Қала мен Сала

Арбаттағы «алақай»

Нұр-Сұлтан қаласының ерекше көңілді, шығармашыл жастарға толы көшесі – Арбатқа бес жыл толды. Шағын мерейтой түрлі іс-шаралармен, әртістердің, аниматорлардың, елорда тұрғындарының қатысуымен атап өтілді.

[smartslider3 slider=3262]

Талантты жастар өз өнерін паш ететін, қол­өнершілер, шеберлер мен коллекционерлер туындыларын жұртшылық назарына ұсынатын шығармашыл көшенің ашылғанына бес жыл болды. Бұл ғажайып орында Есіл өзенінің жағасында отырып, күннің батқанына сүйсіне қарап, ақ таңды да атыруға болады.

Арбатта бірнеше күн қатарынан шығармашылық іс-шара өтті. Қатысушылар мен тамашалаушылардың көптігінен ине шаншар орын қалмады деп те айтуға болады.

«Әлемнің әрбір қаласында шеберлер, көше музыканттары, суретшілер бас қосатын орындар бар. Олар – ерекше субмәдениеттің өкілі және қашан да ашық, өз талантымен өзгелерді қуантып жүреді. Есіл өзенінің жағасындағы ерекше атмосфера бұл орынды барынша тартымды, сүйікті орындардың біріне айналдырып отыр. Осындай маңызды күнді бірге атап өту үшін музыканттарды, суретшілерді, шеберлерді шақырдым. Арбаттың осы бес жыл ішінде шығармашылық тұрғыда гүлденуіне араласқандардың бәрі қазір осында» деп өз әсерімен бөлісті жоба авторы және оның негізін қалаушы Арай Ордабаева.

Алғашқы күні ­М.Өте­місов атындағы Оқушылар сарайы мен Кенесары ханның ескерткішінің алдында ұйымдас­тырушылар концерттер мен шеберлік сыныптарын өткізді. Еркеғали Рахмадиев атындағы үрмелі аспаптар оркестрінің шеруі мерекенің көркін қыздыра түсті. Олар танымал хиттерді орындады. Mortal kombat компьютерлік ойынының басты музыкалық әуені көпшілікті тәнті етті. Ересектер музыканттармен қосылып би биледі, ал балалар хор мүшелерімен бірге көңіл көтерді.

Жаяу жүргіншілер көшесінің өзге тұсында аргентиналық танго мен заманауи биден шеберлік сабағы өтті. Қызықты және ерекше қимылдарды үйренгісі келетіндер қатары көп болды. Ал осы уақытта сахнадан Полина Тирина, Әлішер Кәрімов, Маржан Арапбаева, «Найза» тобы өнер көрсетті. Күні бойы қазақ тілінде радиостримді жергілікті танымал радио­станция жүргізді.

Мерекенің алғашқы күні fire show-мен (отшашу) аяқталды. Қас қарайып, қараңғы түскеннен кейін де көңіл көтеру шаралары жалғасты. Ал қаланың кішкентай тұрғындары үшін арнайы бағдарлама келесі күні ұйымдастырылды.

«Бізде Арбаттың туған күніне орай көліктерді бояу дәстүрі бар. Биыл 12 көлік боялды. Бұл, әдеттегідей, керемет және көңілді өтті. Осындай мерекелік іс-шараларды ұйымдас­тырғандардың бірі – мен көбірек ләззат аламын ба, әлде оған қатысып, көңіл көтеріп жүрген бүлдіршіндер рахаттана ма деп ойлаймын» дейді Арай.

Караоке алдындағы алаңда бүлдіршіндерге үлкен экраннан ертегілер айтылды. Балалар жұмбақ шешіп, ересектермен бірге көңіл көтерді. Арасындағы белсенділеріне ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Арбат – астаналықтар мен қала қонақтары үшін әдеттегідей ең танымал әрі сүйікті орындардың бірі болып қала бермек.

 Баян АСЫЛБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button