалығы үшін күрес тіл мәдениеті үшін де күрес екені белгілі.

Ұлттық танымды көрсететін көр­кемдік құрал болумен қатар, бүгінгі қазақ киносының тілі қазіргі заманғы сөйлесім түрлерін бейнелейтін өмір айнасы да болып отыр. Осыған байланысты қазіргі қазақ киноларындағы қазақ және орыс тілдерінің аралас қолданылуын, жаргондар мен сленгтердің жиі кездесуін көрермендердің бір тобы реалистік көрініс ретінде қабылдаса, енді бір тобына қазақ тілінің тазалығын бұзатындай әсер қалдырады. Мұндағы соңғы топтың алаңдауы мен жанайқайы өте орынды. Өйткені көптеген кино және телебағдарламадағы жаргон, сленг және аралас тіл (қазақ-орыс) қолданыстары жастардың сөйлеу тілінде көрініс тауып, қазақ тілінің бірегейлігі мен тазалығына кері әсер етуде. Мұндай жағымсыз әсерлер қазақ тілін үйренуге талаптанған басқа да тұлғалардың тілдік дағдыларына теріс ықпал етеді.

Сонымен бірге, қазіргі қазақ киносында қолданылып жатқан «аралас тіл» әлеуметтік лингвистика саласында тілдік араласулардың бір түрі ретінде қарастырылады және бұл үдерістер нақты әлеуметтік-мәдени факторлар әсерінен туындайды. Белгілі бір жағдаятпен ғана шектелген коммуникативтік қызмет атқаратын қосалқы тіл сөйлеушілердің ешқайсысына ана тілі емес. Тарихта оған мысалдар жеткілікті.

Өкінішке қарай, қазіргі қазақ киносы мен телебағдарламаларындағы аралас тіл қолданылуы қоғамның әртүрлі топтарына, әсіресе жастарға теріс әсер етіп, олардың сөйлеу мәдениетін өзгертуде. Жастар арасында аралас тілдің қалыптасуы нәтижесінде қазақ тілінің бастапқы таза үлгісін сақтау қиындайды, олардың сөйлеу стиліне әсер етіп, тілдік нормалардың бұзылуына әкеп соғады. Ең қауіптісі, уақыт өте келе, мұндай аралас тіл жастардың ана тілі ретінде орнығады. Соның салдарынан аралас тіл ұрпақтан-ұрпаққа қолданылған сайын ана тілі рөлін атқарып, тілдің бастапқы құрылымы өзгеріске ұшырайды. Осылайша, қазақ тілі өзінің таза нұсқасынан алыстап, күрделі тілдік нормаларын жоғалтуы мүмкін.

Рүстем РҮСТЕМОВ, Сенат депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button