Қоғам

Арда ұлдарды ардақтау керек

Талант дегеніміз – Жаратушының мейірімі түсіп, бар қасиетін басқалардан арттырып, ерекше қабілет бергендерді айтатын болар. Көптің қолынан келмейтін, жалынып сұрағанға бермейтін бар жақсылықты қос уыстап бір адамға ұстата салғандай. Маңдайында жарқыраған жұлдызымен туғандарға таңғаламыз, таңданамыз. Әрі қарай қымбат ойыншықтың қызуы басылған соң қадірі кететініндей, бұйығы тірліктің бұлты көкірек көзімізді торлап, оларға да енжарлық танытатын да өзіміз. Сол таланттың жарығы өшіп, дүниеден көшкенде ғана аһ ұрып, қолда барында қадірлемедік-ау деп ішіміз алай-дүлей болып жатады.

[smartslider3 slider=1276]

Несін айтайық, жұрт вундеркинд деп жүрген сондай бір талантты сақтай алмадық. Мен Ақназар Қажымұрат туралы айтып отырмын. Жас өлімді азалаған ақын Төреғали Тәшенов «Тәжірибелі психологтардың пайымдауынша, бәрін «іштен» біліп туған кішкентай данышпандар, яғни мыңның ішінен біреу шығатын вундеркиндтердің көбі кейін қоғамнан лайықты орнын ала алмайды. Неге? Себебі дарынды балалардың көбі нақты өмірге бейімделе алмайды немесе өте ауыр түрде икемделеді» деп жазды.

Еврей мемлекетінде бүгінде жиырма мыңдай вундеркинд баланың жабық мектепте арнайы бағдарлама бойынша оқытылып жатуы бұл мемлекеттің өз азаматтарының интеллектісін пайдаланудағы керемет жетістігі демеске амалыңыз кем. Мемлекеттік құпияға жататындықтан ондағы білім беру бағдарламасы туралы мағлұмат алу мүмкін емес. Жапоныңда да, ағылшыныңда да бұл жағынан арнайы жүйе қалыптас­қан. «Алтын басты балалардың» мемлекеттің дамуына зор үлес қосатынын жақсы білетін бұл елдер вундеркинд балаларға орасан қаражат бөліп отырады. Еліміздің осы аталған елдер тәжірибесіне зер салғаны артық болмас еді.

Ойымыздың үстінен дөп түскендей. Ерекше таланттыларға мемлекет неге ықылас көрсетпейді деген сұрақты біз де қойғымыз келеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен қылмыскердің қолынан жарақат алып, қансырап қайтыс болды. Ажалына көрінген де болар, дегенмен сол күні сол жағдай болмағанда дейміз ғой. Әйтсе де, ойланатын мәселе, кішкентайынан мұз айдынында өмірі өтіп, тек сол айдында өзін еркін сезінетін, тұрмыстың түйткілін түсінбейтін мұндай жастарға қамқорлық өте қажет. Тіпті жүріс-тұрысын қадағалап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адамдарды тағайындап бергенде алтын басы аман жүрер ме еді?!

Ал қатарынан озып туғандар да, қамқорлықты қажет ететіндер аз емес. Соның бірі – Чайковский атындағы VIII халықаралық жасөспірімдер байқауының І орын иегері, Генуяда өнер көрсетіп, «қазақстандық Паганини» атанған халықаралық конкурс­тардың жеңімпазы, аса талантты скрипкашы ­Руслан Тұрынтаев. Ақмола өңіріне танымал марқұм журналист Моисей Гольдберг көзі тірісінде осы баланың Мәскеудегі оқуына ақша іздеп талай табалдырықты тоздырып, қаражат сұрап, күйінгенде «мен еврейдің емес, қазақтың баласына сұрап жүрмін ғой» деп қамығатын. Ол кісінің де өткеніне үш жарым жылдан асты. Руслан жеті жыл Мәскеудің музыка мектебінде оқып, содан консерваторияға түсіп, оның соңғы курсында Швейцарияның Лозанна қаласында музыка академиясына шақырту алды. Талантты баламыздың алтын басын қадірлемей жүрген өзіміз ғана. Әйтпесе, Мәскеуден бастап Еуропа, Азияда үкілеп отырған талантты скрипкашыға мемлекетіміз қаражат бөліп, тұрмыстық жағдайын жеңілдету үшін әрекет етуге болады ғой. Швейцарияға оқуға түсерінде 80 адамның ішінен таңдап алған ондықтың басында тұрған баланың оқуы арзан емес. 800 доллар жатын орнына, 500-600 доллар тамағына ғана кетеді. Бұрындары 8-9 сағатқа дейін даярлық жүргізетін музыкант бүгінде 5-6 сағат уақытын скрипкаға арнайды. Осыдан кейін өзіңіз де біле беріңіз, таланттың бір серігі табандылық пен еңбек екенін.

Руслан Ресейдің үлкен қалалары – Санкт-Петерборда, Мәскеуде, Новосібірде атақты оркестрлермен бірге өнер көрсетті. Осы күнге дейін «Астана Опера» төрінде өнер көрсетудің ретін келтірмей жүрген Мәдениет министрлігінің қызметін қалай түсінуге болады?

Ендігі бір жарық жұлдыздың аяқ астынан жарқ ете қалғаны естеріңізде болар. Ол – Иманбек. Жарқыраған күлкісімен банктің жарнамаларында жүр. Ол да күнкөріс қой. Алайда оның талантын ұштап, шығармашылық кеңістігін көркейтетін кімдер дегенде күмілжіп қаламыз. Талант асыл тас сияқты. Оны аршып алып, жарқыратып, нағыз жауһарға айналдыратын тиімді менеджмент болуы керек. Мемлекеттің осындай таланттыларға арналған бағдарламалары болып, қолтығынан демеп жүретін мүмкіндігі болғаны қандай тамаша?!

Білетіндер айтады, музыка жер бетіндегі барлық адамдарға аудармашысыз жеткізілетін, жақсы түсінетін сөз екен.

Қазақтың ғана емес, әлемнің өнер аспанына жарқырап шыққан Димаш әлі де бар талантын ашып, сан сипатын көрсете қойған жоқ. Оның да зергері болуы тиіс. Жұлдыздың жарқырап жануына мемлекет неге араласпайды? Қажет болса мықты продюсерлер тапсын, қаржыландырсын, ерекше талантын бар қырынан көрсететін ән шығаратын авторлар мен клип түсіретін мықтыларды тартсын. Оның бәрін қамтуға бір Димаштың таланты аз, егер мемлекет кешенді түрде қолға алмаса, алтын дауысты баламыздың тауы шағылып, қайран талант қор болуы да ықтимал.

Жалпы халықтың классикалық музыкаға құштарлығы, оны түсініп, бағалауы кемшін. Себебі ауыл-аудандардағы мәдениет үйлері бар болса, оны мүмкін халық өнерпаздары ұстап тұруы әбден мүмкін. Олардың өзі де тойдан нәпақа тауып, күнкөрістің соңында жүруі – белгілі жайт. Ал классикалық дүниелердің иелері облыстық филармониялар ел аралап, концерт қойып жатқаны шамалы. Байқағанымыз, мемлекеттің қыруар қаржысына танымал емес, кішігірім топтар шетелге шығып, «Қазақстанды танытамыз» деп ала шапқын болады екен. Мемлекеттің қаражатымен, қолдауымен. Ал сол шетке ұшқан қаражаттың жартысын үнемдеп, ауыл-ауылдарға барып, неге халықтың классикалық дүниеге деген талғамын тәрбиелемейді?!

Қайсыбірін айтайық. Бағаланбай кеткен бағланның бірі 47 жасында дүниеден өткен Ерік Құрманғалиев болатын. Таңғажайып дауыс иесі «КСРО- дағы №1 контртенор» атанды. Кеңестік вокалдық педагогика осындай дауыс иелерін бұрын-соңды болып, оқытпаған да еді. Осындай ерекше дауыс иелерін педагогикалық, методикалық әдіс-тәсілдерін зерттеу, оқу процесіне енгізіп, контртенорларды тәрбиелеу Еріктен кейін басталды. Қыршынынан қиылған талант дүниеден өткенде жанашыры болмағандықтан, жарты жылға дейін жер қойнына бере алмаған. Артында іздеушісі болмаған соң сондағы достарының қолдауымен денесін өртеп, қазіргі күнде Ваганьков қорымында Үлкен театрдың әншісі Галина Нечаеваның моласына қойған. Ерекше дауыс иесінің кіндік қаны тамған Құлсарыны айтпағанның өзінде қазақтың иен даласынан әншінің күлі салынған қыш құмыраны қоятын бір қарыс жер табылмады дегенге кім сенеді?!

Жақында Қытай елінің ең шебер бишісі атанған бірнеше халықаралық би байқауларының лауреаты Шұғыла Сапарғалиева жеке кәсіпкер болып кетіпті деген әңгіме естідік. Рас болса, өкінішті екен. Қазақ биі академиясын ашып, тәлімін жалғастырудың орнына бар таланты мен күшін күнкөріске салса, оның артында да мемлекеттің немқұрайлығы тұрғанын айту керек.

Айта берсек, тек өнерде емес, ғылымның барлық саласында, әдебиетте болсын жарқырап тұрған жастарымыз жоқ емес. Олардың жарқырап жанып, қазақ атын аспандатуы үшін алдымен қамқорлық керек. Олар көбейген сайын халықтың «алтын қоры» артып, абыройы да асқақтай түсері анық. «Қазақстанды танытамыз» деген алашапқын, қажеті аз қадамдар тыйылып, талантты ұл-қыздарымыз барша адамға ортақ тіл – саз сөзімен сөйлеп, жер шарының тұрғындарын жақындата түсетін едік.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button