Жаңалықтар

АРДАГЕР АРМАНЫ

Без-имени-1

Уәде бойынша тура сағат онда қоңырау шалдым. Есікті келіні ашты. Айнұр:

– Атам таңғы асқа жаңа отырды, дастарқанға келіңіз! – деді жол сілтеп.

  Амандық-саулық сұрасқан соң ардагер қарт: «Балам, таңғы ас қой, дәм тат!» деді. Отырдым. Ойым – шәй үстінде ақсақалды сөзге тартып, әңгімеге  дайындап алу.

– Соғысқа 42-жылы аттандым. Ол кезде әлі оқып жүрген жас баламыз, – деп бастады әңгімесін Әзімбай ақсақал.

«…Содан Саратов облысының Пугачев қаласында тұрған жаяу әскер бөліміне келдік. Сол жерде бір-екі ай әскери дайындықтан өткізді. Уақыт тар, қысылшаң кез. Жертөле жатақ, күн суық. Жерге сабан төсеген, соның үстінде жатамыз. Өзім – оңтүстіктің баласымын. Тісқақты бола қоймаған жас кезіміз. Ауыр тиді. Қысқасы, не керек, Саратовтың сақылдаған аязында аяқ-қолымды үсітіп, жүре алмай қалдым. Мен сонда қалдым да, қалған жігіттерді түгел майданға әкетті.

Бір айдай емдеу бөлімінде болып, бәшпайларыма операция жасаған соң, мені кейін қайтарды. Елге кеп, әке-шешемнің қасында бір апта болдым ба, болмадым ба – военкоматтан адамдар келіп, Тәшкент қаласындағы әскери госпитальге апарды. Тәшкент бізге жақын ғой!.. Бір-екі апта емделген соң, денсаулығым жақсарып, аяғым да жазылды. Тәшкенттің арғы жағында Вревский деген станса бар екен. Тіпті, үйге де жіберместен, бірден сонда әкетті!..».

Ардагер қарт Вревский стансасында 2-3 ай қайта дайындықтан өтіп, байланысшы мамандығын алады. Сол жерден қайтадан майданға аттанып, 1943 жылы Қызыл Ту орденді 156-байланысшылар полкына түсіп, соғыстың соңына дейін өз қызметін абыройлы атқарады.

«…Ордер өзенінен өту үшін Беларусь майданы шабуылға бір ай дайындалды. Шабуыл таң қараңғылығында басталды. Дүрсін-дүрсін атылған зеңбірек дауысы жер жарып, түн күндізгідей жап-жарық боп тұрды!..

Берлинге жақындаған сайын фашистер өршелене қарсыласты. Біздің міндетіміз – байланысты үзбеу. Кейде тіпті үзілген кабельді пышақпен кесетін уақыт таппай, тісіңмен аршисың. Содан, міне, түк қалмады!» деді қарт жасанды тістерін алып…

Қазақ жауынгері майдан жолын Белоруссиядан бастап Варшава, Лодзь, Вроцлав, Познань, Франкфурт қалаларын азат етуге қатысады. Жорық сапарын Берлинде аяқтайды. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін  Қызыл жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады.

«…Соғыс біткен соң екі жыл Баку мен Тифлис қалаларында әскери борышымды өтеп, елге 1947 жылы оралдым.

Менен бұрын майданға аттанған туған ағам сұрапыл соғыста мерт болды. Егер мен де көз жұмсам, әулет оты біржола сөнер ме еді?! Төрт ұл, төрт қызым бар. Құдайға шүкір, қазір солардың арқасында 27 немере, 51 шөбере сүйіп отырмын!..

Ендігі тілегім – кейінгі ұрпақ мұндай соғысты ешқашан көрмесін! Елім өсіп, гүлдене берсін! Бар арманым – осы!» деді ардагер қарт әңгімесін түйіндеп…

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button