Мәдениет

Арда ұлдарды ардақтады

Қайым Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназияда «Алаштың арда ұлдары» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қол­дауымен Астана қалалық Білім басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы, Қайым Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназиясы бірлесіп өткізген конференцияда Алаш зиялыларының тарихи және әдеби мұрасы таныстырылды. Жиынға сарапшылар, ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтары, әдіскерлер, тәрбиешілер қатысты.

Алаш арыстарының мұрасын зерделеген келелі кеңесте Парламент Мәжілісінің депутаты Қазбек Иса, Астана қаласы мәслихатының депутаты Естек Қанат құттықтау сөз сөйлеп, Алаш ардақтыларының ұлт мұратын биіктету жолындағы еңбектерінің мәні мен маңызына тоқталды. ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы, ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы қазіргі оқушылардың, ата-аналардың кітап оқымайтынын, мұғалімдердің жауапкершілікті толық сезінбейтінін, сапасыз оқулықтар көбейген тұста кітаптың қадірі де азайғанын айта келіп, бұл әдет бізді Алаш арыстарынан алыстата түседі деді.

– Қазіргі балалар да, ұстаздар да газет оқымайды. Газетке жазылмайды. Мәселен, биыл республикалық «Ұлан» газетіне оқушыларды қойып, бірде-бір мектеп жазылмаған. Өз газеттеріңізге өздеріңіз жазылмасаңыздар, ол газет кімге керек?! Газет, кітап оқымасақ, ұлттық тамырдан, Алаш рухынан алыстай береміз. Ұрпақ тәрбиесінде ұстаздың орны ерекше. Әр мұғалім осы жауапкершілігін толық сезінуі, алдында бала емес, ұлттың болашағы отырғанын терең түсінуі тиіс. Әрбір үйде кітап сөресі болуы керек. Оқымасаңыз да үйіңізде кітап тұрса, оған баланың көзі үйреніп, кітаптың иісін сезініп өседі. Есейе келе кітап оқитын қа­сиет қалыптасады, – деді Дихан Қамзабекұлы.

Пленарлық жиыннан соң «Алаш арыстарының рухани-адамгершілік қызметі», «Б.Сүлейұлы: ХХ ғасыр басындағы қазақ мектептерінің рөлі», «С.Торайғырұлы: Алаш әдебиетіндегі ағартушылық бағыт» тақырыптарындағы секциялық бағдарлама бойын­ша жалғасын тауып, өзара талқылауға ұласты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button