Жаңалықтар

АРБАТТА – КІТАП КӨРМЕСІ

Жексенбі күні астаналық арбатта «KITAP FEST 2019» атты кітап фестивалі өтті. Бұл мәдени шараны биылғы Жастар жылы аясында қалалық әкімдіктің қолдауымен «Астана жастары» мекемесі және «BAURZHAN» жеке қоры мен «ABAYbooks» баспа үйі ұйымдас­тырды.

Әдеби мерекеде кітап көрмесі, жәрмеңке, танымдық әңгімеге толы кездесулер болды. Сондай-ақ фестиваль аясында «I BOOK YOU» кітап алмасу жобасы өтті. Мұнда оқырмандар өздерінің оқыған кітаптарын оқымаған дүниелерімен алмастырып алды. Бағдарлама барысында кішкентай оқырмандар да назардан тыс қалмады, олар түрлі ойындар мен шеберлік сыныптарына қатысты. Сонымен бірге жұртшылық жаңа авторлармен танысып, жақында жарық көрген кітаптардың таныстырылымын тамашалады. Айтар болсақ, Қазақстанның халық әртісі, талантты пианист Жәния Әубәкірованың «Вариации на темы» кітабының таныстырылымы болды. Сондай-ақ продюсер, режиссер, «100 жаңа есім» жобасының иегері Айдие Айдарбековтің жыр жинағының тұсауы кесілді. Соңғы жылдары поэзияға сыбызғыдай нәзік үнімен келген ақын Айжан Тәбаракқызы өз оқырмандарына «Сен жыламашы» атты кітабы туралы ой бөлісіп, кейінгі жазған өлеңдерін оқыды.

«Біздің шараның мақсаты – жұртшылықты кітап оқуға үндеп, отандық қаламгерлер мен баспаларға қолдау көрсету. Бұл көрмені белгілі жазушылар мен әдебиеттегі жолын енді бастаған жастарға ұсынған алаң деуге болады. Өйткені бұл жерде авторлар өз оқырмандарымен кездесіп, ал адамдар болса өздері ұнатқан кітаптарын алып оқуға мүмкіндік бар» – деді жобаны ұйымдастырушы Майра Әлжанова.

Бұл фестиваль бұған дейін Алматыда бес жыл қатарынан өткен. Осы аралықта бағдарлама жұртшылықтың ықыласына бөленіп, мәдени-­танымдық шараға айналған. Биыл аталған фестиваль бас қалада алғаш ұйымдастырылды. Соған қарамастан кітап мерекесіне келген қауымның қарасы көп болды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button